Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Балалардың игілігін қамтамасыз етуде отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуінің озық үлгілері
Ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына және олардың өмірге деген құндылықтарын сақтап қалуға жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Білім беруді жаңғырту жағдайында педагогтердің кәсіби деңгейін және цифрлық құзыреттіліктерін арттыруда жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеріп, оқу-тәрбие үрдісінде интеграциялау маңызды.
Бұл технологияны дұрыс енгізу және қолдану біздің педагогтер үшін қолжетімді, икемді және сапалы білім алуға ықпал етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Цифрлық сауаттылық пен адами құндылықтарды мектептегі білім беру жүйесіне енгізу – жас ұрпақты қазіргі әлемдегі өмірге дайындаудың жаңа көкжиектерін ашады.Бұл саланың даму әлеуеті зор және мұғалімдердің, ата-аналардың, білім беру мекемелерінің және бүкіл қоғамның бірлескен күш-жігерін қажет етеді. Дегенмен, біз интернетте белсенді және жауапты әрекеттерді білу туралы айтуымыз қажет.
Интернеттің, шынында да, қауіпсіз кеңістік болуы үшін өзін қалай ұстау керектігін, оның заңдарын, ережелері мен нормаларын білуі керек. Ол үшін ата-аналармен бірлесе балалар мен жасөспірімдерге виртуалды өмірдің шынайы өмірмен тығыз байланыста, оған тікелей әсер ететінін түсіндіру қажет. Осындай ынтымақтастық арқылы ғана тез өзгеретін әлемде белсенді және шығармашылық әрекетке дайын білімді, жауапты және үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру мақсатына қол жеткізуге болады.
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ата-бабадан қалған мәдени мұраны заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау қажеттігін атап өткен болатын. Еліміздің болашақтағы негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттады. Осыған байланысты «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мектептердегі тәрбие үдерісін жетілдіру, білім деңгейін арттыру және оларды өмірге лайықты дайындауды көздейді.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұны алты құндылыққа негізделген. Әрбір құндылық оқу-тәрбие процесінде жүйелі түрде көрінеді және әр ай тұлғаны қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды қамтиды. Бағдарлама мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтуға, ашық және жағымды қарым-қатынасты дамытуға бағытталған. Біздің білім беру ұйымының педагогтері жаңа инновациялық мүмкіндіктерді енгізіп, жан-жақты пайдалануда. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыруда мектебімізде арнайы «Бала тәрбиесі – басты байлығымыз» атты сайт іске қосылды.
Ұсынылған сайт мақсаты: ци-фрландыру жағдайында мәліметтерді оқушылармен, ата-аналармен, ұстаздармен бөлісу және осы сайт арқылы ұстаздармен тәжірибе алмасу, шығармашылық байланыс орнату. Жобада балаларға, ата-аналарға, ұстаздарға арналған бөлімдер бар. Бұл жобада «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру аясындағы іс-шаралар жоспары, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысы, әлеуметтік жобалар мен атқарылған жұмыстар есебі, қажетті материалдар жинақталған және кері байланыс ұйымдастырылған. Мысалы, «Балаларға базарлық» бөлімінде ертегілер мен мақал-мәтелдер жинағы электронды кітаптар және аудио, видео нұсқада тәрбиесі зор мультфильмдер ұсынылған.
Бұл жоба алдағы уақытта «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыруда жалғасын табады. Бағдарлама оқушылардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, саналы азамат болып қалыптасуына үлесін қосады. Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. ҚР Президенті атап көрсеткендей, елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы.
Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарымыз бен ізгі дәстүрлерімізді сақтау арқылы ұлттық санасы қалыптасқан қоғам құру – біртұтас ел болып жұмыла атқаратын жауапты да межелі мақсатымыз! Ұлы Абай айтқандай, «толық адам» келбетіне жету – түпкі нәтижені меңзейді. Тәрбие – бұл көпжақты, үздіксіз, қоғамдық құбылыс. Сондықтан, болашақ ұрпақ тәрбиесіне біртұтас ел болып атсалысу – басты парызымыз!
Жулдыз ЖАМАЛБАЕВА,
№19 жалпы орта білім беретін мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, математика пәнінің мұғалімі,
Абай облысы, Семей қаласы