WALS 2024 халықаралық конференциясы ұйымдастырылды

ТМД елдерінің ішінде еліміз ең алғаш рет Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының (World Association of Lesson Studies) халықаралық конференциясы елордадағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығының қолдауымен ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылды.  

Бірегей басқосудың басты тақырыбы «Lesson studies: aspiring to better Learning and Teaching» – «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылу». Шараның маңыздылығы әлемдік білім беру саласындағы ең беделді форумдардың бірін өткізу, яғни отандық мұғалімдерге жаһандық форумға қатысуға мүмкіндік беретіндігімен тікелей байланысты. Конференция қонақтары ретінде Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Финляндия, Швеция, Малайзия, Австрия, Қытай, Америка Құрама Штаттары, Малави және тағы басқа 30 елден әлемдегі ең танымал сарапшылар, ғалымдар, практик педагогтерге қоса докторанттар арнайы шақырылған.

Жүздесу алаңындағы заманауи педагогиканың танымал басымдықтарына арналған симпозиумдар, постер сессиялар, шеберлік сағаттары және елордалық мектептерде кездесулерде негізгі спикерлер ретінде білім берудің ең беделді сарапшылары: Норвегиядан Ойстейн Кристиансен, Литвадан Дариус Радкевичюс, Ұлыбританиядан Сара Селезнев, Жапониядан Ширли Тан, Германиядан Клара Кагер оралымды ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. «Педагогикалық диалог» халықаралық журналының арнайы шығарылымы да World Association of Lesson Studies қазақстандық конференциясына арналады.

Сондай-ақ, конференция жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына, әсіресе, оқыту сапасы мен педагогтарды дайындау ісіне ерекше көңіл бөледі. Сабақты зерттеу, бұл уақыт сынынан өткен және көптеген қазақстандық мұғалімдердің тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналған педагогикалық тәсіл. 10 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның білім беру жүйесіне осы тәсілді енгізу бойынша кешенді және кең ауқымды жұмыс жүргізіп келе жатқан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің еңбегі зор. Конференцияны өткізу ғылыми және педагогикалық зерттеулер процесін жақсартуға үлес қосатыны, одан әрі жемісті жұмыс үшін ынталандыратыны сөзсіз. Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, одан әрі зерттеу жұмысының бағыттарын жандандырып, кеңейту, білім беру сапасын одан әрі арттыруға ықпал ететін ғылыми әлеуетті тиімді пайдалану өте маңызды. Конференция әлемде білім беруді дамытудың озық идеяларын ілгерілету мәселелері бойынша халықаралық диалог үшін тиімді алаң болатынына сенімдімін, – деп жазылған Премьер-Министрдің ізгі лебізінде.

– Білім беру сапасын жүйелі түрде арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде «мақсатты мектептердің», яғни қосымша әдістемелік қолдау көрсетуді талап ететін білім ошақтарының әлеуетін арттыру жөнінде біршама ауқымды жоба іске асырылып келеді. Оқу-ағарту министрлігі жүргізген талдауға сәйкес, бізде екі мыңға жуық осындай мектеп бар. Бірнеше жыл бойы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Білім-Инновация лицейлері сияқты жетекші білім беру ұйымдарының тәжірибесін тарату арқылы еліміздің ауылды аймақтарында тірек мектептер құру жөнінде жоба іске асырылып жатыр. Алдағы екі жылда аталған жоба есебінен 200 тірек мектептері желісін құру жоспарлануда. Олар алдағы уақытта алған тәжірибелерін еліміздегі басқа да ауыл мектептеріне тарататын болады, – деді Тамара Босымбекқызы.

– «Сабақты зерттеу» тәсілінің ауқымын кеңейту білім беру сапасын жүйелі арттырудың негізгі шарты болмақ. Аталған әдіс қазірде елдегі мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқу бағдарламасына жеке бөлім ретінде енгізілген. «Lesson Study» ғаламдық трендті отандық білім беру жүйесіне енгізумен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагогикалық шеберлік орталығы айналысуда. Қазірде ол «Сабақты зерттеу» идеяларын ілгерілету жөнінде көрші мемлекеттердің педагогтері арасында үлкен жұмыстарды бастады.

Жалпы, бұған дейін конференциялар Сингапур, Жапония, Қытай, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттерде өткен. Айта кету керек, тәуелсіз мемлекетіміздегі білім беру сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды бастама іске асырылып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Үш жыл ішінде 7000-ға жуық мемлекеттік мектептің бір мың үш жүзі қайта жаңартылады. Жекеменшік мектептерге қолдау көрсетуге айтарлықтай ресурстар бөлінеді. Конференцияға еліміз бойынша арнайы келіп қатысқан аймақ ұстаздарының пайымды пікірлерін білу мақсатында сұхбат әңгімеге тартқан еді.

Айжан ОМАРОВА, №75 мектеп-гимназияның мұғалімі, Шымкент қаласы: – Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының халықаралық конференциясы Қазақстанда, яғни елімізде өтіп жатқанына қуаныштымын. Мұғалімдер мен саясаткерлер сабақты зерттеудің түрлерін қолдана отырып білім берудің болашағын қалыптастырады. Бұндай басқосулар, әсіресе ағылшын тілі пәнінінің мұғалімдері үшін өте керек. Облысқа оралған соң, әріптестеріме алған әсерім мен көңілге түйгенімді толық жеткізіп, бұл ауқымды тақырыптағы жергілікті тақылаударды жан-жақты зерделейтіндігімізге сенімдімін.

Раиса ТУРЛЫБАЕВА, Пресноредут жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы: – Конференцияның бірінші күні таңертеңнен бастап, тіркелу кезінде де ерекше көңіл-күй байқалды. Lesson study тәсілін орта білім беру жүйесінде пайдаланатын шет елдік педагогтердің қазақстандық әріптестермен бірге талқылап, түрлі тәжірибелерімен бөлісуі өте құптарлық бастама. Олар осы кездесу барысында пайымды пкірлерін ортаға салып, ұсыныстарды тыңдау арқылы жаңа идеяларға негізделген ортақ ұстаным табуға жиналғаны даусыз.

Тақырып аясындағы баяндамаларды тыңдап, еркін әңгімелерге құлақ түрсек балаларды оқытуда туындайтын маңызды мәселелер біздің еліміздегі білім беру ұйымдарында ғана емес барлық мемлекеттердің мектептеріне тән және өте ұқсас екендігін айқын аңғардық. Сабақты зерттеу тәсілін іс жүзінде қолдана отырып, біз оларды шешудің жолдарын табамыз. Заманауи форматтағы жүздесулер – әрі қарайғы жүйелі жұмыс үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Әрі толғандыратын сұрақтарға жауап табамыз. Әріптестерімізбен тәжірибе алмасу барысында басым бағыттарға сай келетін және жаңа зерттеулер жүргізуге серпін беретін әрі оқу үдерісінде кездескен қиындықтарды жеңу жолын ұсынатын тиімді тәсілдерді меңгеретіндігімізге сенімдімін.

 

Анықтама: Қазақстан жаһандық WALS эстафетасын 2023 жылдың қарашасында Нидерландыда қабылдады. World Association of Lesson Studies президенті Кэтрин Льюис пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова WALS 2024 халықаралық конференциясын Қазақстанда өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Конференциялар бұған дейін Сингапур, Ұлыбритания, Жапония, Қытай және тағы да басқа елдерде ұйымдастырылды.

Шәйім-Жамал БАБА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий