Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы мемлекеттік саясат отбасында және балабақшада бала өмірінің қауіпсіздігін сақтауға, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қолжетімділікті кеңейту арқылы ерте жастан бастап балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасауға, тәрбиелеубілім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыру арқылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыруға бағытталған.

 

Елімізде соңғы онжылдықта мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен балаларды қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылы мектепке дейінгі білім беруді қарқынды дамыту және оның моделін әзірлеу бойынша тапсырма берді. Осыған байланысты, 2021 жылы Үкімет қаулысымен Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі әзірленіп, бекітілді. Модель – мектепке дейінгі білім беру жүйесін кешенді трансформациялауға серпін берді.

Модельді іске асыру аясында Стандарт жаңартылды. Жаңа стандарт талаптары мектепке дейінгі ұйымдардың бағытына сәйкес өзбетінше вариативтік дамытушы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Модельде айқындалған оқу жоспарлары мен бағдарламаның икемділігін қамтамасыз ету үшін олардың мазмұны қайта қарастырылды. Үлгілік оқу жоспары педагогтерге бұрынғыдай уақытқа тәуелді болмай, балалармен тәрбиелеу-білім беру процесін күні бойы режимдік сәттерде, тек үстел үстінде емес серуен кезінде балабақша ауласында балалардың қызығушылықтарына сәйкес  ұйымдастыруға икемді.

Үлгілік бағдарлама мазмұнында педагогтердің күні бойы балаларды тәрбиелеу мен дамытуда игерілетін дағдылар, оларды игерту үшін әдістемелік әдіс-тәсілдер, білім беру әрекетін тиімді кіріктіру қарастырылған, сондай-ақ Мемлекеттік тілді игерту үшін балаларға ортаңғы топтан бастап, оқыту тіліне қарамастан қазақ тілі ұйымдастырылған әрекеті мазмұны мен «сөздік минумум» енгізілді.

Педагогтердің балаларды тәрбиелеу және дамыту жұмысы сабақ кестесімен сабақтардан балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне, мүмкіндіктеріне  сәйкес күн бойында ойын түріндегі  ұйымдастырылатын әрекеттерге ауыстырылды. Бұл өз кезегінде педагогтердің де балалардың да белсенділігінің артуына және баланы дамыту, тәрбиелеу тәсілдерін өзгертіп, осы жастағы балаларға тән «ойын әрекетіне» басымдық беруге ықпал етті.

Жаңа стандарт пен оқу бағдарламасын іске асыру еліміздің 20 өңіріндегі 39 пилоттық балабақша базасында терең зерделенді. Нәтижесінде педагогтерге арналған әдістемелік ұсынымдар мен құралдардың мазмұны пысықталды, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізу кезінде тәрбиешілерге барынша әдістемелік қолдауды қамтамасыз ететін ақпараттық ресурстарда бейне-контент қалыптастырылды.

Үлгілік бағдарламаның мазмұнын іске асыру үшін нұсқаулығы әзірленді, онда педагогтің атқаратын міндеттерінен бастап, заттық-дамытушы ортаны, тәрбиелеу білім беру процесін, күн тәртібін, ата-аналармен жұмысты ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар мен педагогке қажетті материалдар: ұлттық, қимылды ойындар, ертегілер, мобильді кітапхананы құруға қажетті материалдар, балалардың түрлі әрекеттерін ұйымдастыру бойынша бейнероликтер және аудиоматериалдар сілтемелері және басқалар берілген.

Бүгінде республиканың мектепке дейінгі ұйымдары заттық дамытушы ортаны бай, өзгермелі, түрлендіруге және де бірнеше шағын балалар топтарымен түрлі әрекеттерді ұйымдастыруға болатындай ерекше етіп ұйымдастыруда. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткері, педагог, психолог, ғалым Жүсіпбек Аймауытов өз еңбектерінде: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек, себебі балаға айтып ұқтырғаннан гөрі бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді, сондықтан балаға жақсы әдеттер мен мінездің көрінісін іспен көрсету керек», – деп баланы тәрбиелеудегі тәрбиешінің тәрбиелі болуының маңыздылығын дәлелдеген.

Сондықтан Бағдарлама нұсқаулығында баламен қарым-қатынас барысында педагогтің күнделікті өзін ұстауы, бала бақылаушы ғана емес педагогтің жақсы әдеттері мен өнегелі істерін қабылдаушы және соған еліктеуші екенін ескере отырып, педагогтің атқаратын міндеттері жан-жақты берілген. Мектепке дейінгі педагогиканың негізін салушы, ағартушы-педагог, этнограф, журналист-аудармашы Құлжанова Нәзипа Сегізбайқызы (Сағызбайқызы) «Мектептен бұрынғы тәрбие», «Ана мен бала» деген еңбектерінде мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оларға айтылатын сөздің де, көрсетілетін іс-қимылдың да орынды, тағылымды болуына мән берген.

Бала бойындағы білуге, ұғуға, көруге әуестікті тыйып тастамай, оларды бағыттап, дамытып отыру қажеттігін баланы тәрбиелеп, өсірудегі ұлттық ойындардың ерекшеліктеріне тоқтала отырып, жас баланың айналаны білуге деген құмарлығын, сөйлеуге, сұрақтар беруге бейім болатынын, сол арқылы ойы өсіп, жетілетінін айта келе, баланың ойын дамыту үшін олардың сұрақтарын жауапсыз қалдыруға болмайды» деп жазған. Демек бүгінгі күні өзекті болып отырған «баланың үнін есту» балаларға мейірімділікпен қарау, оларға мейірбандық таныту, олармен дос болу, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен дамытуда әрбір педагогтің бойынан табылатын ізгі қасиеттер болуы қажет.

Мектеп жасына дейінгі балалардың Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын игеру деңгейін анықтау үшін  мониторингті жүргізудің критерийлері мен индикаторлары, әдістері мен тәсілдері және есептеу әдістемесі қамтылған әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Жаңартылған мониторинг форматы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үлгілік бағдарламасының күтілетін нәтижесіне қол жеткізу деңгейін кеңінен талдауға мүмкіндік берді. Мониторингтің қорытынды кезеңімен мектепалды топтардың/сыныптардың 349 мың баласын қоса алғанда, миллионнан астам тәрбиеленуші қамтылды.

Институтпен жыл басынан бастап  мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды сыныптары педагогтері, әдіскерлері және басшыларына арналған: «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі білім беру педагогі»; «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын іске асыру»; «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі білім берудегі басқару және менеджмент» білім беру бағдарламалары бойынша офлайн және онлайн форматта 5000 тыңдаушы біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту сапасын арттыру, мектепке дейінгі ұйымдарды әдістемелік сүйемелдеу және тәрбиешілерге оңтайлы көмек көрсету мақсатында өңірлердегі әдістемелік кабинеттердің жанында балаларды ерте дамыту мәселелері бойынша мобильді топтар құрылды, олардың қызметіне мынадай функциялар кіреді:

1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың педагог қызметкерлеріне білім беру бағдарламаларын, әдістемелік материалдарды, оқыту әдістерін іске асыруда, мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеуде, білім беру процесін ұйымдастыру мен басқаруда, оны психологиялық қолдауда әдістемелік көмек көрсету;

2) жұмыс тәжірибесін жинақтауды, талдауды және жүйелеуді қамтамасыз ету, жұмыстың тиімді нысандары мен олардың нәтижелері туралы деректер банкін құру;

3) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту қызметінің бағытына сәйкес әдістемелік жұмыстың мазмұнын әзірлеу жөнінде шығармашылық топтар құру;

4) педагогтерге әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың әртүрлі нысандары арқылы кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік жасау;

5) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту педагогтеріне педагогикалық ұжымның және жеке педагогтердің жұмыс тәжірибесімен танысу үшін жағдайлар жасау.

Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үздік тәжірибелерін тарату үшін 79 мектепке дейінгі ұйым базасында тұрақты негізде «құзыреттілік орталықтары» құрылды. Мұнда аталған мектепке дейінгі ұйымдардың ресурстары мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мектепке дейінгі ұйымдарды сапалы әдістемелік сүйемелдеуді іске асыруға кеңінен мүмкіндік беріліп отыр.

Отбасы мен тәрбиеленушіні әлеуметтiк-педагогикалық қолдау мақсатында мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналары үшін мектепке дейінгі ұйымдарда консультациялық пункттер құрылды. Ата-аналармен жұмыстар жандандырылды, мектепке дейінгі ұйымдардың көпшілігінде «әжелер мектебі», «әкелер мектебі», «аталар мектебі» ұйымдастырылып, балаларды мектеп жасынан бастап отбасылық және ұлттық құндылықтарға баулу бойынша түрлі шаралар өткізілуде. Осы аталған шаралар Институттың әлеуметтік желілерінде таратылады және педагогтердің озат тәжірибені кез келген уақытта қолдану мүмкіндіктері бар.

Мектепке дейінгі білім беру саласында жасалып жатқан барлық қадамдар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға, әр баланың қызығушылықтарын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде олардың әлеуетін ашу және оларды толыққанды дамыту, баланың бақытты балалық шағы үшін барынша жағдай жасауға ықпал етеді.

Еліміздің қарқынды даму жағдайында білім беру жүйесі өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Сондықтан да әрқашан педагогикалық шеберлігімізді жетілдіріп, бала жүрегіне жаңа жол таба білейік. Дені сау, дербес, білуге құмар, көпшіл, білімді жас ұрпақты ата-аналармен ықпалдастықта бірлесе тәрбиелейік!

Мария ЕРМАНОВА,
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институты иректорының орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий