Оқу сауаттылығы: мәтінмен жұмыс жасаудың педагогикалық шеберханасы
“Біз әуелден елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын” (Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы).
Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Қазіргі заман адамның өмір бойы білім алуын, білімін жетілдіріп отыруын және білімін кез-келген кезде қолдана алуын талап етіп отыр. Бір сөзбен айтар болсақ, функционалды сауатты тұлғаны қалыптастыруымыз керек. Қазіргі заман оқушылардың функционалды сауатты болуын талап етсе, соның бірі -оқу сауаттылығы. Оқу сауаттылығы – ақпаратты табу, мәтінді интерпретациялау, рефлексия және бағалаудан тұрады.
Оқу сауаттылығы дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда бала өзі оқып отырған ақпаратты толықтай қабылдай біліп, ішінен негізгісін ала білуі. Қазақ тілі сабақтары тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларының ерекшеліктері арқылы іске асады. Оқушылар өздері оқығандары мен тыңдағандарының ішінен оқиғаларды және фактілерді тауып, соған өздерінің қөзқарасын қысқаша айтып берулері тиіс. Олар өз пікірін айту үшін мәтінді жоспар жазбаларын пайдалануына болады.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарынан оқушыларға берілетін білімді кең ауқымды дағдыларды қалыптастыру негізінде берсек, оқушылардың алған білімдерін өмірдің кез-келген жағдайында қолдануына ықпал ете аламыз деп ойлаймыз. Осы бағытта мен қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сабақтарына арнап тілдік дағдыларды арттыруға арналған тапсырмалар бойынша дайындалған тапсырмаларды ұсынамын. Сабақтағы негізгі тақырып, идеясы міндетті түрде өмірмен байланыстырылуы керек.
Оқу сауаттылығына құрылған тапсырмалардың оқушыларыма берері көп. Олардың өз бетінше ақпарат көздері арқылы ізденуіне, сол арқылы танымдық қабілеттерін ұштауға, қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеттерін ашуға, әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамытуға септігін тигізеді. Қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс.
Гульмира Калжатаевна УТКЕЛБАЕВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп
лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі, Астана қаласы