Қос халық пен қос жүректің үйлесімі

Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән беріледі. Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды оқиға. Өйткені, Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос халықтың достығы мен мәдени байланыстарының басты символының бірі».
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
(«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан)

 

Талайды аузына қаратқан, тілінде тікен тайғанаған, от ауызды, орақ тілді ақын, орыс классигі – Александр Сергеевич Пушкиннің туғанына 225 жыл. Өзі туған жер мен туған елінің, ұлттық болмыс пен рухани байлықтың не екенін жырлаған қайраткердің сөздері тек орыс халқына емес, күллі әлемге қызмет ететіндей. Абайды Абай еткен оның өлеңдері болса, Пушкинді  Пушкин еткен өмір мен өнерпаздық арасындағы азаттық жолы, адамгершілік идеялары болса керек.

Әдебиетке ауыз толтырып айтарлықтай әсемдік пен әсерлік әкелген, өз дәуірінің озат ойшылы атанған, орыс халқының әдебиетін жаңа арнаға бұрып, оны биік деңгейге көтере алды. Міне, бүгінде тура сол шығармалары екі ғасырдың ширек уақытына жетсе де ұрпақтар сабақтастығын үзбей келеді. Өлең-жырларының басты тақырыбы – еркіндікті аңсау, халқының мұңын, арыз-тілегін жырлау еді. Ол меңгермеген әдебиеттің жанрлары кемде-кем. Кез келген тақырыпта, кез келген жанрда айшықты шығармаларды дүниеге әкеле алды.

Әр қилы лирикалық өлең, әңгіме, повесть, роман, драмалық шығарма – қай-қайсысын алсаң да, шын ынта-жігер мен үлкен еңбектің жемісін байқай аласың. Оның әр шығармасы ойдың тереңдігімен, мінсіз прозасымен және жарқын бейнелерімен ерекшеленеді. Нәтижесінде Александр Сергеевич Пушкин әдебиет пен мәдениет әлемінде өшпес із қалдырды. Орыс әдебиетінің данышпан өкілінің бірі ретінде ол уақыт пен географиялық шекарадан өтіп, адамзаттың әмбебап символына айналды.

Әмбебап дейтініміз сол, ол қазақ даласына алғаш табан тіреген сәттен елдің тыныс-тіршілігімен танысып, мәдениетіне етене араласа алды. Орал тауларында жүріп, төл әдебиетіміздің жауһар қазынасы атанған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын қағаз бетіне түсіріп, өз жанында сақтады. Сол заманның көрнекті тұлғаларымен жақын араласып, хат жазысып, қазақ қоғамының хал-ахуалы үшін де алдыңғы қатарлы күрескер рөлін де атқара алды.

Дәлірек айтқанда, өмірінің соңғы жылдары жазылған «Ескерткіш» атты өлеңінде өз шығармаларын Ресейдің барлық халқы оқиды дей келе, осы өлеңнің қолжазба нұсқасында қазақ халқын да атап өтеді. Қазақ халқында Пушкиннің мол мұрасын зерттеу үлесі Шоқан Уалиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсариндердің еншісіне байланды. Олар Пушкинді ақын ретінде ғана қызықтап қойған жоқ, өз шығармаларына да арқау етті. Абай Пушкиннің «Евгений Онегин» атты туындысын жоғарғы деңгейде бағалап, оны қазақ тіліне де тәржімалады.

Бүгінде еліміздің көптеген қалаларында орыстың ұлы ақынына арналған ескерткіштер орнатылып, көшелер мен мектептерге есімі берілген. Солардың бірі де бірегейі, қазақылықтан таймай, ел тізгінін ұстар жастарды даярлау үшін қызмет етіп келе жатқан біздің білім ордасы шәкірттеріміз алтын ұя табалдырығын аттаған сәттен, жауапкершіліктің айнымас нұсқасын көрсетіп, санға емес, сапаға жұмыс істейді. Мектеп өз жұмысын бастағалы бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз қалыбынан тайған жоқ.

Білікті маман мен білгір шәкірттермен қаланған мектеп қабырғасы әсте құламақ емес. Бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, болашақ жастардың қолында екенін ұмытпағанымыз жөн. Ал, осы тұрғысында жас шәкірттерді білім нәрімен сусындату, олардың халқына деген сүйіспеншілдікке, еліне деген адалдыққа үйрету мектептердің еншісінде. Мұндай қызметті бұлтартпай орындап келе жатқан да гимназия өз шәкірттерін мақтан тұтады. Олар: Скомрохова София – «Халықаралық педагогтер және зияткерлік балалар Ғылым академиясы» «Мұғалім туралы сөз» байқауының 1-орын жеңімпазы (жетекшісі С.М. Енсепбаева), Әбілхан Қастеевтің 128 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық байқауының «Мүсін» номинациясы бойынша 3-орын иегері Классен Руслан.

«Салауатты тамақтану мектебі» Халықаралық балалар сурет байқауының жеңімпаздары, Гран-при – Минакова Виктория, бірінші орын – Бердышева Анастасия, 2-орын – Шаврель Николь, «Қысқы қиял» балалар шығармашылығының республикалық байқауының жеңімпаздары Ни София, Абай оқулары» қалалық байқауында «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» және Бердышева Анастасия (жетекшісі Ж.З. Кошкарбаева), қалалық «BALAFEST» фествалінің «Ақындар баттлы» номинациясы бойынша Нурузова Маргарита, Жүмажі Әлия 1-орын иегерлері (жетекшісі А.М. Абдрахманова), хореография номинациясы бойынша қыздар би ансамбілі 1-орын (жетекшісі З.С. Акпирова), мектептегі театр номинациясы бойынша 2 «Б» сынып оқушылары 1-орын иеленді (жетекшісі Н.Ю. Щербуова).

Спорттық жарыстар бойынша Мексика елінде Масатлан қаласында ткен таэквандо чемпионатында тағы бір мәрте Қазақстан туының желбіреуіне үлес қосқан жас спортшымыз Касанов Изят бірінші орын алып, чемпион атанды. «Баскетбол ойынының ережесі мен тарихы» атты республикалық олимпиаданың 1-орын иегері Варкентин Илья (жетекшісі К.В. Картбаева). Ұстаздар: «Зерттеу іс жүзінде» атты республикалық олимпиаданың 2-орын иегері химия мұғалімі – Б.Б. Жарасова, «Дене шынықтыру мұғалімінің теориялық бағалау дайындығы» атты республикалық олимпиаданың бірінші орын жеңімпаздары – К.В. Картбаева, А.М. Каримов және республикалық олимпиадада алғашқы қатардан көрінген Ким Диана.

Қара шаңырақтың 85 жылдығы қарсаңында ұйымшыл ұжымның жеңісі мен жетістіктері көп болуы жолында баршаңызға денсаулық, ұстаздарға – құрмет, оқушыларға – үлкен мақсатқа жету, ата-аналары балалары үшін мақтаныш болуын тілейміз.

Сабила ЕНСЕПБАЕВА,
А.С. Пушкин атындағы №4 гимназияның директоры,

Алтын АСЫЛОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі,
Алматы қаласы, Медеу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий