“Ұстаз. Өнерпаз. Тұлға”: Әдеби-шығармашылық кеш

Киелі Түркістан шаһары мен Шымкент қалаларында «Ұстаз. Өнерпаз. Тұлға» атты ардагер-ұстаз Күліш Төлеуханқызының 75 жасқа толуына орай шығармашылық әдеби кеш ұйымдастырылды. «Білім беру ісінің үздігі», «Республикалық іскер әйелдер ассоциациясының», «Республикалық мұсылман әйелдері лигасының» мүшесі Күліш Төлеуханқызы білім саласында жарты ғасырдан астам еңбек еткен ұлағатты ұстаз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Баланың бойына білім мен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті» – деп ұстаздар қауымының алдына қойылған міндетті нақтылап берді. Ұлт ұстазы атанған Күліш Төлеуханқызының әдеби шығармашылық кеші еліміздің бес өңірінде ауқымды түрде аталып өтеді. Шығармашылық сапардың алғашы керуені түркілердің астанасы–Түркістан қаласынан бастау алып, шырайлы Шымкентте жалғасын тапты.

Өнермен өрнектелген өмір жолында ұлағатты педагогтің алдынан тәлім–тәрбие алған шәкірттерінің көп екенін байқадық. Республиканың түкпір–түкіпірінен жиналып, ұстазға алғыстарын жаудырса, енді бірі әдеби кеште шабыт алып өлең жолдарын арнап жатты. Түркістанда басталған «Ұстазды ұлықтаудың ұлы көші» кешінен шабыт алып, ерекше әсерленген қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұстазы Айнұр Жаппарқұлованың сиясы кеппеген өлең–жолдарынан үзінді:    

Найзағадай үні бар жарқылдаған,
Тек жүрегі тым нәзік сезіледі.
Сұлулығы сірә да сарқылмаған,
Ғажап адам алдыңнан кезігеді.
Күліш ұстаз… Қазақтың Күн апайы…
Дауысында даламның дабылы бар…
Оның үні жаныңды жұбатады,
Жанарында ғаламның жарығы бар…
Құлашын кеңге жайып тастаған мың,
Арманы аласармай өскен адам.

Күліш қызы Ақтоғай, Ақсораңның,
Тастады бір ғажайып көшке қадам…
Ұстаз үні… Әр адам жалықпасын…
Сыңғыр қаққан еліткіш ғажабына….
Алаштың аспанында қалықтасын,
Құдіретін сезінтіп қазағына!!!
Назар салып сананың сан қырына,
Жаныңа жылу беріп жұбатайын.
Жолықтырған ризамын тағдырыма,
Қазақтың қайсар қызы – Күн апайын!, – дейді Айнұр Жаппарқұлова, Күліш Төлеуханқызының ұстаздық еңбек жолының елу жылдығымен құттықтай отырып.

Іс–шара дәліздегі күбірлей ойнаған домбыраның үні мен  Amanat партиясының өкілдері, Білім басқармасы басшысының орынбасарлары, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының бас мамандары және ұстазымыздың шәкірттерінің алғы сөзімен басталды. – Әнге деген өнерім – Күләш апам, Манарбек ағам сияқты әншілер туған Ақтоғайдың киелі топырағынан, ал ұстаздық жетістігім 50 жыл ұстаздық еткен әкем Төлеуханмен, шапағат пен шарапаттың нұрын себуші әкемнің інісі Сламия Саттарұлынан, аяулы ұстаздарым Игісін Садуақасов, Өзбек Нұржанов, Төлтай Мақсұтовтардан дарыды. Саналы ғұмырымды балалармен өткізіп, олардың тәрбиесі мен біліміне арнағанымды өзім мақтан етемін. Шәкірттерімнің әрбір жетістігі менің көңілімді марқайтып, қуанышқа бөлейді – деді К.Тілеуханқызы.

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», –  деген ұлы Абайдың  айтқан «Жақсы ұстазы» Күліш Төлеуханқызы деп білеміз.  Тәңір дарытқан ұстаздық болмысынан ажырамаған Күліш Төлеуханқызы мерейлі 75 жасқа жақындаса да өзінің мамандығынан қол үзген емес. 1949 жылы Қарағанды облысының ең биік нүктесі Ақсораң шыңының етегіндегі Қызыларай ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, майданнан кейін 50 жыл педагог болған Төлеухан Әлімхановтың отбасында дүниеге келген. Майдангер-ұстаздың барлық перзенттері әке жолын қуып, ұстаздыққа бет бұрады. 

ҚР «Оқу ісінің үздігі», ҚР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Ерен еңбегі үшін», «Бірлік» медальдарының және ҚР Білім және ғылым министрлігі, қазіргі Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары, облыс әкімі, Білім басқармасының  ең жоғарғы номинациялары, «Platon» Халықаралық білім дамыту орталығының «Үздік педагог», Ташкент форумының «Ұлы дала ұстазы» марапаттарының иегері. Күліш Төлеуханқызының бойынан шыққан көркем сөздердің шеберлігі сондай, ол – бірде Абай  болып көрініп, бірде Мұхтардай өріліп, бірде Мағжандай төгілсе, енді бірде Сәкеннің «Көкштауындай» болып, оның сұлулығын өз көзіңмен көріп отырғандай, бұлттармен сырласып кетеді.

Дәстүрлі сабақ беру жүйесіне өзгеріс енгізген талант иесі Күліш Төлеуханқызының еңбегі шәкіртімен бағаланды. Болашақ ұрпақты, ертеңгі елді қалыптастырудағы Ұстаздардың еңбегіне ақиық ақын Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса төр – мұғалімдікі», – деп жоғары баға беріп кеткен. Ол оқушылар арасында  мәнерлеп оқу, мүшәйра, көркем сөз байқауларында 50 лауреатты жеңіс тұғырына көтеріп, нағыз өнер майталмандарын шыңдады.

Дәл осындай форматтағы ұстаз ұлағатына арналған әдеби-шығармашылық кештер бұрын соңды ұйымдастырылмағанын атап өткім келеді. Біз көбіне әнші, сазгер, ақын-жазушыларға арналған бенефис шараларды дүбірлетіп тойлатып жатамыз. Ал, еңбегі сіңген, ұлттың ұстазы атанған педагогтеріміздің аты киелі сахнада ұлықтала бермейді. Бүгінде соның алғашқы тұсау кесерін Күліш Төлеуханқызы бастап берді десек артық айтқанымыз болмас.

Ұлттық құндылық пен тәлім-тәрбиеге негізделген бұл кеште еліміздің білікті педагог мамандары рухани азыққа байып шықты. Сәйкесінше, педагогика саласы мен өнерді қос қанатындай қатар алып жүрген ұстаз – шеберлігімен ғана таңғалдырып қоймай, күміс көмей әнші, көркем сөз ұстасы екендігін дәлелдеп, нақышына келтіре әуелете ән шырқап, көркем сөзге жан бітіріп көрерменді тәнті етті. Әдеби–шығармашылық кештің керуені Жетісу, Алматы қаласы мен ұстазымыздың топырақ қаны тамған туған жері–Жезқазған қаласында жалғасын табады.

Лаура АЛТЫНБЕК,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық
орталығының маркетолог бас маманы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий