Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Бағдарламаның ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі мәні мен маңызы
Еліміздің ертеңі болар бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еліміздің ұлттық құндылықтарын дәріптеу маңызды. Тәрбие мен оқыту – өзара тығыз байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге асыруда бұл жобаның маңыздылығын нақтылау.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Халқымыздың асыл мұрасы болған ұлттық құндылықтарымызды бала бойына дарытуда, ұмытылып бара жатқан құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттап, ұлттық ойындарымызды дәріптеуде бұл жобаның берері мол, маңыздылығы ерекше болып тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет», – деген болатын. Президенттің тапсырмасы аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігі өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіруге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізген еді.
Алғаш рет 2023-2024 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, шырайлы Шымкент қаласында да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып, ауқымды жобалар атқарылды. Бағдарлама аясында барлық мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Оның басты мақсаты – балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту болды. Білім беру ұйымдарында 2,4 миллион оқушының қатысуымен түрлі бағытта 22 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
Жыл бойы оқушылар «Күй күмбірі», «Жасыл мекен», «Шахмат ойнау», «Асық ату» республикалық челлендждері ұйымдастырылып, оған қаламыздағы білім ошақтарының шәкірттері мен ұстаздары белсенді түрде қатысты. Білім беруде балалар мен жасөспірімдер қозғалысы мен еріктілер ұйымдары үлкен маңызға ие. Биыл «Менің бауырым» еріктілер қозғалысына үш мыңнан аса жас волонтер қосылды. Жас еріктілердің бастамасымен ұйымдастырылған «Досболlike» – достық қолыңды соз» акциясы балалардың қызығушылығын тудырды. Қаламызда «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог», «Жас дебатер» секілді балалар мен жасөспірімдер қозғалыстарының жұмыстарыда жанданып, республика көлемінде танылды.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – ұлттық, адами құндылықтарға негізделгені баршаңызға белгілі. Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры болса, ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да, қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Бұл құжат жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша үшінші мегаполисте түсіндірме және талқылау жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп, озық іс-тәжірибелермен алмасты.
Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Оқушыларға ұлттық құндылықтарды бойына сіңіртіп, адал азамат етіп тәрбиелеу – негізгі мақсатымыз болып отыр. Адал еңбекті алдыңғы орынға қоя отырып, біз озық ойлы ұлтты қалыптастыруымыз керек.
ҚР Президенті Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбындағы екінші Ұлттық құрылтай отырысында: «Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы деген сөз. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуы тиіс», – дей келе, адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы қажеттігін, ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасатынын, осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болатынын нақты атап өткен болатын.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы құжатының басты мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу болса, осы бағыттағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біздің қала бойынша «Төрт тоқсан –төрт өнер», «Тоғыз ай, тоғыз іс-шара», «Оқуға құштар мектеп» жобалары аясында көптеген мәдени іс-шаралар мен байқаулар өз дәрежесінде өткізілді. Тәрбие бағытында жоғарыда аталған жобалар бойынша барлық білім беру мекемелерін де жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл күнде қала мектептерінде әр аптаның дүйсенбі күні ұлттық құндылықтарға бағытталған тәрбие сағаттары мен аптаның дәйекті сөздері оқушыларға кең көлемде таныстырылып, өткізіліп келеді.
Сынып сағаттары мен тәрбие іс-шаралары шеңберінде: ұлттық мүдде, ар-ұят, талап құндылықтарын негізге алып, әдептілік, әділеттілік, мейірімділік, адалдық, отаншылдық, қамқорлық, азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық, ұлттық мұра мен қазақ тілін қастерлеу, қоғам игілігіне қызмет ету, денсаулық пен саламатты өмір салтын ұстану секілді қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететін дөңгелек үстелдер, пікірталастас, талқылау, рөлдік ойындар, кейстерді шешу және басқа да түрлі форматтарда өткізіліп келеді. Білім беру ұйымдары мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-шараларын ұйымдастыруда білім алушылардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және олардың жас, жеке, психологиялық ерекшеліктері ескерілген.
Іс-шаралардың мазмұнын білім беру ұйымының басшыларымен, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, педагог-психолог мамандармен алдын ала келісіп, ауқымды шаралардың нәтижелі жүзеге асырылуы басты назарда болады. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында бірінші тоқсанға арналған «Ақындар айтысы» ұйымдастырылып, оған қала мектептерінің ұлттық өнерге қызығушылықтары басым шәкірттері қатысып, бақ сынады. «Әкелер мектебі» сонымен бірге Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары барлық білім мекелерінде ашылып, өз жұмыстарын ойдағыдай жүзеге асырып келеді.
«Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының негізгі мақсаты: балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселесі бойынша мектептің ата-аналармен қарым-қатынасын күшейту, сондай-ақ берекелі отбасы мәдениетін дамыту болып табылады. Аталған бағыттағы ілкімді шаралар мен келелі жиындар тұрақты түрде өткізіліп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріліп келеді. Мұғалім, оқушы, ата-ана үштігінің мектептегі ілім мен тәрбие шеңберінде бірлесе жұмыс істеуі – саналы ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар өз жемісін беріп келеді.
Дана халқымызда: «Бір жылдығыңды ойласаң – егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң – тал отырғыз, мың жылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле», – деген керемет аталы сөз бар. Ұрпақ тәрбиесі қашанда қоғам назарынан тыс қалған емес. Бабаларымыздан қалған асыл мұраны өскелең ұрпаққа дәріптеуде оны бала бойына сіңірудегі ұстаздардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырып, бағдарламада көрсетілген басымдықтар мен жобаларды жүзеге асыруда Шымкент қаласы алдыңғы қатардан көрініп келе жатыр десем, артық айтпағандығым болар. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жандандыра бермекпіз!
Перуза КОСМУРАТОВА,
Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейі
директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, Шымкент қаласы