Онкүндік: Тілім менің ардақты асқақтаған

Біздің білім шаңырағы биылғы оқу жылында апталық шаралардың легін бастап,   гуманитарлық пәндер әдістеме бірлестігінің «Тілім менің ардақты асқақтаған» атты  онкүндігі аясында қазақ тілін дамытуға үлес қосып жүрген тіл насихаттаушыларымен  кездесу ұйымдастырды. Елімізде қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, мемлекеттік тілді қастерлеп, мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуына атсалысып жүрген өзге ұлт өкілдері қаншама.

Оқушылардың  еліне, ұлтына, тіліне  деген  сүйіспеншілікті  арттыру, тілді  ұлттық  мұра  ретінде сезінуге, тіл мәдениетін сақтай білуге үйрету, тіліміздің қадір-қасиетін  бойларына  дарыту мақсатында мектеп оқушыларымен «Шапағат» медалінің иегері, қазақ тілін насихаттаушы ретінде танымал болып жүрген, «Сөйле» тілдесу клубының оқытушысы Алина Кан    және  «Алға, Петербург»  жобасының авторы танымал блогер, Қазақстан феноменін зерттеуші Иван Червинскиймен өте мағыналы кездесу болды.

Бүгінде мемлекеттік тілді білетін  өзге этнос өкілдерінің де үлесі артып келеді. «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті» деп санайтын тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір қазақстандықтар да аз емес. Кездесу өтілген орынның безендірілуінің өзі ерекше болды. Этноауылдың төрінде ерекше безендірілген ханның киіз үйіне кіргендей әсер аласың. Жайлаудағы «Сабан тойдың» үстінен түскендей ерекше сезімге бөленесің.

Сахна төрінде ән шырқалып, еліміздің бренді – ұлттық спорт түрлері көрсетіліп, келген қонақтардың қызығушылығын арттыра түсті. Қазақ халқының  тілін, дінін, салт –дәстүрін, егемендігін сақтау жолындағы бабалар еңбегінен көріністер қойылып, нақыл сөздер, өлеңдер оқылды. Оқушылар мен кеш қонақтары бұл шарадан  маңызды мәліметтер алып, құлағы әсем ән мен құдіретті күйлермен қанықты. Кеш барысында оқушылар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алып, қонақтарымен бірлесе Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады.

Мағжан Жұмабаев «Тіл-адам  жанының  тілмашы, тілі   кем  болса, адамның кем болғаны», – деген  екен. Тіл-тарих  тереңіне  бойлатып, өнер бұлағына  сусындататын  рухани әлеміміздің  сарқылмас  бұлағы. Мемлекетіміздің тарихи  тағдыры, мақсаты  тіл  арқылы  баянды   болмақ. Тіл-біздің  ұлттық  намысымыз, арымыз. Ана  тілімізді  қастерлеп,  құрметтей  білу-біздің  қасиетті  борышымыз. Кеш соңында қонақтар білімді ұрпақ арқасында тәуелсіз елдің тірегі де мықты болатынын, еліміздің жастарға үлкен үміт артатын және сол ел үмітін ақтайтын жастар болатынын айтып, кештің жоғары деңгейде өткізілгендігін айтып, ризашылығын білдірді.

Ұлттық рухты, еңсемізді, тілімізді көтеру  мақсатындағы осындай іргелі жұмыстар атқарып жүрген  қазақ тілін насихаттаушы азаматтармен кездесу жалғасын таба берсін деген тілектер айтылды. Бүгінгі және келешек қоғамымызда тіліміздің жанашыры болар азаматтарымыз көп болсын. Ұрпаққа қалдырар тіл мұрасы мол болсын.

Әлия Тлегенқызы ӘМІХАНОВА,
№33 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы қаласы,
Медеу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий