Кәсіподақ мүшелерінің мүддесі — үнемі басты назарда

Өңірдегі 12 аудандық, 2 қалалық, 610 бастауыш ұйымды біріктіретін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігіне 33 мыңнан астам адам мүше. Кәсіподақ ұйымдарының мақсаты — білім беру мекемелеріндегі қызметкерлердің мақсат-мүддесін қорғау, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, мұң-мұқтажын біліп, әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсету, ұжымдағы еңбек дауларын оңтайлы шешу, еңбек адамының құқығының қорғалуына әркез көмек беріп, қолдау көрсету.

Еңбек етіп жүргендердіңмүддесін қорғайтын кәсіподақ қай кезде де сол ортаның тыныс-тіршілігін жақынырақ білуге тиіс. Ендеше, білім саласы қызметкерлерінің жоғын түгендеп, мәртебесі мен мүддесін ойлайтын облыстық ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Осы орайда біз «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серіковамен әңгімелескен едік…

Әлеуметтік әріптестік. Раушан Серікованың айтуынша, салалық кәсіподақ ұйымы облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, оқу орындарының басшыларымен, яғниәлеуметтік әріптестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп отыр. Мәселен, 2021 жылдың наурыз айында облыстық білім басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі арасында 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы келісімге қол қойылды.Бұл құжаттың мерзімі ұзартылып, 2024-2026 жылдарында да қолданылады.

— Нәтижесінде өңір педагогтерін толғандырған мәселелер кәсіподақ дейгейінде оң шешімін тауып келеді. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 12-бабына сәйкес педагогтерге тиесілі әлеуметтік кепілдіктер бойынша әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп жатыр. Ұстаздар уақтылы жалақысын алып отыр. Маңызды құжатта пандемия кезінде туындаған мәселелердің де шешімі қарастырылды. Кәсіподаққа мүше кез келген педагог осы құжатта көрсетілген әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана алады, — дейді Раушан Серікова. Оның айтуынша, облыстық келісімде кәсіподақ мүшелері үшін бірқатар қосымша артықшылықтар бар.

— Мәселен, жұмыс берушілердің келісімібойынша күзгі, қысқы және көктемгі каникул кезеңінде емделіп, сауықтыруға жіберілетін педагогтердің жалақысы төленеді. Қызметтік бөлмелерді тазалаушыларға 6 күн мөлшерінде қосымша ақылы еңбек демалысы, жақын туыстары қайтыс болған жағдайларда 3 күнге дейін ақылы демалыс беріледі, — дейді Раушан Серікова.

Тараптардың саладағы әлеуметтік проблемаларды жүйелі шеше білуі, өзара мүдделерге оң көзқарас білдіре алуы нәтижесінде облыста әлеуметтік әріптестіктің нақты әрі сапалы жүйесі қалыптасып отыр.

Заңгерлер көмектеседі. Білім беру қызметкерлерінің арасында кәсіподақтың екі заңгері зор беделге ие. Себебі олар соңғы жылдары ауқымды жұмыстар жасаған. Раушан Серікованың айтуынша, соңғы бес жыл ішінде кәсіподақ заңгерлері 8712 өтінішке құқықтық кеңес берген. Мәселен, бес жыл бұрын 846 қызметкерге құқықтық кеңес берілсе, былтыр оның саны 2221-ге жетіпті.

— Соңғы кездері WhatsАpp,Facebook, Instagram желісі арқылы келетін жазбаша өтініштер, дауыстық хабарламалар саны артып отыр. Кеңес беруден басқа, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығының әртүрлі мәселелері, сондай-ақ азаматтық, отбасылық, қылмыстық және тағы да басқа өтініштері бойынша белсенді жұмыстар жүргізіледі. Біздің ұйым кәсіподақ мүшелерінің экономикалық құқықтары үшін күресіп, бес жыл ішінде олардың жалпы 152 миллион теңгеге жуық ақшасының қайтарылуына ықпал етті.

Мысалы, 2019 жылы Талдысай орта мектебінің қызметкерлеріне жалақы төлеуде сол жылғы маусымдағы өсім ескерілмей, кәсіподақтың араласуынан кейін қызметкерлерге 514 мың теңге төленді. Сондай-ақ 2020 жылы кейбір аудандарда қаржыгерлер педагогика ғылымдарының магистрі үшін қосымша ақы 2020 жылдың қыркүйегінен бастап төленуі керек деп есептеген болатын. Кәсіподақтың араласуының арқасында Әйтеке би, Қобда, Темір, Байғанин, Мәртөк, Шалқар аудандарында мектеп педагогтеріне 5 миллион 954 мың теңге төленді.

2022 жылы педагогтерге іссапарларларға қатысты — 18 миллион теңге, Мәртөк ауданында 14 миллион 813 мың теңге көлемінде берешекті қайтаруға қол жеткізілді, — дейді Раушан Серікова. Салалық кәсіподақтың араласуымен қайтарылған қаржының мөлшері 2019 жылы 24 миллион теңгеден, ал пандемия кезінде 54 миллион теңгеден асқан. Ал былтыр кәсіподақ мүшелеріне 8 миллионнан астам теңге қайтарылыпты. Раушан Серікованың айтуынша, бұл қаржының барлығы — жеке жұмыс берушілердің қаржылық бұзушылықтарына байланысты жұмысшыларға қайтарылған қаражат.

Сондай-ақ, салалық кәсіподақтың құқықтық қызметі Келісім комиссиясында да заңгерлік көмек көрсетеді. — Келісім комиссиялары көп жағдайда еңбек дауларын жұмысшылардың пайдасына шешеді. Мәселен, біздің кәсіподақтың заңгерлері Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушыларына көмек көрсетті. Нәтижесінде комиссия оқытушыларды жұмыста қалпына келтіру және мәжбүрлі сабаққа келмегені үшін 1 миллион 384 мың теңге төлеу туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар біздің заңгерлер Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің алғашқы әскери дайындық оқытушы-ұйымдастырушысы мен Кеңқияқ орта мектебі директорының орынбасарының мүдделерін сотта қорғады. Нәтижесінде аталған қызметкерлер бұрынғы лауазымына қайта оралып, мәжбүрлі сабаққа келмегені үшін жалақы төленді, — дейді ол.

«Кәсіподақ түсіндіреді». «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі  заман ағымына ілесіп, әлеуметтік желілерге де тіркелген. Әлеуметтік желідегі кәсіподақ парақшасына жазбалар жүйелі түрде салынып отырады. Бұл жерде «Кәсіподақ түсіндіреді» деген айдар жүргізіледі. Мұнда, негізінен, заңнамалардағы өзгерістер, еңбекке, жалақыға, басқа да әлеуметтік маңызы бар жәрдемақы, зейнетақы секілді мәселелерге қатысты түсінік беріледі.

Ал кәсіподақ заңгерлері өтініштер мен сұрақтар бойынша құқықтық-заңгерлік кеңестерге жауап береді. Раушан Серікова кәсіподақ мүшелерінің білім беру саласы бойынша толғандырған сұрақтары болса, кәсіподақ заңгерлері кеңес беруге әркез дайын екенін айтып, байланыс нөмірлерін ұсынды: 87017645482, 87088099313.

Қауіпсіздікжәне еңбекті қорғау.  «Еңбек заңдылықтарын сақтау — үнемі бақылауда», — дейді Раушан Серікова. Оның айтуынша, облыстың барлық білім  мекемелерінде кәсіподақ бастамасымен құрылған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер бар. Онда барлығы 651 техникалық инспектор жұмыс істейді. Аталған инспекторлар еңбек қауіпсіздігін сақтау және еңбекті қорғау бойынша жүйелі түрде тексерістер өткізіп тұрады.

— Техникалық инспекторлар Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің бастамасымен — 480, ал қызметкерлер бастамасы бойынша 5 тексеру жұмысын жүргізді.Тексеріс барысында қызметкерлерді оқыту және оларға нұсқау беру, ұжымдық және жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз ету бойынша 124 бұзушылық анықталды.

Барлық көрсетілген бұзушылық жойылып, еңбек жағдайын және қауіпсіздікті жақсартуға бағытталған 156 ұсыныс берілді. Жекелеген өндірістерді, цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын және жабдықтар мен механизмдерді пайдалануды тоқтата тұру фактілері тіркелген жоқ,  — дейді Раушан Серікова. Былтыр еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша барлығы 68 семинар-тренинг өткізілген.

Қолдау және көмек. Раушан Серікованың айтуынша, соңғы бес жылда кәсіподақтың 6 мыңнан астам мүшесі емдеу-сауықтыруға жіберілді. Ұйым қызметінің тағы бір бағыты — кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық жасау.

— Өмір болған соң түрлі жағдайлар болып жатады. Кәсіподақ мүшелерін қиын жағдайда қолдап, көмегімізді аямаймыз. Мысалы, үйі, пәтері өртеніп, зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне аудандық және облыстық кәсіподақ тарапынан көмек көрсетілді. «Біз біргеміз!» акциясы аясында білім беру мекемелерінде қызмет атқарып жатқан көпбалалы, аз қамтылған отбасының кәсіподақ мүшелеріне, еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге үйлеріне барып, қаржылай, азық-түліктей көмек көрсеттік.

Республикамыздың басқа өңірлерінде төтенше жағдайларға облыстық кәсіподақ есебінен қайырымдылық көмектер жіберілді. Көктемгі су тасқынынан, орман, дала өртінде зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне де көмектестік. Мәселен, 2020 жылы — Түркістан облысына, 2021 жылы — Жамбыл облысына, 2022 жылы — Қостанай облысына, 2023 жылы — Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарына, сондай-ақ өз облысымызға, оның ішінде тек Қобда, Ойыл аудандарына ғана 10 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Осы орайда салалық кәсіподақтың бастамасымен өңірімізде су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық қолын созған барша әріптестерге, республикамыздың барлық аймағындағы әріптестерге кәсіподақ мүшелерінің атынан алғысымызды білдіреміз.Сонымен қатар «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясына жыл сайын қатысып, кәсіподақ мүшелерінің көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ұйым есебінен жаңа оқу жылына дайындаймыз, — дейді Раушан Серікова.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес 2019 жылы Алматы облысында дәстүрлі педагогтердің республикалық жазғы лагеріне кәсіподақтың 5 жас белсендісі және былтыржазда Абай облысы Алакөл демалыс кешенінің аумағында өткен жас ұстаздардың республикалық лагеріне 3 жас ұстаз жіберілді.

Жыл сайын «Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау»атты жыл қорытындысына арналған салтанатты кеш өткізіледі. Сонымен қатар Тамыз кеңесі, Мұғалімдер күніне орай, Кәсіподақтар күні, Республика күні мерекелеріне орай  шаралар ұйымдастырылып, кәсіподақ төрағалары мен белсенділеріне еліміздің Кәсіподақтар федерациясының, Салалық кәсіподақтың марапаттары, үздік ұстаздарға облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақтың бірлескен Алғыс хаттары мен шипажайда емделіп-демалуға жолдамалар табысталады.

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай білім саласына үлес қосқан белсенді, үздік көпбалалы кәсіподақ мүшелеріне емделуге қаржылай көмек беріледі. Сондай-ақ Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Ауғанстан еліндегі соғыста интернационалдық борышын өтеген ардагерлер мен Семей ядролық сынақ полигонында жоғары радиация қауіпті аймағында әскери қызмет атқарған кәсіподақ мүшелері шипажайда емделіп-демалуға облыстық кәсіподақ есебінен жолдама сертификаттарға ие болады.

Ал Балаларды қорғау күніне байланысты мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының үздік педагогтері облыстық кәсіподақ есебінен шипажайда демалуға жолдамамен марапатталады. Раушан Серікованың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

— Еңбек адамының денсаулығы мен сапалы білімі, біліктілігі мен тәжірибесі — елiмiздiң баға жетпес негізгі байлығы. Себебі еліміздің дамуы қарапайым жұмысшының ерен еңбе­гінің нәтижесіне байланысты. Сондықтан кәсіподақ мүшелерінің мүддесі — үнемі басты назарда. Алдымызда бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен жұмысты нығайтуға қатысты көптеген мәселе тұр. Осы тұрғыда алдағы уақытта да баршамыз бірлесе атқаратын жұмыстар жалғасын табады, — дейді «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий