Қазақтың Қанышына – 125 жыл

Қазақ ғылым академиясының негізін қалаған көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев саналы ғұмырын қазақтың қазба байлығын, минералды ресурстарын және тарих пен мәдениет саласына да еңбек қалдырып, зерттеуге арнап, ел дамуына өлшеусіз үлес қосты. Мұхтар Әуезов: «Қаныш – Қазақстан ғылым академиясының ауқымында қызмет ететін ғалымдардың барлығына да анық ұстаз, үлгі боларлық білгіш» деп жоғары баға берген болатын. Ел игілігінің өркендеуіне орасан зор еңбек еткен Қаныштың қазақ халқы үшін орны қашан да айрықша болмақ.

Ал, биыл қазақтың біртуар ғалымына – 125 жыл. Осыған орай Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Досмұхамедов оқулары-2024» аясында Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Қ.И. Сәтбаев және Қазақстандағы ғылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Алқалы жиында отандық және шетелдік ғалымдар баяндама оқып, академиктің мол мұрасын жан-жақты дәріптеп, ғылыми ізденіс жолындағы жанқиярлық еңбегін жан-жақты аша түсті.

Басқосуда ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамы, білім беру жүйесінің басшылары, мұғалімдер, жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттар ғылыми кеңесшімен бірлесіп қатысты.

Университеттің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов мәжілістің алғы сөзінде тұғырлы тұлғаның қазақ ғылымына қосқан үлесі мен тәжірибелерін насихаттау, сонымен қатар қоғам және мемлекет қайраткері, энциклопедист-ғалым, профессор Х.Досмұхамедұлының ғылыми мұрасын зерттеу, зерделеу және Қазақстандағы ғылымды жаһандану дәуіріне сай цифрландыру аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты екенін тілге тиек етті.

Академик Ғылым академиясының тұңғыш президенті ғана емес, сондай-ақ өз халқының өткені, бүгінгі мен болашағын танытуда, дамытуда да тыным таппай тер төккен тарихшы, мәдениет зерттеушісі, өнер қамқоршысы.Сондықтан, ғалымның мұрасын терең зерттеу үшін бір ғана отандық ғалымдардың атсалысуымен бітетін дүние емес, шетел ғалымдарының да жан-жақты пікірлері мен шетелдік архив ісінің де біріге жұмыс істеуі аса маңызды. Осыған орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Орнай Жұбай «Қазақ ғылымының ұйытқысы» жөнінде және Ресей ғылым академиясының Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Салават Искаков «К.И. Сатпаев: …Бороться и перебороть всю эту мутную волну…» тақырыбында онлайн баяндама жасады. Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «География, туризм» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, «Каспий қоршаған ортаны кешенді зерттеу және мониторинг» зертханасының меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты Махамбет Джексенов «Ұлт ғылымы мен руханиятына қатар қызмет қылған қайраткер-ғалым» тақырыбында ой айшықтаса, Түркия мемлекетінің Невшехир Хаджи Бекташ Вели университетінің профессоры, докторы, «Түркі халықтарының фольклоры» кафедрасының меңгерушісі, түрік тілі мен әдебиетінің оқытушысы Адем Огер «Түркияның ғылымы мен технологиясының әлемдегі орны» жөнінде кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, «Халелтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, магистр Регина Ануарбек «Kh.Dosmukhamedov’s outstanding role in development of students’ health» тақырыбында қазақ және ағылшын тілінде ой қозғады.

«Академик Қ.Сәтбаев геолог-ғалым, Ғылым академиясының тұңғыш президенті ғана емес, сондай-ақ өз халқының өткені, бүгіні мен болашағын танытуда, дамытуда да тыным таппай тер төккен тарихшы, мәдениет зерттеушісі, өнер қамқоршысы. Сонымен қатар, қазақ халқының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін зеттеуде де айтарлықтай көп еңбек сіңірді. Мысты өңірдің қазба байлығының мөлшері Қ.И. Сәтбаев басқарған геологтардың қажырлы, тынымсыз еңбегінің арқасында анықталды. Жезқазған өнеркәсібі кешенінің дүниеге келуі де өзінің бар білімін, күш-жігерін, ұйымдастырушылық талантын, Жезқазғанның пайдалы қазбаларын зерттеп, анықтауға жұмсаған, қаланың болашағына сенген Қаныш Имантайұлының есімімен тығыз байланысты. Сондықтан, ғалымның өлмес мұрасын әрдайым асқақтатып, өскелең ұрпаққа насихаттауымыз шарт», – деді психология және педагогика кафедрасының доценті Айдар Сабиров.

Айдар Сабировтың айтуынша, жан-жақты білімдар Қ.Сәтбаев қазақ тарихын, әдебиеті мен өнерін зерттеуге де айтарлықтай көп еңбек сіңірді. «Қазақтың халық театры хақында», «Ән туралы толғаулар», «Қазақ халқының ғылымы мен мәдениеті» және тағы басқа мақалаларында Қаныш Имантайұлы ұлттық өнер мен қазақ фольклорының тамаша табиғатын да, өзіндік ерекшеліктерін де терең зерттеп, қазақ мәдениетінің сарқылмас мол қазына екендігін біліп және оны игеру жөнінде ауыр да абыройлы талап қойған бірден бір ғалым.

Конференция барысында қатысушылар академиктің ғылымға сіңірген мол мұрасына екпін беріп, оның еңбектерін жаңғырту мәселелерін талқыланды. Жиын соңында ҚР Жоғары оқу орындарының студенттері ғылыми-зерттеу жұмыстарының 2022-2023 оқу жылдарындағы республикалық конкурсының қорытындысы бойынша жүлделі 1, 2, 3-орын алған студенттер, магистранттар мен олардың жетекшілері марапатталды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің баспасөз қызметі маманы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий