Бір үзік сыр

«Дүниенің көрінген не көрінбеген сырын түген деп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды», – деген ұлы Абайдың сөзіне сүйеніп, оның астарына үңілер  болсақ, адам бойына адамшылықтың қасиетін ұрығын себудің бір жолы – айналаны танып, оның сырын ұғына білу болып табылады екен. Ал осы дүниенің көрінген не көрінбеген сырын түгендеп, танып білу үшін  ең қажет  әдіс  –  туристік саяхаттарға  жиі шығып, қоршаған ортамен, оның сырларымен танысып, табиғатпен жақынырақ тілдесу.

Бұл үшін басты алғы шарт –  туризмді кеңінен дамыту. Өйткені туризм адамдардың  әр түрлі істерге қызығушылығын дамытады, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сүйе білу қасиеттерін оятумен қатар, тіпті   еліміздің экономикасын дамытуға да септігін тигізеді. Сондай-ақ, туризм өскелең ұрпақты адамгершілік тұрғыдан қалыптастырумен қатар, өз өлкесінің тарихы мен мәдениетін ұғына отырып, мәдени тұрғыдан дамуына да ықпал етеді. Осы мақсатта мектебімізде бұл саланы дамытуға үлес қосатын  шағын туристік топ үнемі қызмет жасап келеді.

Әр жыл сайын өз ауылымыздағы қыр-сыры мол мекендерге, әр түрлі тылсым дүниеге толы  жерлерге саяхатқа шығуды дәстүрге айналдырдық. Міне, сол бір сәттегі саяхатымыздан алған әсерімізден сыр шертпекпіз. Манашы сайы…  Баласының күйігіне шыдай алмай,  бұл  дүниені  тәрк еткен ананың қазасын қайыса көтеріп, бойына ел ауызында қалған аңызды құдды бір құпиядай сақтап жатқан жер. Бұл сай – Мұрын Сеңгірбекұлы жырау жырлайтын «Қырымның қырық батыры» цикліне кіретін «Манашы ұлы Тұяқбай» дастанында көрініс тапқан сай.

Ал сәл шегініс жасап, болған оқиғадан сыр шертер болсақ, Ащыағар сайдың бойында отырған ноғайлы ауылдарын ындыс қалмақтар шабады. Олар Ноғайлының ақылшысы Орманбетке бізге көн деп талап қояды. Би көнбейді. Қалмақтар оны өлтіріп, қалған он бір биді шақыртады. Он бір би қалмаққа келе жатып Манашы мырзаның үйіне түседі, оған бізбен бірге жүр дейді. Оларға Манашының анасы Күйкен ере келеді. Ащыағар сайдың бойындағы қалмақтарға он бір би: «Үш күнде қайтып келеміз, елді көндіріп келеміз» деп, Манашыны аманатқа тапсырып кетеді.

Бірақ қорқақ билер үш күнде келмей, ауылдарын жасырып көшіріп әкетеді. Қалмақтар Манашыны кескілеп өлтіреді. Оның күйігіне шыдай алмаған анасы Аралтөбе тауының бір шыңынан құлап өледі. Содан бері бұрынғы Ащыағар сайын Манашы, Аралтөбе тауы «Күйкенұшқан» аталып кетеді. Жырда айтылатын Манашы сайы қазіргі Бейнеу станциясының оңтүстік жағында теңізге жетпей тартылып қалатын ащы өзен, ал «Күйкен ұшқан» тауы аталмыш темір жол станциясының терістік батысында.

«Манашы сайы»  мен  «Күйкенұшқан» тауы туралы  жырдан оқып танысқан  туристер  Манашы сайына жақындаған сайын  толқып, ерекше әсерде болды.   Ана қазасын, билердің сатқындығын еске алып, «неге бұлай болды екен?» сұрақты  жиі қайталай бергендерін де сезбей отырған секілді…

Жақындап келіп, көліктен түскенде сарқырай аққан сарқырамаға, сайдан жылжи аққан Ащыағарға  көңіл толқынын басқанша біраз тып-тыныш үнсіз қарап тұрды. Сәлден соң ғана серпіліп, құлазыған түз, айнала көк тас болса да өзіндік бір әсемдігі мен әсері бар  айналаға көз жүгіртті. Таудан бастау алып ағып жатқан судың сылдыры айналаға өткен тарихтан сыр шерткендей.  Көрген жанға әсер қалдырар Маңғыстау өлкесінің бұл да бір ғажайыбының бірі екеніне сөз жоқ.

Туристер кезекті саяхат басын  «Есет»  елді мекеніне бұрды. Бұл ауыл да туристер үшін  ат басын бұруға тұрарлық мекен. Өйткені «Қыз әулие» аталған қорым жанында  емдік қасиеті мол ыстық бұлақ бар. Ал  «Қыз әулие» тарихы –  өз алдына бір аңыз.  Туристер үшін ең пайдалысы да қызығарлығы осы емдік шипасы бар ыстық бұлақ деп есептейміз. Судың шипалық қасиетін естіген ел республикамыздың әр облыстарынан да келіп, емделіп жатқаны жергілікті тұрғындарға аян.

«Бұл бұлақтың ерекшелігі неде?», – дейтін сұрақ қызықтырып, туристік саяхат жасаумен қатар, осы ыстық бұлақ туралы зерттеу мен мәліметтер жүргізу барысында байқағанымыз, оның артықшылығы мынада екен. Ыстық бұлақ – күкірттің бай көзі. Күкіртті  ыстық бұлақ терінің тітіркенуін және бөртпе және экзема сияқты инфекцияларды емдеуді қамтиды. Сонымен қатар құрғақ бас терісін, артрит ауруын да емдейді.

Бұл бұлақтың емдік  қасиетін білген соң, күкірті ыстық бұлақтың шын мәнісінде  де пайдасы бар ма?, – деген сұрақ әрбір туристі қызықтырғаны сонша, интернет желісінен дүниежүзілік дәрежеде мәлімет іздей бастады. Сол сәтте мына «АҚШ-та күкіртті суға малынудың артықшылықтарына қатысты түпкілікті медициналық зерттеулер болмаса да, Жапонияда, Таяу Шығыста және бүкіл Еуропада жүргізілген зерттеулер күкіртті суға малынудың терідегі бөртпелер мен жараларды және терідегі микробтар мен вирустарды, соның ішінде псориазды, дерматит, саңырауқұлақ инфекцияларын өлтіруге көмектесетінін және менопауза белгілері мен ас қорыту бұзылыстары сияқты ішкі мәселелерді емдеуге көмектесетінін көрсетті», – деген деректі оқығанымызда, өз іргеміздегі күкіртті ыстық бұлақтың емдік қасиетінің шынайылығына тәнті болдық.

Ыстық бұлақтың емдік қасиетіне тәнті болсақ та, әрқайсымыздың ішімізде  бір «әттеген-ай!» деген өкініштің тұрғанын аңғару қиын емес еді. Өйткені осы күкірті ыстық бұлақтың қасиетін шетелдіктер зерттеп, денсаулықтарын жөндеуге пайдасына асырып жатқанда, біздің сол бұлақтың қадірін білмей жатқанымызға қынжылдық. Себебі айналасында тазалық жоқ, мемлекеттік дәрежеде, тіпті жергілікті әкімшілік тарапынан да  қамқорлыққа алынбаған еді.

Неге осы мәселені қарастырмасқа деген сезімде болдық.   Бұл жер тек туристер келіп-кететін орын ғана емес, соған қоса шипасын да сезінер орын болары  сөзсіз-ақ  еді деп  есептедік. Алдағы уақытта бұл бұлаққа көңіл бөлуді  қарастырар жол табылар деген ой да болды. Қорыта келе айтпағым, Маңғыстау құпия сырға толы өлке, оның ашылар жұмбағы әлі алда. Ал  біз Маңғыстаудың бір бөлшегі «Боранқұл» ауылының тылсым табиғаты мен  аңызға  толы баурайын  әлі де зерттей бермекпіз.

Жанат Ержановна БАСШИЕВА,
Боранқұл жалпы білім беретін мектебінің
д
ене  шынықтыру пәні мұғалімі, Маңғыстау
облысы, Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий