ҚР Үкіметі: Отандық мамандарға сұранысты арттыру қажет
Премьер-Министр Олжас БЕКТЕНОВ өткен аптаның жұма күні Атырау облысына кезекті жұмыс сапары барысында APEC PetroTechnic жоғары колледжінде ел экономикасы үшін жоғары білікті мамандар даярлау ісімен танысып, арнаулы оқу орнындағы мұнай-газ ісі бойынша тәжірибе жинақтайтын арнайы зертханалар мен жаттығу полигондарын аралады.
Колледж білім беру қызметтерін әлемдік озық тәжірибелер мен заманауи жабдықтарды қолдана отырып жүзеге асырады. Оқу процесі жаңа білім беру бағдарламаларына баса назар аудара отырып құрылған. Олардың әрқайсысының мазмұны халықаралық стандарттар мен озық әлемдік тәжірибені, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік мұнай-газ компанияларының талаптарын ескере отырып әзірленген. Студенттер бүгінгі таңда мұнай және газ индустриясында негізгі құрал болып саналатын ағылшын тілінде оқып жатыр.
Үкімет басшысына жергілікті арнаулы кәсіби оқу орнында білім мен тәрбие алатын отандық мамандардың жоғары сұранысқа ие екені баяндалды. Мәселен, бүгінгі таңда APEC PetroTechnic түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші тоқсан пайыздан асады және үш жыл ішінде динамика айтарлықтай жақсарған. Егер осыдан екі жыл бұрын түлектердің 92,2%-ы жұмысқа орналастырылған болса, қазір бұл көрсеткіш 97,5 пайызға жетіпті. Бұл колледж құрылғалы бергі он жылдан астам уақыт ішінде үш мыңға жуық арнайы кәсіби мамандардың шоғырын дайындады.
Олар бүгінгі таңда алған білімін ірі мұнай-газ, мұнай сервисі, энергетика және IT компанияларда табысты қолданып жүр. Бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандардың жаңа тобын тұрақты жұмысқа қабылдап, жоғары еңбекақы төлеп отырған әлеуеті зор қазақстандық компаниялардың қатарында «Теңізшевройл», North Caspian Operating Company N.V., «ҚазМұнайГаз», KEGOC, Chevron, British Petroleum секілді алыптар мен басқа да құрылымдар бар.
Бұдан басқа, APEC PetroTechnic Теңіз кен орнын келешек кеңейту жобасы құрылысының аяқталуына байланысты кезең-кезеңімен босатылып жатқан қызметкерлерді қайта оқыту бойынша елімізде іске асырылып жатқан маңызды әлеуметтік жобаға қатысып отыр. 2019 жылдан бастап аккредиттелген оқу орындарында он бір еңбек мамандығы бойынша 2,5 мыңнан астам адам оқытылды (оның ішінде Жылыой ауданының үш жүз елуге жуық тұрғыны оқытылды). Арнайы мамандандырылған курстардан өткеннен кейін сексен пайызы еңбекпен қамтылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Атырау облысының әкімдігі мен жауапкершілігі шектеулі «Теңізшевройл» серіктестігінің арасында 2024 жылға арналған Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Осы уағдаластықтың шеңберінде жыл басынан бері 94 адам сұранысқа ие мамандықтарды оқуға кірісті. Биыл барлығы 250 адамды қамту жоспарлануда. Халықаралық үлгідегі сертификат оларға табысты жұмысқа орналасуға және ары қарай өңірдің мұнай-газ компанияларында жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Премьер-Министр отандық кадрларға сұранысты арттырудың және шетелдік жұмыс күшіне қажеттілікті қысқартудың маңызын айрықш атап айтты. – Оқу орындары әлеуетті жұмыс берушілермен ұзақмерзімді серіктестік орнатуы керек. APEC PetroTechnic колледжі – осындай мекемелердің бірі. Біздің елімізде осы тәріздес мекемелер көп болуы тиіс, өйткені олар жалпы білім беру жүйесінің дамуына қуатты серпін береді, нарыққа қажетті дағдылары бар әрі әлемдік нарыққа еркін шыға алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға жол ашады, — деді Олжас Абайұлы.
2011 жылдың сәуір айында мемлекет тарапынан әлемдік деңгейдегі колледждер желісін құру қажеттілігі тапсырылған болатын. Осы орайда жаңа колледждерді құру әрі халықаралық тәжірибені техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған бұрынғы «Кәсіпқор» холдингі құрылды (қазіргі «TALAP» коммерциялық емес акционерлік қоғамы). Келесі жылы осы холдингтің алғашқы жобасы ретінде «APEC PetroTechnic жоғары колледжі» ЖШС ұйымдастырылды. Petrotechnic – бұл сапалы деңгейдегі білім беру қызметтерін ұсынатын, мұнай-газ секторында жұмыс істеуге ниетті түлектерге арналған жоғары деңгейдегі колледж.
– Арнаулы кәсіби оқу орнының осы санаттағы басқа білім беру ұйымдарынан ең басты ерекшелігі – шетелдік мұнай-газ компанияларының халықаралық стандарттары мен талаптарына негізделген жаңа білім беру бағдарламаларының пайдаланылуында және студенттеріміз ағылшын тілінде оқиды. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай өндіру басқармасымен бірлескен түрде қолға алынған ортақ мақсат пен мүдде тұрғысындағы дуалды оқыту жүйесінің нәтижесінде оқытушылар білімгерлерді жұмыстың тәжірибелік дағдыларына баулып, оқу орнын бітірген соң түлек осы дағдылардың көмегімен жұмысқа оңай кірісіп кетеді, – дейді «APEC PetroTechnic» жоғары колледжінің директоры Асылбек Жорабекұлы Нұрмышев.
– Колледж базасы қазіргі кезде кемеліне келіп, толықтай жабдықталған. Болашақ мамандар елімізде шетелдік және отандық компаниялар қолданатын құрал-жабдықтарды қолданудың қыры мен сырың меңгеруде. Бітіруші түлектерге халықаралық дәрежедегі сертификаттар беріледі. Колледж мұнай-газ өнеркәсібінің білім беру орталығы ретінде барлық мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Оған дәлел көптеген жеке компаниялар негізінде жұмыс істейтін оқу орталықтарын колледжге орналастыруға және материалдық-техникалық базаны жақсартуға шақырады. Алты жүз орындық төрт жатақханада студентке не керектің бәрі бар. Өткен оқу жылының қортындысы бойынша таңдаған мамандықтарна сәйкес төрт жыл білім алып, кәсібін өзге тілде жетік 391 түлекке диплом табысталды.
Құзырлы орындар ұсынған ресми ақпарат бойынша еліміздің барлық аумағында жеті жүз жетпіс екі колледж жұмыс істейді, онда 528 мыңнан астам студент оқып жатыр. Бүгінгі таңда еліміздің бес жүз он сегіз қуатты кәсіпорны 410 арнаулы оқу орнына қамқорлық жасауды жолға қояған. Премьер-Министр Оқу-ағарту министрлігіне ағымдағы жағдайды талдауды және осындай мекемелердің санын басқа өңірлерде де көбейту мәселелерін қарауды тапсырды.
Олжас Бектенов мұнайлы өңірге жұмыс сапары аясында Жылыой ауданының Құлсары қаласында су тасқыны салдарын жою барысы және қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны туралы жауапты тұлғалардың есебін тыңдады. Өз кезегінде, Үкімет басшысына оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева су тасқынынан зардап шеккен елді мекендер балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі тапсырманың орындалу барысы туралы баяндады.
Бүгінгі таңда қайырымдылық ұйымдарымен бірлесе отырып, 2 738 оқушы жазғы демалыспен қамтылған. Балалар оқу-сауықтыру орталықтары мен лагерьлерге жіберіліде, сондай-ақ «Туған елге саяхат» жобасы аясында еліміздің мәдени-тарихи орындарына саяхаттап жүр. Премьер-Министр мүдделі министрліктер мен өңір әкімдігіне денсаулық сақтау және білім беру әлеуметтік нысандары — мектептер, колледждер, балабақшалар және басқа да нысандар салу және қалпына келтіру жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...