Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары

Жамбыл облысының 85 жылдығы мен Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына орай «БІЛІМ КӘСІПОДАҒЫ: 100 ЖЫЛ – БІР БАҒЫТ, БІР МАҚСАТ, БІР МҮДДЕ» тақырыбы аясында өткен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VIІI облыстық фестивалінің Гала-концерті «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында өтті.

Үлкен ауқымды қамтып, ел тәуелсіздігін арқау еткен фестиваль 2001 жылдан бері облыстық білім басқармасы мен білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен өнер додасына айналып, 7 рет өтті. Биылғы VІІІ облыстық фестиваль іс-шараның бұқаралық сипат алғандығын дәлелдей түскендей, себебі бастауыш ұйымдардан басталған іріктеу кезеңдерінен бүгінгі гала-концертке дейін сахнада 30 000 жуық сала қызметкері өнер көрсетті. Дәстүрлі байқау өзінің қалыптасқан салтынан жаңылмай ұжымдарды хор, көркемсөз оқу, драмалық көрініс, вокал, оркестр мен ансамбль, хореография және оригиналдық жанр номинациялары бойынша жұмылдырды.

Байқаудың әділ де жоғары дәрежеде өтуіне өзіндік үлестерін қосқан қазылар алқасы да өз ісінің білікті мамандарынан жасақталып, олар ұжымдардың сахналық мәдениетіне, орындаушылық шеберлігі, репертуар таңдау кезіндегі тапқырлықтары, тақырыптың ашылуына жіті мән берді. Білім саласында көркемөнерпаздық шығармашылықпен айналысатын қызметкерлерді анықтау, кәсіподақ ұйымының беделі мен шығармашылық белсенділігін көтеру, туған елге, жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыру мақсатында өткен фестивалда қазылар алқасының шешімімен әр ауданнан іріктелген өнерлі ұстаздар мен педагогикалық ұжымдардан құралған көркемөнерпаздардың концертін жергілікті билік, партия мен қоғамдық ұйым өкілдері, сала қызметкерлері мен ардагерлер тамашалады.

Концерт шымылдығы Құрманбай Дінмұхамедәлінің дирижерлығымен Тараз қаласы білім мекемелері ұстаздарынан құралған қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күйімен ашылды. Ұлттық дәстүрді, салтты танытатын өнердің жауһары – қазақ биі десек, келесі болып «Еркеназ» биін билеген Тараздық ұстаздар ұлттық биіміздің стилизациясы қай заманда болмасын өзектілігін жоғалтпайтынын дәлелдеді. Арнайы би костюмдерін тіктіріп, сахнаның көркіне айналған меркілік ұстаздар ұжымы да әріптестер қошеметіне бөленді. №44 орта мектеп қызметкерлерінің билеген «Якут» биі жіті дайындық пен ұстаздардың жоғары шеберлігін көрсетті.

Ал Наталья Чистякованың көркемдік жетекшілігімен Жуалылық ұстаздар билеген «Мектеп вальсі» мектеп бітіруші түлектердің алабұртқан сезім, алып-ұшқан арман, үміт пен сенімге толы аяулы сәттерін еске салды. Көрермендердің рухын көтеріп, өр қайратын шыңдаған Байзақтық педагогтердің «Ер Тұран» хореографиялық композициясы орындаушылардың киімі, декорация, қолданылған аспаптарымен сақ, ғұн заманындағы стильді әкеліп көшіріп қойғандай болды. Артын ала Тараздық ұстаздар оригиналды жанр стилинде қойған «Батырлар бекінісі» хореографиялық композициясы да ел басына күн туғанда халықтың рухын көтеріп, топтастыратын батырлардың өнегесін көрсетті.

Сарысулық ұстаздардан құралған вокалдық топ Кенен Әзірбаевтың «Ой, жайлау» әнін орындаса, Шу ауданының мұғалімдері Өмірбек Байділдаевтың «Туған ел» әнін, Мойынқұм ауданы Шығанақ орта мектебінің ұстаздары халық әні «Беу, айдайды» нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Луиджи Денцаның неополитандық «Funiculi funicula» әнін Тұрар Рысқұлов ауданы білім мекемелері педагогтері мен қызметкерлерінен құралған вокалдық топ мінсіз орындағанда залдағы жұрт шетел әнінің көсіле шырқалған ырғағына тебіреніп отырды.

Көркемсөз оқуда Құландық Арыстанбек Фараби биыл даталы жылдары өтіп жатқан әдебиет әлемінің алып тұлғаларына жеке-жеке өлең арнап, «Әдебиет әлемінің алыптары» авторлық шығармасын оқыды. Ал Меркі ауданы Қ.Жандарбеков атындағы балалар өнер мектебінің педагогтері сахналаған авторлық «Бала махаббаты» музыкалық-поэтикалық қойылымы мектеп партасынан басталатын алғашқы махаббат атмосферасын, табыстырушы достарды, нәзіктік пен құштарлыққа толы балалық сезімді еске түсіріп, көзі қарақты көрерменнің зор ықылас білдіріп, іркілместен қол шапалақтауына әкелді.

Жуалы ауданы «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасының қазақ тілі пәні мұғалімі Идирисова Нұржамалдың «Тәуелсіздік» сахналық-композициялық шығармасы көрерменді ата-бабамыз көрген шапқыншылық пен табаны тілім-тілім болған басқыншылықты, бір түйір дәнге зәру болған аштықты, талай адамның жанын, жақынын алған сұм соғысты, «Әр ұлтқа өз көсемі!» деп ызғарлы желтоқсанда алаңға шыққан жастардың асқақ арман мен қайсар рухының жемісі ретінде қол жеткен Тәуелсіздіктің шежіресін өлеңмен жеткізгені автордың тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеп жүргендігін дәлелдей түсті.

Кәсіподақтың Біріккен комитетінің Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің қазақ ұлт аспаптар оркестрі Ермұрат Үсеновтың «Шақ-шақ» және «Шыңырау құс» күйлерін орындаса, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің фольклорлық ансамблі Бауыржан Ақтаевтың «Алаш аманатын», Оксана Дьяченконың жетекшілігімен Тараз қаласы педагогтерінің біріккен орыс ұлт-аспаптар оркестрі Александр Широковтың «Смоленский гусачек» шығармасын орындап шықты.

Қордайлық педагогтар Қыдырбек Төлеген мен Балтабай Нұржанның орындауындағы Эдуардо ди Капуаның «О sole mio» әнінен соң артынан өлмес мол мұра қалдырып, эпикалық жыр-дастандарды жырлап, халықтың рухани ұйтқысы болған композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орайластырып ақынның өлмес өлең-жырлары мен әсем әндерінен ән шашу орындалды. 

Сарысу ауданы білім мекемелері қызметкерлерінен құралған квинтеттің орындауындағы Кәсіподақ гимнінен соң, сахнаны екі сағат ән мен күйге бөлеп, халқымыздың ән қазынасын құс қанатындай әуелетіп, көрерменді таза леппен тыныстатқан концерт Меркі ауданы білім мекемелері мен ұйымдарының педагогтары және қызметкерлерінің хор ұжымының орындауындағы Ибрагим Ескендірдің «Біз біргеміз!» әнімен тамамдалды.

Осылайша бұл күні ұрпақ тәрбиесі жолында талмай еңбек етіп жүрген ардақты жандар өздерін өзге қырынан көрсетті. Бұл туралы Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков та айтып өтті. 

– Аймақтарда іріктеу ретінде қаңтар айында бастау алған VIІІ облыстық фестиваль бүгін өз мәресіне жетті. Бала оқытып, шәкірт тәрбиелеумен қатар өнерін өмір өрнегіне айналдырған ұстаздарды кәсіби мамандардан ажырату қиынға соқты. Білім бөлімінің басшысынан бастап, кіші қызметкерлерге дейін сахнаға шығып көрерменді саф өнерімен таңдай қақтырған сәттер көп болды. Фестиваль барысынан біз үлкен дайындықты, қанық түстерге боялған әдемі дүниелерді көріп, көңіліміз марқайды. Сахнаның мәдениетін, қадірін түсінген әріптестерімізге шеберліктері үшін алғыс білдіремін!, – дейді жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Сәбенұлы.

Гала-концерт соңында өнерлі ұстаздар мен жеңімпаз педагогикалық ұжымдарды Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов пен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков арнайы Диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Қазылар алқасының шешіміне сай «Руханият» номинациясы – М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ кәсіподақ комитеті; «Мирас» номинациясы – Талас ауданының білім бөлімі мен кәсіподақтың Талас аудандық комитеті; «Үркер» номинациясы – Жамбыл ауданының білім бөлімі мен кәсіподақтың Жамбыл аудандық комитеті; «Шабыт» номинациясы – Кәсіподақтың Біріккен комитеті филиалы; «Парасат» номинациясы – Мойынқұм ауданының білім бөлімі мен кәсіподақтың Мойынқұм аудандық комитеті; «Дарабоз» номинациясы – Байзақ ауданының білім бөлімі мен кәсіподақтың Байзақ аудандық комитетіне бұйырды.

Ал байқаудың ІІІ орынына 3 бірдей филиал лайық деп танылды. Олар Сарысу, Шу және Қордай аудандарының білім бөлімі мен кәсіподақтың аудандық комитеті. ІІ орын иегері ретінде Тұрар Рысқұлов және Жуалы ауданының білім бөлімдері мен кәсіподақтың аудандық комитеттері аталды. Фестивальдің І орынымен Тараз қалалық білім бөлімі мен кәсіподақтың Тараз қалалық комитеті марапатталса, Гран-при жеңімпазы болып Меркі ауданының білім бөлімі мен кәсіподақтың Меркі аудандық комитеті табылды.

Іс-шара соңында фестиваль ұйымдастырушылары барлық қатысушылар атынан қарғын судың тасқыны салдарынан зардап шеккен сала өкілдерінің отбасыларына көмек ретінде арнайы қорға 1 000 000 теңге қаражат аударды.

Бейбіт БЕКНАЗАРОВ,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий