Физика пәнін ұлттық тағылымдармен байланыстыра оқыту

Халқымыздың бүгінгі  күнін бағалай отырып, өткен өміріне көз салу, тарихи тәжірибеден сабақ алу, мәдени дәстүрлерін, озық әдет-ғұрпын, өмір салтын зерттеу, оларды ұрпақтан-ұрпаққа  мұра етіп жеткізу ұстаздарға жүктелген үлкен міндет. Оқушыларды ұлтжандылыққа, халқын қастерлеп, еңбек етуге тәрбиелеу және адамгершілікке баулу  мақсатында күнделікті оқу-тәрбие жүйесіне ұлттық тағылымдарды енгізу кең өріс алып келеді. Физика сабағын халқымыздың тұрмыстық ерекшеліктерімен сабақтастыра оқыту оқушылардың логикалық ойлау қабілетінің дамуына, жаңа тақырыпты жеңіл меңгеруіне ынтасын дамыта отырып, сабаққа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді.

Физика пәнін ұлттық тағылымдармен байланыстара оқытуда тақырыптарда кездесетін физикалық құбылыстар, ұғымдар, заңдылықтарды  ұлттық киімдер физикасы, ұлттық ойындар физикасы, ұлттық бұйымдар физикасы, ұлттық аспаптар физикасы, ұлттық тағамдар физикасы деп  шағын тақырыпшаларға бөліп қарастыруға болады.  Осы орайда ұлттық киімдер физикасын Абай Құнанбаевтың “Ескілік киімі” өлеңімен байланыстыра отырып, сабақ мазмұнын ашуға болады:

Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен,
Тон қабаттап, кигенім — шидем шекпен,
Жейде-дамбал ақ, саңнан, жарғақ шалбар
Жырым балақ матамен әдіптеткен.
Мықшима аяғымда былғары етік,
Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.\
Үлкен кісе жанымда жез салдырған,\
Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп
Күләпәра басымда, пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстырған бар құрысқақ.
Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,
Қанжығамда байлаулы жіптен шідер,
Жарғақ жастық көпшігім жезді пыстан
Бір келісті сайманым топқа мінер.

 Өлеңде Абай өзіне  арнайы сәлем беруге келген Қаржаубай ақсақалдың киген киіміне сүйсініп, беліне байлаған кісесіне көзін қадап шығарған өлеңі. Өлеңде  Абайдың ойшыл­дық болмысы өте басым, себебі ол сол замандағы қазақтың ұлттық киімдерінің жасалу материалына, пішініне ерекше назар аударып, адам денсаулығына тікелей әсері бар екендігін меңзеген. Егер осы өлеңді физика сабағында «Жылулық құбылыстар» тақырыбымен кіріктіре отырып, физикалық заңдылықтармен, физикалық құбылыстармен байланыстыра отырып, білім беретін болсақ, әрине білім сапасының артары сөзсіз. Практика бағытталған білім оқушы жадында ұзақ сақталады және оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырады. Оқушы бойында отаншылдық қасиет қалыптасады.

Физика пәнінің мұғалімі өлең жолдарының физикалық мағынасын оқушылармен бірлесе отырып ашатын болады.

Сондай-ақ, оқушыларды ұлттық бас киімдердің тігілу пішініне назар аудартып, бас киімдердің  осындай пішінмен тігілуінің физикамен қандай байланысы бар екендігі анықталады. Оқушылар адамның басы мен бас киімнің жоғары бөлігі арасында ауа бар екендігі, ауаның жылу өткізгіштігі аз  болатынын, мұндай бас киімдер жылуды жақсы сақтайтыны туралы айтады. 

Ұлттық аспаптар физикасы

Домбыра — әрбір құрылымдық элементтердің қызметі физиканың күрделі заңдарымен түсіндірілетін акустикалық аспап. Ішек өз тербелісінің энергиясының болымсыз ғана бөлігін дыбыс толқындары түрінде шығарады. Аспаптың күшті дыбыс шығаруын былайша түсіндіреміз. Ішек өз тербелістерінің энергиясын аспаптың корпусына және ондағы ауаға береді. Сөйтіп, еріксіз тербеліс тудырады. Бұл кезде корпус пен корпустағы ауа резонансқа түседі де, ішектің шығарған дыбысына қарағанда күшті дыбыс шығарады. Физика пәнінде «Дыбыс», «Тербелістер» тақырыптарын ұлттық аспаптар арқылы терең түсіндіруге болады.

Ұлттық ойындар физикасы

Арқан тарту ойынын Ньютонның ІІІ заңы бойынша түсіндіреміз: Өзара әсерлесуші денелердің бір–біріне әсер ететін күштері бір түзудің бойымен бағытталады да, модульдері жағынан тең, ал бағыттары қарама–қарсы болады.

Асық ату ойынында дәлдік талап етіледі. Сақа қорғасын құю арқылы массасы артылып жасалады. Мұндай сақаның шік жағына құйылған қорғасын жер бетімен оңай сырғанауға және соққыны дәл қабылдауға мүмкіндік береді. Ұлттық ойындар арқылы денелердің өзара әсерлесуі, күш, масса, импульстің сақталу заңы, энергияның сақталу заңы тақырыптарын түсіндіруге болады.

Алтыбақан математикалық маятникке ұқсас модель болады. Мұнда амплитуда, жиілік, период, масса туралы ұғым қалыптасады. Еркін және еріксіз тербеліс тақрыптары бойынша оқушыларға терең мағлұмат беругеболады.

Аударыспақ. Екі адам күреседі. Ол кезде бір – біріне күшпен әсер етеді. Күш деп бір–біріне денелердің өзара әсерлесуінің механикалық өлшемін білдіретін шаманы айтады. Бұл кезде дененің массасы да үлкен роль атқарады.

Ұлттық бұйымдар физикасы

Диффузия тақырыптарын өткенде тері илеу, ыстау құбылыстарын түсіндіруге болады. Теріні бояғанда қынаны пайдаланады. Қынаны үйге әкелген соң шөп-шаламнан тазартып, жуып алады. Содан кейін тұз,  мүсәтір қосып май құяды. Сөйтіп, бір зат екінші затпен араласып, диффузия құбылысы жүзеге асады. Теріні ыстау арқылы қауға, саба, торсық, қапшық сияқты ыдыстар жасалады.

Шағылу құбылысы тақырыбын өткенде қазақтың қыз-келіншектері өңіржиек, тұмарша, шолпы, сақина, білезік, сырға тәрізді әшекей бұйымдарын таққанын және олар күннен келетін зиянды сәулелерден қорғайтыны туралы түсінік беруге болады. Сол сияқты, физикалық денелер, физикалық заттар тақырыптарын өткенде білезік – физикалық дене, күміс – зат, торсық – физикалық дене, былғары – зат екендігін түсіндіре отырып, осы тәрізді көптеген мысалдар келтіруге болады.

Ұлттық баспана- киіз үй физикасы

Киіз жүннен жасалады, жүн ылғал мен температура әсерінен ширайды да, көлемі кішірейіп, тығыздығы артады. Киіздің жылу өткізгіштігі нашар, сондықтан осы киіз үй аптап шілдеде сая, ызғырықта жылы баспана болуын қамтамасыз етеді. Қандай ыстық болса да киіз үйдің ауасы таза, салқын болуы конвекцияға байланысты. Конвекцияда жылы ауа тығыздығы кемігесін ауа салмағы жеңілдеп, жоғары көтеріледі, салқын ауа тығыздығы көп болғасын ауырлау болады да, жылы ауа орнын басатады.

Әдетте киіз үйге ақ шаңқай киіз жабады. Ол неге ақ болуы керек? Ақ киіз өзіне түсетін әр түрлі сәулелердің барлығын шағылдырады, жылуды аз сіңіреді, бұл да жазда киіз үйдің салқын болуының әсерін тигізеді. Қатты денелерде деформацияның түрлерін қарастырғанда киіз үйдің сүйегін (уық, кереге, шаңырақ, күлдіреуіш) иілу, бұралу, созылу, ығысу деформацияларына ұшыратады. Үй ағаштарын суға салып (диффузия процессі жүреді) ылғалдандырғанда иілгіш болады, темірдің балқытқанда кез-келген пішінге келтіруге болады. Киіз үйдің төбесінде жаңбыр тамшылары іркілмеуі үшін 450 шамасында иілген ағаштан күлдіреуіш орнатады. Киіз үйдің орнықтылығы (массалар центрі төмен орналасуы) барынша жетілдірілген, барлық тепе-теңдік шартына жауап береді. Киіз үйдің тіреу беті (ауданы) өте үлкен, екіншіден, ауырлық центрінен жүргізілген тік сызықтың ұзындығы тіреу бетінің радиусынан әлдеқайда кіші болады. Міне осы тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, практикалық есептер шығартуға болады.

Ұлттық тағамдар физикасы

Қазақтың ұлттық тағамдарының ерекшелігі мен құндылығы, қазақ халқының қонақжай дәстүрі туралы айта кетіп, тағамдардың жасалу жолдарының физикалық мағынасы туралы түсінік беру керек. Диффузия, температура тақырыптарын өткенде соғым етін тұздау, май жасау, қазы айналдыру, жент жасау, құрт қайнату, бауырсақ, шелпек дайындау және пісіру мысалдарын келтіруге болады.

Физика пәнін ұлттық құндылықтармен байланыстырып оқытуды  Қарағанды облыстық тарихи өлкетану мұражайына, мектептерде орналасқан мұражайларда экскурсия сабақ ретінде өткізуге болады. .Ашық сабақтар өткізгенде  физика кабинетінде көрнекілік ретінде  ұлттық киімдерден, бұйымдардан, тағамдардан тұратын шағын мұражай  ұйымдастыруға болады. 

Халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды дәріптеп, білімге ден қойып көп ізденіс жасамайынша оқыту мен тәрбиені бірге ұштастырып, ықпалдастыру мүмкін болмайды.

Жалпы алғанда физиканың кез-келген тақырыбын ұлттық құндылықтармен кіріктіре отырып оқытуға болады. Ол әрине педагогтің шығармашылығына, біліктілігіне, зерттеушілік қабілетіне тікелей байланысты. Бұл оқушы санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудің тағы бір жолы – тәрбиенің көзі. Өйткені жасынан ертегі, жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер, шешендік сөздер мен батырлар жырларын, жыраулар шығармаларын оқып, жаттап, маңызды да, құнды тұнығына қанып өскен баланың бойында еліне, жеріне, халқына адамзатқа деген сүйіспеншілігі арта отырып, ұлтжанды, намысқой, арлы азамат  қалыптасады, сондай-ақ білім сапасының да артары сөзсіз.

Сулейманова Гульжазира Омирзаковна,
Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының физика және математика пәндерінің әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий