Әбіш Кекілбаевтың ақындық әлемі – профессор Ә.Қабыловтың монографиясы туралы

Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділет Дыбысұлы Қабылов өзінің ғылыми-зерттеулерімен қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан білікті ғалым. «Оспанхан Әубәкіровтың сатирасы», «Кәусар», «Мұхтар Мағауин прозасындағы иронияның стильдік қызметі» және тағы да басқа монографиялары қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін қамтып, танымал қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын танудағы негізгі ғылыми еңбектер болып саналады.

Бүгін біздің қолымызға тиіп отырған жаңа ғылыми еңбек – «Әбіш Кекілбаевтың ақындық әлемі» монографиясы. Бұл монография қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаевтың ақындық шығармашылығына арналған. Монография кіріспе мен қорытындыдан бөлек бес тараудан тұрады. Монографияның «Алғашқы қадамдар» деп аталған бірінші тарауында зерттеуші Әбіш Кекілбаевтың мектепте оқып жүрген кезінде жазған алғашқы өлеңдері мен мақалаларын қарастырып, олардың мазмұндық-идеялық бағдары мен көркемдік ерекшеліктеріне терең талдау жасайды.

Тарау соңында зерттеуші заңғар қаламгердің бұл кезеңдегі өлеңдерін «Ә.Кекілбаевтың мектеп қабырғасында жүргенде жазған өлеңдері де түрлі тақырыптарға арналғандығын білеміз. Барлық жас талапқа тән тіршілік тыныстары мен көңіл әуендері сыршыл өлең болып төгіледі. Тырнақалды өлеңдерінде де мақалаларындағыдай, ауыл өмірінің түрлі жақтарын пайымдаған сыншылдық сарынды көреміз. Мысалы, фельетон ыңғайында жазылған «Енді қайда барамыз?» деген топтама өлеңдерін ауылдағы кітапхана мен клубтың жайын сипаттаған сатиралық репортажға жатқызуға болады» деп маңызды тұжырымдар жасайды.

Монографияның «Ақын өлеңдерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері» атты екінші тарауын зерттеуші іштей бірнеше тараушаларға жіктеп, әр тараушаны Әбіш өлеңдерінің бірінші жолымен атап, көтерген тақырыптары бойынша топтастыра талдайды. Мысалы, «Шабыттың шаңқан аты арындамақ…» (Ақындық, шабыт қайнары), «Махаббаттың мен де нөсер бұлты едім…» (Жастық шақ, ғашықтық жырлары), Өстім қырда, қиырда, Естімей орман шуылын…» (Табиғат пен туған жер келбеті), «…Ерте есейтіп кеткен еді мені де»(Сұм соғыстың қасіреті), «…Жан-тәніммен етіп бағам құлшылық» (Дін мен иман жыры), «Өмір деген – жәрмеңке, Келдің екен, көріп кет…» (Өмір, заман, қоғам жайлы).

Соңғы тарауша «Шағын поэмалары» деп аталған. «Ә.Кекілбаев өзінің ешбір шығармасына «поэма» деп атау бермеген. Оның эпикалық поэзиясы туралы айтқанда ақынның «Аспан жырлайды» және «Махамбет» атты ұзақ өлеңдерін осы санатқа жатқызуға болады. Кейбір зерттеушілер «Әке» деп аталатын ұзақ өлеңін де шағын поэмалар қатарына қосып жүр» дей отырып зерттеуші Әділет Дыбысұлы «Махамбет», «Аспан жырлайды» шығармаларының құрылымына, авторлық баяндаулар мен ондағы идеяларға ерекше назар аударып, ақынның табиғатқа да тіл бітіріп, жаратылыстың сан алуан нысандарын образбен берудегі шеберлігін зерделейді.

«Аз сөзге көп мағына сыйғызу, сөз құдіретін түсіну, образды сурет жасау, тілсізге тіл бітіру сынды ерекшеліктер Әбіш өлеңдерінің көркемдігін байытқан», – деп нақты мысалдар арқылы ғылыми тұрғыда жоғары баға береді. Үшінші тарау «Поэтикалық дәстүр: ақын тұлғасы және лирикалық кейіпкер». Мұнда автор Әбіш Кекілбаев поэзиясындағы лирикалық кейіпкер образын қарастырып, оның өткен жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясындағы поэтикалық дәстүрлермен сабақтастығын саралайды, лирикалық кейіпкердің автор образымен және шығарма идеясын тасымалдаушы кейіпкерлер образдарымен арақатынасын айқындайды.

Әбіш Кекілбаев поэзиясындағы лирикалық, бейнелік образдарды қарастырғанда зерттеуші оларды мынадай көркемдік позицияларға бөліп, әрқайсысына жеке талдау жүргізеді: ақынның дара өзі (лирикалық кейіпкер – автордың өзі); өзі тектес жандардың көңіл күйін беруші жиынтық тұлға; шығармада кездесетін лирикалық субъект; туындыдағы оқиғаға қатысты сюжеттік кейіпкер. Тарауды «Жазушы шығармашылығы оның ғұмырнамасымен тығыз байланысты. Яғни, ақын өлеңдері – оның ғұмырнамасы деуге негіз де, хақымыз да бар.

Жалпы лирикалық «мен», лирикалық кейіпкер және ақын тұлғасы, өзара қарым-қатынасы жайлы пікір-тұжырымдар, қағидалар олардың бірлігін жоққа шығармайды. Бұл айтылғандардың бәрі де «субъект» болса, лирикалық бейне олардан бөлекше қалыпта, яғни ол – объект» [64,334], – деп өз ойларын әдебиет теореяшысы академик Зейнолла Қабдоловтың пікірімен түйіндейді.

Төртінші тарау «Өлең өрнегіндегі күлкі құбылыстары». Бұл тарауда ғалым зерттеуші Ә.Кекілбаевтың суреткер ретінде қалыптасуындағы, шығармашыл тұлға сипатында өсу жолындағы алғашқы баспалдағы ретінде де, көңіл хошымен ара-тұра болса да, үзбей өлеңмен сырласып келе жатқан кемел таланттың шығармашылық стихиясының бір қыры ретінде де ақын өлеңдеріне назар аударып, олардағы әсерлі әзілдерінің табиғатына зер салады.

Соңғы тарау «Абылай хан» – ерлік пен елдік дастаны». Мұнда зерттеуші ғалым Әділет Дыбысұлы жырмен жазылған пьесаның идеялық желісін, бас кейіпкер Абылай хан мен басқа да кейіпкерлер бейнесін сомдаудағы қаламгердің сұңғыла шеберлігін, дәуір көрінісін ашудағы көркемдік тәсілдерді кең түрде саралай отырып, «Абылай хан» дастанының тәуелсіздік кезіндегі қазақ әдебиетінің, оның ішінде ұлттық драматургиямыздың шоқтығы биік бір белесі ретінде әдебиет тарихынан маңызды орын алатындығын теориялық тұрғыдан пайымдап дәлелдейді.

Осылайша автордың бұл зерттеу еңбегі Ә.Кекілбаевтың поэзиялық шығармашылығына терең бойлап, тұщымды ғылыми пайымдаулар жасаған еңбек екендігі даусыз. Зерттеу материалының теориялық негізіне жазушының әр жылдары жазылған поэзиялық шығармалары алынған. Солардың негізінде жазушының поэзиялық шығармаларының тақырыптық-идеялық, көркемдік ерекшеліктері талданып, әдеби-теориялық тұрғыдан зерделенген. Ақын және заманы, қоғам мен адам, ақын тұлғасы мен лирикалық кейіпкер, өлеңдегі күлкі иірімдері секілді мәселелер әдеби-теориялық тұрғыдан сараланған.

Зерттеу барысында ақын поэзиясының көркемдік ерекшеліктерін танытатын, ақынның қалыптасу кезеңіндегі шеберлігінің сырын түсінуге септесетін әдеби талдау, тарихи-функционалдық, психологиялық, салыстырмалы-тарихи зерттеу әдістері ұтымды қолданылған. Тарихи-функционалдық әдіс жазушының өмір сүрген кезеңінің ерекшелігіне орай өлеңдерінің идеялық сипатын, тақырыптық ауқымын, ондағы заман көріністерінің сырын пайымдауға мүмкіндік береді. Психологиялық әдіс автор мен лирикалық кейіпкердің ішкі әлеміне барлау жасап, олардың күйініш-сүйінішінің сырын тануға септеседі.

Зерттеуші қолданған герменевтикалық әдіске сүйеніп, қаламгер поэзиясының идеялық-тақырыптық мазмұнын ұғына түсеміз. Сол арқылы авторлық концепцияның мәнін ұғынып, шығарма өзегінде жатқан ой арналарын танимыз. Ал салыстырмалы-тарихи әдіс Әбіш Кекілбаевтың өз замандас ақындармен үндестігін, жақындығы мен ерекшеліктерін аңғаруға мүмкіндік берген. Олар сомдаған дүние бейнесінің бірегейлік сипаттары жан-жақты ашылған. Зерттеу еңбекте жазушы Әбіш Кекілбаевтың ақындық шығармашылығының бастаулары мен эволюциялық даму бағдары, прозашылдығы, драмашылдығы, көсемсөздік талантының өрістеуіндегі ақындық негіз секілді мәселелер де назардан тыс қалмаған.

Сонымен, профессор Әділет Дыбысұлы Қабыловтың бұл жаңа монографиясы қазіргі қазақ әдебиеттануы мен Әбіштану саласындағы сүбелі зерттеу еңбек деп айтуымызға толық негіз бар.

Жоламан ҚОБЛАНОВ,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университеті
«Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий