Абай облысы: Тәрбие және білім берудегі инновациялық жобалар

Тәрбие – ұрпақты биік мұраттарға жетелейтін сапалы білімнің негізі. Абай облысында осы мәселені шешуге бағытталған бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылуда, олардың арасында «Өнеге», «Толық адам» ілімі негізінде ата-аналар институтын қалыптастыру және «Мобильді көмек» жобалары бар.

Ұлттық құндылықтарды жаңғырту. «Өнеге» жобасының басты мақсаты – аға буын ұстаздардың тәжірибесін жас педагогтермен бөлісу және ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа сіңіру. Бұл жоба аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайтып, ұлттық тәрбие мен мәдениетті жаңғыртуға бағытталған. Жоба аясында «Атадан ақыл» аталар алқасы, «Әжемнің асыл сөзі» әжелер алқасы, «Мамандығым – мақтанышым» жас ұстаздар мен ардагерлердің тағылымдық және «Отбасы – адам баласының алтын діңгегі» клубтары жұмыс істейді. Бұл клубтар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас педагогтер мен оқушылардың бойына тәрбие мен білімнің тамырларын сіңіруге көмектеседі.

Жауапты ата-аналар – жауапты ұрпақ. «Толық адам» ілімі негізінде ата-аналар институтын қалыптастыру жобасы ата-аналардың педагогикалық және психологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Жоба ата-аналарға балаларын тәрбиелеуде жауапкершілікті сезіндіру, педагогикалық білімдерін жетілдіру және отбасылық тәрбие жүйесін қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында ата-аналарға арналған семинарлар мен тренингтер өткізіліп, олардың отбасылық тәрбие саласындағы құзыреттіліктері дамиды. «Толық адам» ілімі аясында ата-аналарға бала тәрбиесінде ақыл, қайрат және жүрек қасиеттерін сіңіру мақсатында әртүрлі іс-шаралар мен бағдарламалар ұсынылады. Бұл жоба ата-аналардың өзін-өзі тәрбиелеуіне, жауапты және позитивті ата-аналар қалыптастыруға үлкен үлес қосады.

Оқушылардың психоәлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету. «Мобильді көмек» жобасы оқушылар арасындағы психоәлеуметтік дағдыларды дамыту және зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында іске қосылған. Жоба аясында оқушылардың психологиялық жағдайы мен әл-ауқаты бақылауға алынып, қажет болған жағдайда көмек көрсетіледі. Әр мектепте Мобильді көмек қызметі құрылып, оқушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспарлар іске асырылады.

Сонымен қатар «Психологиялық сенім телефоны» Call орталықтары арқылы балалар мен ата-аналарға психологиялық, педагогикалық және құқықтық көмек көрсетіледі. Жоба аясында былтырғы қаңтар айының 15-інен бастап 10 жалпы орта білім беру мектебінде пилоттық режимде іске асырылып, нәтижесінде отызүш ата-анар мен балалар арасындағы келіспеушілік, 21 буллинг жағдайлары және он сегіз аутодеструктивті мәселелер бойынша психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілді. 2024 жылы барлық жалпы орта білім беру мектептеріне МКҚ енгізу жоспарланып отыр.

Жобаларды іске асыру: Білім беру саласындағы жүйелі жұмыстар. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында біздің аймақта барлық жоба бірлікте жүзеге асырылып, облыс бойынша жалпы білім беру мекемелерінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыстық деңгейде 360 түсіндірмелік-тәжірибелік семинар, аудандық және қалалық деңгейде бір жүз елуге жуық іс-шара өткізілді. Оқу жылы басында 350 мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемелері және жиырма төрт қосымша білім беру ұйымдары педагогтеріне «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының әдістемесі ұсынылды. Абай атындағы облыстық драма театрымен ынтымақтастық меморандумға қол қойылып, ұлттық мәдениет пен құндылықтарды театр қойылымдары арқылы жеткізу мақсатын алға тартылды.

Білім беру жүйесінде ата-аналар мен педагогтердің ынтымақтастығын арттыру және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының бағдарламалары негізінде вебинарлар және семинарлар өткізіліп, 342 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар облыста 16 511 іс-шара өткізілді, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және педагогикалық мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» ұғымын негізге ала отырып, Абай облысы жаңа оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар арқылы тәрбиелік іс-шараларды жаңаша мазмұнда жүзеге асыруды көздейді. Осылайша, облыстағы тәрбие мен білім беру саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен инновациялық жобалар өңірдің болашағын жарқын етіп, білімді әрі тәртіпті ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадамдардың көрініс болды.

Әсем Хасенқызы НҮСКЕНОВА,
Абай облыстық білім басқармасы
басшысының орынбасары, Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий