Ғасырдан асқан ғибрат: Мәртебелі мектепке – 105 жыл

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласындағы терең тарихи тағылымы бар Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің ағарту саласындағы қызметіне биыл бір жүз бес жыл. Өмірде керемет қасиеті бар танымал тұлғалар болады. Олар қымбат бағалы қазынаның құпиясын ашатын алтын кілт сияқты. Көмбе сандықтың сиқырлы құлпында адами құндылықтардың ерекше асыл қасиеттері жасырынған. Көзі ашық, көкірегі ояу сол керемет жандардың бірі де бірегейі киелі құт мекендегі жұртшылықтың сауатын ашып, санасын ізгілікті ілім сәулесімен нұрландыру үшін алғашқы білім ошағын ұйымдастырды.

Талай уақыттың өзгермелі сынындағы қиындықтар мен кедергілерді қара нардай қайыспай көтерген қара шаңырақ кейіннен орта білім беретін мемлекеттік мектепке айналды. Енді міне биылғы күзде жаңа дәуірдің тиісті талаптарына бейімделген алтын ұя ретінде ғасырдан асқан биік белесін бағындыруда.  

Дильбар Абдуразаковна ДИЙМЕТОВА, 1972 жылғы қараша айының 16-ы күні дүниеге келген. 1994 жылы Өзбекстан Республикасының Сырдария облысындағы Гүлістан мемлекеттік университетіндегі филология факультетін тәмамдаған. Жоғары кәсіби білімді өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1994 жылы еңбек жолын Түркістан қаласындағы Хамза атындағы №2 жалпы орта мектептің ұстазы ретінде бастады.

Кейін осы білім беру ұйымы директорының бастауыш сыныптар бойынша, тәрбие ісі жөніндегі, оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен адал атқарған. 2020 жылғы желтоқсан айында педагогикалық ұжымның жетекшілігіне тағайындалды. Педагогика саласындағы елеулі еңбегі мен қажырлы қызметі түрлі құрылым басшыларының тарапынан лайықты бағаланып, Құрмет грамотолары және Алғыс хаттармен марапатталған. “Алтын жүрек” төс белгісінің иегері.

БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАР. Саиднасыр Миржалилов атақты қайраткер, жаңалыққа жаны құмар, зиялы адам ретінде кейінгі ұрпақтар үшін өнегелі өмірімен үлгі. Ол өткен жиырмасыншы ғасырдың басында есімі елге белгілі Фитрат, Шолпанмен достық қарым-қатынаста болған. Заманының жетік зиялыларынан Х. Ниязиді үйінде паналатып, туындыларының жарық көруіне көмек берген. 1918 жылы құрылған Түркістан халкы үкіметінде қазынашы уәзір ретінде қатысқан.

С.Миржалилов 1884 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Жағдайы төмен отбасында туғанына қарамай, ақылдылығы, еңбексүйгіштігі, тынымсыз ізденісі арқылы сауатын ашып, орыс тілін жетік меңгереді. Жай дүкеншіден, ірі кәсіпкер, танықты саудагер байға айналады. 1914 жылы мақта зауытын құрады. Адамдар электрден хабарсыз кездері, яғни оны «Шайтан шырақ» деп жүрген кезеңде ол оны ақылмен пайдалана білген. Қолынан газет-журнал түспейтін, кітапты көп оқитын. Оның үйіне Қырым, Қазан, Орынбордан және Бакудан шығарылатын түрлі басылымдар үнемі келіп тұрған. Жеке кітапханасында Пушкин, Лермантов, Толстой шығармалары болатын.

1917 жылдан саясатқа да араласа бастайды. Қазан төңкерісінен кейін ол Ташкентте ұйымдастырылған «Шураи исламия» ұйымының белсенді мүшелерінің бірі болды. Тапқан табысының көп мөлшерін ұлттың дамуына, ағарту жолына жұмсайды. Ташкентте «Түркістан» сауда орталығын құрады. Одан түскен пайда есебінен «көмек» ұйымы аркылы дарынды жастарды Германия және басқа да шет елдерде оку үшін жіберуде үлесін қосып отырды. «Атырау баспасы» жұмысын жандандыруға көмек берді.

Мектептің негізін қалаған ағартушы ұстаз замандастары жазып қалдырған естеліктер бойынша орта бойлы, түсі каралау, көздері үлкен екен. Өте ақылды, жүрегі таза, жомарт жан ретінде ескіше әрі жаңаша сауаттылығымен көптің сый-құрметіне бөленіпті. Сол кезеңдегі жазықсыз қуғын-сүргін оны да айналып өтпеді. Зиялы, еңбексүйгіш, халыкшыл азамат 1924 жылғы желтоқсан айының 12-і күні тұтқынға алынып, Словецк аралындағы түрмеге жіберілген. Үш жылдан соң жазасын өтеп шыққан бойда туған жеріне қайта оралады. Бірак үкімет басындағыларға іс әрекеті ұнамай, 1932 жылы қайтадан бес жылға абақты торына қамалады.

1937 жылы қапастан босап шыққан бойда тағы да тұтқындалып, қазан айында атылыпты. Осылайша қарапайым халықтың құрметіне бөленген ардақты жан кеңестік жүйенің құрбанына айналды. Оның мүрдесі қайда жерленгені бүгінге дейін беймәлім. Құпия құжаттарда нақты дерек жоқ. Бай тарихқа ие бұл киелі білім ордасы – мындаган шәкірттерді тәрбиелеп шығарған қара шаңырақ саналады. Себебі осы мектептен қаншама зиялы қауым өкілдері мен көрнекті ғалымдар және түрлі мамандық иелері білім алған. Қазіргі кезде де қаншама ұл-қыздар заман талабына сай оқып жатыр. Адам үшін нан қандай қастерлі болса өскелең ұрпақты ізгілікке жетелеген білім ошағы мен мектептің алғақшы негізін салған ұйымдастырушыларға қоса жеткіншектерді биік белестерге бастаған бүгінгі ұстаздар қауымы да жоғары бағаға ие.

АЛҒАШҚЫ МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМ МАМАНДАРЫ

Ол 1914 жылы Түркістанда екінші (бірінші зауыт Юно есімді еврей байдікі болатын) зауыт ашты. Саиднасыр бай сол кездері отыз жаста еді. Сондай-ак Саиднасырбай ауласының бір шетінен мектеп салдырған. Ағарту ошағына Орынбор не Қазаннан Шакиржан есімді татар мұғалімді отбасымен көшіріп әкеліп, жұмыс берген екен. Николай патша Ресей империясының құрамындағы Орта Азияның мұсылман ұлттарын сауаттандыратын орындар  ашуға рұқсат бермеген. Алайда қалада орыс мектебі болатын, мұнда кызыл әскерлердің балалары окитын. Кейбір жергілікті отбасылар ұл-қыздарын осы мектепке беретін.

Мектеп үлкен бір бөлмелі болып, онда ұзын-ұзын парталар қойылған. Осы бөлмеден ішке қарай, мұғалімнің бөлмесіне кіретін есік болатын. Егерде патшаның өкілдері тексеру жүргізсе, мұғалімге хабар беретін және мұғалім әйелі Абыстаймен екеуі ішкі бөлме кіріп жасырынады екен. Мектепте үлкен шапанды, сәлде ораған, қолында ұзын шыбығы бар бір халпа (оқытушы) да болатын. Оны көрген адамдар бұл мектепті ескіше дәріс оқытатын орын деп ойлайтын. Мектепте ана тілі, есеп, география, тарих пәндерінен бастапқы ілімді үйрететіндіктен барлық оқулықтар татар тілінде жазылған екен.

Кітаптар арнайы түрде сонау Қазан және Орынбордан жеткізілетін көрінеді. Байлардың балалары оку үшін ақша төлейтіндіктен соның есебінен Саиднасыр  жалданушы мұғалімнің жалақысын төлеп тұрған. Шәкир ұстаз білімді, ақылды, жарқын жүзді, сабырлы адам ретінде сипатталады. Бұл мектеп қызылдардың патша билігін құлатқан төңкерісінен соң 1918 жылы жасырын окытудан, біржолата ашық әрі еркін білім беруді бастайды.

Ресми рұхсат берілгеннен кейін бұрыштағы сыныптардан сырттағы үлкен терезелері көп көркем бөлмелі ғимаратқа көшкен. Түркі халықтарының рухани астанасы саналатын қасиетті құт мекеннің киелі топырағында дүниеге келіп, даңқы барлық атырапқа танылған көптеген зиялы тұлғалардың осы бірінші мектепте білім алып, жан-жақты сауатын ашқанын мақтанышпен айтамыз. Ұлт жанашыры атанған ағартушы тұлға Саиднасыр Миржалилов тарихы бай, тағылымы терең шежірелі шаһарда міне осындай білім шаңырағының іргетасын қалаған.

КӨНЕ БІЛІМ  ОРДАСЫНЫҢ КЕРУЕН БАСШЫЛАРЫ

Зуфар Бадилов – мектептің бірінші басшысы, халыққа білім берудің жанашыры. Зуфар Бадилов 1918-1924 жылдар аралығында директорлық қызметін атқарған. Абдумуса Заманбаев: 1925-1934 жылдар аралығында Хамза (Калинин)  мектебінде директор қызметін атқарған. Зайниддин Васидов: 1935-1942 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін атқарды. Хашим Муминов: 1943-1946 жылдар аралығында мектеп директоры болды. Нурбадал Мамадраимов: 1946-1947 жылдарда мектеп директоры болып қызмет жасады. Аҳмад Анарбаев: 1947-1953 жылдарда мектеп директоры қызметін атқарды.

Раим Ғафуров: 1954-1957 жылдарда мектеп директоры қызметін атқарды. Баратов Паччахан: 1957-1973 жылдар аралығында мектеп директоры болды. Абдухошим Жумадуллаев: 1973-1992 жылдар аралығында мектеп директоры болды. Гулнора Мирзаметова: 1992-2003 жылдар арлығында директор болды. Мухамеджанов Замир Алимович: 2003-2020 жылдар аралығында мектепте директор қызметін атқарды. Дильбар Абдуразаковна 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап директорлық қызметін атқарып келе жатыр.

Бір жүз бес жылдық тарихы бар мектепте ақ халатты абзал жандар, академиктер, әскери қызметкер, профессорлар, ақындар, өнерлі жандар, кәсіпкерлер, спортсмендер, кеңес одағының батырлары, мемлекеттік қайраткерлер, ұлағатты ұстаздар, әншілер, актер мен актрисалар, менеджер сияқты сан алуан мамандықтың иелері осы мектепке қарыздар. Себебі олар осы қара шаңырақтан білім алып, үлкен өмірге қанат қақты. Біз адал әрі абыройлы азамат атанған барлығын да ерекше мақтан тұтамыз. 

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖЕМІСТІ ЖЕТІСТІКТЕР

Түркістан облысының орталығында биылғы тамыз айының соңында ұйымдастырылған “Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт” тақырыбындағы республикалық білім саласы қызметкерлерінің кезекті кеңесі барысында біздің мектептегі өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Юлдашева Гульбахор Абибуллақызы ҚР Оқу ағарту министрлігінің “Орта білім беру ісінің үздігі” Құрмет грамотасымен марапатталды.  

Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, өз ісіне адал, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, маңдай терін төккен басқа да мақтаулы майталман мұғалімдеріміз аз емес. Оларға жыл сайын жасалатын сый мен құрмет өскелең ұрпаққа үлкен үлгі. Жасампаз жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымыз – ұйымшыл ұжым мен шәкірттерді айтпағанда барша түркістандық әріптестеріміздің мәртебелі мерейі!

Бұрынғы оқу жылдарындағы жемісті жетістіктеріміз санамаламағанда биылғы маусым айында 73 бітіруші түлек орта білім туралы құжат алды. Бес оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, жеті білімгер «Үздік аттестатқа» қол жеткізген еді. Және екі жүз бір тоғызыншы сыныпты бітірушінің 24-і үздік аттестатпен  марапатталды. Бұл біздің ұстаздардың ұзақ жылдар бойы маңдай терінің жемісі. Жақсы біліммен, тағылымды тәрбиемен өскен ұл-қыздарымыз тәуелсіз мемлекетіміздің адами қазынасы, егемен еліміздің ертеңгі елеулі тірегі.

Дильбар Абдуразаковна ДИЙМЕТОВА,
Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін
мектептің директоры, Түркістан облысы,
Түркістан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий