Ұлық ұстаздың ұлағаты

Бақыт Балұлы – ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие берген, есімі біздің өңірге кеңірек таныс, білікті ұстаз, осы өлкеде «Ұстаздардың ұстазы» атанған танымал тұлға. Ол қазіргі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұшшыбек жеріндегі Қареспе қыстауында 1938 жылғы қазан айының 15-і күні дүниеге келген.

– «Талаптыға нұр жауар» деген мақал бар. Мен малшы баласы болған соң, бес сыныптан бастап интернатта жатып оқыдым. Көркем әдебиетті ерекше сүйдім, орта мектепті 43 баладан он жетіміз ғана аттестат алдық. Көп оқушы орыс әдебиеті бойынша мазмұндама жазу кезінде сынақты өте алмай құлап қалды. Жоғары білім алуға талаптандым. Ол кезде қаражат – ақшаның жоқ кезі. Мен жаяу 150 шақырым қашықтан асау құнаншаны жетектеп, Таушықта базарда сатып, сол ақшамен Гурьевке кеттім, – дейді кейіпкеріміз «Жадыңа тұт, жан сырым» атты ғұмырбаяндық кітабында.

Маңғыстау ауданының Жыңғылды жеріндегі жеті жылдық мектебінде 1945 жылы 1-сыныбын бастап, 1952 жылы алтыншы сыныпты аяқтайды. Гурьев

қаласындағы Жамбыл орта мектебінде 7–8-сыныпты оқып, 1954- 1956 жылдары Маңғыстау ауданы Шахта орта мектебінде 9–10-сыныпты бітірген. Осы жылы Гурьев қаласындағы мемлекеттік педагогикалық инсититутының филология факультетіне түсіп, 1961 жылы «Қазақ мектебінде орыс тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шыққан.

Алғашқы еңбек жолын «Екінші тың» деп аталатын Маңғыстау ауданының Сам жеріндегі жеті жылдық мектебінде бастаған.1962-1974 жылдарда сол Сам жеріндегі Тұрыш орталығында Сам 8 жылдық мектебінде мұғалім,1972 жылы оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, 1974 жылы Бейнеу ауданы Ақжігіт орта мектебінің директоры, 1980 жылы Бейнеу ауданы оқу бөлімінде инспектор қызметтерін абыроймен адал атқарған. 1989-2006 жылдары Бейнеу ауданы Абай орта мектебінде, 2006-2010 жылдары Бейнеу гимназиясында, 2010-2014 жылдары Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінде оқытушылық еңбегімен ерекшеленді.

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында 52 жыл қызмет атқарып, мұғалімдік кәсіби қызметінен ұстаздық дәрежесіне көтеріле білген ұстаздардың ұстазы. Сол жылдардан бастап жеке тәжрибесін облыстық білім жетілдіру инсититуты ұйымдастырылған курс семинарлары барысында әріптестеріне кеңінен таратып отырған. 1980 жылы Гурьев облыстық мұғалімдер съезінің делегаты, 2004 жылы елордада ұйымдастырылған ҚР Білім және ғылым қызметкерлерінің үшінші съезінің делегаты. Облыстық білім басқармасының (15.04.2004 ж., №164-нқ) бұйрығымен Бақыт Балұлы атындағы аймақтық атаулы әдістемелік «Шыңдалу» мектебі ашылды.

«Абайтану», «Әбіштану» Алматы (2006 ж.), «Маңғыстау әдебиеті» Алматы (2008 ж.) факультативтік курстың V-XII сыныптарға арналған бағдарламасы мен оқулығын жазған. Қазіргі таңда обылыс мектептерінде оқушылардың қалауымен аталған курстар өткізіліп келеді. Әсіресе, туған жері Маңғыстау өңірінің ақын-жырауларының, билерінің, асыл сөз иелерінің өнері туралы «Маңғыстау әдебиеті» кітабы көптің көңілінен шығып, ата-аналардың алғысына бөленді. Бейіндік ведомствоның келісімімен «Б.Балұлы атындағы Маңғыстау облыстық атаулы әдістемелік мектебі» атты кітабы шығарылып, өңірдегі мектеп мұғалімдеріне әдістемелік құрал ретінде ұсынылды.

Астана қаласында 2013 жылғы ҚР филологтарының съезінде тағылымды тәжірибесімен бөлісіп, облыстық конференцияларда бірнеше тәжірибелік баяндамалар жасады. Ол 1970 жылы В.И. Лениннің 100 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған республикалық педагогикалық оқуларға қатысып, бас жүлде алғаны үшін «Қазақ СССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен; 1974 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен; 1980 жылы «СССР оқу озаты» төс белгісімен; 1982 жылы «Құрмет белгісі» орденімен; 1998 жылы «Астана» медалімен марапатталған.

2000 жылы «Ы.Алтынсарин» медалі; 2001 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің Алғыс хаты; 2004 жылы облыстық білім басқармасының «Білім саласындағы жеке тұлға» марапаты; 2004 жылы «Білім жүйесінің озық қызметкері»; 2007 жылы «Ұлағатты ұстаз» медальдері табысталып, 2017 жылы «Бейнеу ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 1958 жылы Қарабалина Алтын жарымен бас қосып, 10 балалы үлкен шаңыраққа айналды. Балаларының барлығы жоғары білімді және отбасын құрған.

Алты перзенті әке жолымен ұстаздық жолын таңдаған өз маманының шеберлері, өңір мақтанышы. Бүгінде танымал тұлғаның шуақты шаңырағы қырықтан астам немере мен алпысқа жуық шөберенінің алтын бесігі. «Өмір деген – қызығы да, қиыншылығы да, қайғысы да бар сара жол. Бұл жолмен баба да, әке де өткен. Мен де сол сара жолмен жүріп келемін. Өмірімнің соңғы нүктесі қойылған жоқ. Мені жалғастыратын буын – артымдағы ұрпағым. Оларға абыройлы, қызықты, ұзақ ғұмыр тілеймін», – дейді парасатты педагог атанған абыз ақсақал естелік еңбегінде.

Маңғыстау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий