Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – ұстаздардың рухани шамшырағы

Қазақстанның педагогика саласында қазақ қыздарының қосқан үлесі ерекше. Тарихтан белгілі, қазақ қыздарының білімге деген құштарлығы мен ұстаздық жолындағы еңбектері ұлттың болашағын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Дәл осы мақсатта 1944 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті құрылып, білім мен тәрбиені қатар алып жүруге дайын мықты ұстаздарды даярлау жолында ауқымды жұмыс атқарылды.

Университеттің алғашқы құрылған жылдарынан бастап, қоғамда білім мен тәрбиенің негіздерін сіңіруге үлкен мән берілді. Мұнда тәлім алған ұстаздар тек оқу-ағарту саласында ғана емес, жалпы қоғамдағы мәдени және әлеуметтік өмірге де елеулі ықпал етті. Бүгінгі таңда университет түлектері еліміздің әр өңірінде білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосып келеді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – тек білім беру ордасы емес, еліміздің тарихында ерекше орны бар оқу орны.

Құрылғаннан бері 80 жыл бойы университет ұлттың рухани және интеллектуалдық дамуына үлес қосты. Қазіргі таңда оқу орны заманауи талаптарға сай білікті кадрлар даярлауды жалғастыруда, жаңа бағдарламалар енгізіп, білім берудің жоғары стандарттарын сақтап келеді. Университеттің даму жолындағы негізгі бағыттар мен жетістіктер жайында бізге  білім ордасының Басқарма Төрағасы – ректоры Гүлмира ҚАНАЙ айтып берді.

Гүлмира Әмірханқызы, биыл университеттің құрылғанына 80 жыл толып отыр. Университет тарихы мен жетістіктері жайында айтып берсеңіз. – Иә, биыл біз үшін ерекше жыл. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті сексен жылдық мерейтойын атап өтуде. Университетіміз – Қазақстан Республикасындағы алғашқы және бірегей қыздарға арналған жоғары оқу орны. 1944 жылы іргетасы қаланған бұл оқу орнының негізін қалауға және қолдау көрсетуге Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров және Нұртас Оңдасынов сынды ұлт зиялылары белсенді атсалысты. Мұхтар Әуезовтің: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады» – деген сөзі ерекше маңызға ие.

Институттың алғашқы директоры болып Құрманғали Оспанов сайланды. Білім ордасының жаңадан қаланып, оқу-білім, тәрбие мәселелеріндегі түжырымдамаларының қалыптасуына сол кездегі мемлекеттің көрнекті басшылары Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасыновтар қамқорлық жасап, К.Оспанов, Т.Мырзабекова сынды институт ректорлары көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар Ә.Марғүлан, Т.Тәжібаев, Н.Сауранбаев, Қ.Жұмалиев, К.П. Персидский, А.Жүбанов, М.Балақаев сияқты өзге де белгілі ғалымдар студенттерге дәріс оқып, зиялы қыздар қоғамын тәрбиелеуге өз үлестерін қосты.

 

Институт ашылғанда кұрамында Қыздар педагогикалық училищесі болды. Соғыстың соңғы кезеңдерінде материалдық-техникалық базасын шешу, студент қабылдау, мұғалімдер ұжымын құру сияқты мәселелерді оңтайлы ұйымдастырудың арқасында 1945 ж. қыркүйекте институт өз алдына дербес оқу орны болып құрылды.1945 ж. 21 шілдеде Орталық Комитеттің шешімімен институттың алғашқы директоры болып Құрманғали Оспанов тағайындалды. Сол жылы ең бірінші физика-математика, тарих, тіл-әдебиет факультеттері ашылды. Алғашқы оқу жылында физика-математика факультетіне 24, тіл-әдебиет факультетіне 23 (қосымша резервте 10 қыз), тарих факультетіне 28 (қосымша резервте 10 қыз) барлығы 75 студент, ал дайындық бөліміне 25 қыз қабылданды. Алғашқы сабақ сол жылы қараша айында басталды.

1945 жылы 13 қыркүйекте Тұрсын Мырзабекова институт ректоры болып тағайындалды. Ауыл қыздарының білімді де білікті маман болып шығуы үшін соғыс кезінің ауыртпашылығына қарамастан қабырғасы енді ғана қаланған институттың ұйымдастыру мәселесіндегі қыруар жұмысына бар күш-жігерін жұмсады. Тұрсын Мырзабекова 14 жылдан астам уақыт ректор қызметін атқарды. Осы жылдар аралығында оқытушылар құрамы ғылыми атақтары бар ұлағатты ұстаздармен толығып, материалдық-техникалық және оқыту-әдістемелік мүмкіндіктері арта түсті.

Университетіміз 80 жыл бойы Қазақстанның әйелдер білім беруінің көшбасшысы болып, білім беру саласындағы биік мақсаттарға жетуге бағытталған бірегей миссияны атқарып келеді. Тарихымыздың әр кезеңінде білім ордамыз көптеген қиындық пен өзгерістерді бастан өткеріп, үздіксіз даму жолын таңдады. Ұрпақтар сабақтастығы мен білім алушыларға деген шынайы қамқорлық арқылы біз қыздарға тек сапалы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар ертеңгі күнге сенімділікті ұялатуға ұмтылдық.

Сексен жыл ішінде университеттің маңызды жетістіктері ретінде қандай негізгі оқиғаларды атап өтер едіңіз? – QyzPU тарихы – бұл, ең алдымен, мықты тұлғалардың, талантты оқытушылар мен қабілетті студенттердің тарихы. Университетіміздің барлық жетістігінің артында адал қызмет атқарып келе жатқан ұжымымыздың еңбегі жатыр. Ұстаздарымыздың кәсіби шеберлігі, олардың студенттерге деген мейірімі мен қолдауы әрбір түлегіміздің жүрегінде мәңгі сақталады. Сонымен қатар біздің әрбір түлегіміз – еліміздің мақтанышы, олар педагогика және ғылым салаларында елеулі жетістіктерге жетіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып келеді.

2020-2023 жылдары QyzPU студенттері 189 шығармашылық және интеллектуалдық іс-шараларға қатысып, 339 жүлделі орынға ие болды. Университет әлемнің он тоғыз елімен 62 халықаралық келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Былтыр 69 студент шетелге оқуға жіберілді, шетелдік әріптестермен 10 жаңа ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды және Германияның ACQUIN аккредиттеу агенттігінің аккредитациясынан сәтті өтті. Сонымен қатар университетіміз Жаһандық Times Higher Education Impact Rankings рейтингісіне екі жыл қатарынан енді.

Биыл 80 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне 1986 жылдан бері алғаш рет Алматы қаласының орталығында оқу ғимараты берілді. Мемлекеттен берілген оқу ғимаратының ауданы 12 000 шаршы метрден асады. Оқу орнының миссиясы – әлемдік үздік тәжірибелер негізінде адами капиталды дамытуға үлес қосу. Біз бұл мақсаттың үдесінен шығу үшін кәсіби және академиялық адалдық, ашықтық және көшбасшылық, төзімділік және патриотизм, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілік сынды құндылықтарға сүйенеміз.

Дүниежүзілік банк пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдауымен білім ордасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында заманауи стандарттарға сай жабдықталған 4 мектеп кабинеті ашылды. Олардың үшеуі жаратылыстану бағыты бойынша химия, биология және физикаға арналған болса, төртіншісі – инклюзивті білім беруге арналған кабинет. Университетте бес институт бар: Жаратылыстану институты, Педагогика және психология институты, Әлеуметтік-гшуманитарлық ғылымдар және өнер институты, Филология институты, Физика, математика және цифрлық технологиялар институты.

Білім ордасына биыл 4353 талапкер мемлекеттік грантқа оқуға түсті. Бұл көрсеткіш 2022, 2023 оқу жылымен салыстырғанда екі есеге өскен. Қазіргі таңда университетте бакалавриат бойынша 11 240, магистратура бойынша үш жүз жиырма сегіз, докторантура бойынша 84, колледж төрт жүз он төрт студент оқиды. Ауыл мен қала білімінің аражігін жалғап, болашақ мұғалімдердің білікті маман ретінде қалыптасуына баса назар аударудамыз. Осы орайда университетте Ауыл мектептеріндегі білім сапасын зерттеу орталығы ашылды.

Орталықта ұстаздардың көшбасшылығы мен мәдениетін дамытуға басымдық бере отырып, ауыл мұғалімдері орталық мамандарының бағдар беруімен әдістемелік көмек алып келеді. Сонымен қатар «Ғылыми серіктестік: университет-мектеп» бағытында жүргізілетін тәжірибелік семинарлар мектептермен ғылыми серіктестікті дамытатын маңызды кәсіби алаң ретінде жұмыс істеп отыр.

Университет әйелдер білімін дамыту мен гендерлік теңдікті ілгерілетуде қандай рөл атқарады? –  Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – Орта Азиядағы тек қыздарға арналған білім ордасы ретінде еліміздің білім беру жүйесінде маңызды орынға ие. Біздің басты миссиямыз – білім беру саласында еліміздің және әлемнің игілігі үшін озық білім мен ғылымды жасап, дамыта алатын, құндылықтарымызды тарата алатын көшбасшы ұстаздарды қалыптастыру. Бүгінгі таңда QyzPU еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыру және әлемдік озық білім беру тәжірибесін меңгеру бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Қыздар университетінде Нұртазина Рафиқа Бекенқызы, Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы, Асылы Осман Әлиқызы, Жадрина Мақпал Жұмабайқызы, Ұзақбаева Сақыпжамал Асқарқызы, Бақтыгереева Ақұштап Бақтыгерейқызы, Исағұлова Ағайша Шермұхамбетқызы, Қарамолдаева Галина Жұмабекқызы, Ералиева Мәдина  Есмалайқызы сынды белгілі тұлғалар білім алды. Сондай-ақ оқу орнын Жәмилә Тоқтарбекқызы, Сейілбек Мұхамеджарұлы, Серік Жайлауұлы, Шәмша Көпбайқызы, Динар Жүсіпәліқызы сынды  білікті басшылар басқарды.1984 жылы Қазіргі Әйтеке би көшесіндегі жаңа архитектуралық тәсілмен салынған зертханалық, оқу залдары бар бас ғимараты пайдалануға берілді.

Биыл қазақ әйелі әлеміне арналған тұңғыш әрі бірегей «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі ашылды. 2019 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанынан Кәсіби білім беру колледжі ашылды.  Университетіміз 80 жыл ішінде жетпіс мыңнан астам ұстазды даярлап шығарды. Түлектеріміз білім беру және ғылым саласында үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына үлестерін қосып келеді. Бұл қазақ қыздарының өжеттігін, басшылық қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Алып тұлғалар бастаған жолменен қазіргі кезде де қыздардың білімін жетілдіру жолында үздіксіз қызмет атқарып келеміз.

Соңғы жылдары қандай жаңа бағыттар мен білім беру тәсілдері енгізілді? – Университетті заманауи талаптарға сай дамыту – басты назарда. Қазіргі таңда жаңа буынды инновациялық білім беру технологиялары мен ғылыми зерттеулерді интеграциялау арқылы даярлаудамыз. Бұл – біздің стратегиялық мақсаттарымыздың маңызды бөлігі. Сонымен қатар университет халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және әлемдік деңгейдегі білім беруді қамтамасыз етуге ұмтылуда.  Университет ғалымдарының Алматы қаласының ауасын тазартатын инновациялық әдісін ойлап табуы оқу орнындағы ғылыми зерттеу жұмыстарының басымдыққа ие екенін көрсетті.

Физиолог-генетиктер жоба аясында зиянды заттарды бойына сіңіріп алатын өсімдіктер өсіруді қолға алып отыр. Қала экологиясын жақсартуға бағытталған ғылыми-өндірістік жұмыстар басталды. Алматы облысындағы Көлді агробиостансасының базасында шамамен 5 гектар жерге арнайы сұрыптаудан өткен өсімдіктер егіліп, көшеттер қаланың халық көп шоғырланған аумақтарына отырғызылды. Жоба жетекшісі, ғалым-физиолог Асқар Қалекешов атап өткендей, Көлді агробиостансасы тәжірибе алаңы ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ.

Мұнда биолог зерттеушілер мен болашақ биология мұғалімдері зоология, ботаникадан далалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ғалымдар өсімдіктерді өсіруден бөлек, адам ағзасын тазартатын биологиялық белсенді препараттар да дайындайды. Осы орайда ғалымдар Шығыс Қазақстан облысына арнайы экспедициямен барып, емдік өсімдіктерді, атап айтқанда, Алтай үш қатын Алматы облысына жерсіндіру арқылы алынған өнімді ағзаны сауықтыруға пайдаланады. Генетика және физиология ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп іске асатын жоба университет тарапынан қаржыландырылады.

Университетіміздің академиялық және ғылыми жетістіктері жыл санап артуда. Соңғы бер жылда оқу бағдарламаларымыз күрделі өзгерістерге ұшырады. Заман талаптарына сай отыздан аса жаңа инновациялық бағдарламалар енгізіліп, 86 астам оқу бағдарламаларымыздың мазмұны жаңартылды. Мемлекеттік инвестициялардың арқасында, құны 900 миллион теңгеден асатын он бір ғылыми лабораториялар құрылуда. Университетімізде балаларды ерте жастан дамыту және отбасы мәселесі, гендерлік және әлеуметтік зерттеулер, химия-биология зерттеу орталығы, цифрлық және инклюзивті білім беру, ұлы дала тарихы сияқты ғылыми зерттеу орталықтары жұмыс істейді.

Болашақ ұстаздар білім алатын орта мен қолайлы инфрақұрылымның болуы өте маңызды. Мемлекет тарапынан бөлінген зерттеу мен педагогикалық әдістерімізді шыңдау және заманауи лабараторияларды құру мақсатында бөлінген қаржыға 47-ден астам жаңа оқу кабинеттері мен лабараториялар ашылуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен заманауи стандарттарға сай жабдықталған химия, биология және физика, инклюзивті білім беруге арналған кабинет ашылды. Сондай-ақ профессорлар қашықтан оқыту форматында онлайн курстарын дайындау мақсатында көпфункционалды мультимедиялық «Online Teaching Studio» ашылды.

1980 жылдары негізі қаланған кітапханамыздың күрделі жөндеуіне жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 1 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Қазіргі таңда білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында университеттің мәжіліс залы, лабараториялық кабинеттері мен оқу кабинеттері жаңартылуда.  Бұл университетіміздің заманауи және халықаралық талаптарға сай білім ордасына айналу мақсатында жасап жатқан тек алғашқы қадамдары. Алдағы уақытта да оқу ордасының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында аузымды жұмыс жүргізіледі.

Университет студенттік бастамаларды қалай қолдайды және дамытады? – Біздің жоғары оқу орнының барлық жетістігінің артында адал қызмет атқарып келе жатқан ұжымның еңбегі жатыр. Ұстаздарымыздың кәсіби шеберлігі, олардың студенттерге деген мейірімі мен қолдауы әрбір түлегіміздің жүрегінде мәңгі сақталады. Түлектеріміз – еліміздің мақтанышы, олар педагогика және ғылым салаларында елеулі жетістіктерге жетіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Жоғарыда айтып өткендей университет әлемнің 19 елімен алпыс екі халықаралық келісімдер мен шарттар негізінде жұмыс істейді. 2023 жылы 69 студент шетелге оқуға жіберілді, шетелдік әріптестермен он жаңа ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Суденттеріміз академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан серіктес университеттерде білімдерін шыңдауда. Биыл университет тарихында алғаш рет студенттеріміз Түркия мектептерінде педагогикалық практикадан өтіп келді. Түлектерімізге халықаралық мектептерден жұмысқа тұру ұсыныстары көптеп келіп жатыр. Университетімізде ғылыми жобалардың саны жыл санап артуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және ішкі қаржыландырудың арқасында Ғылыми жобалардың жалпы көлемі 1 миллиард теңгеге жақындады.

Халықаралық серіктестердің саны да артты. Олардың ішінде Ұлябританиядағы Сессек университеті, АҚШ-тағы МІТ және Michigan мемлекеттік университеті, Missispsi алқабындағы мемлекеттік университет, Түркиядағы Гази университеті, Ниде Халесдемир университеті, Қытайдағы Хубей университеті, Hong-Kong білім беру университеті, тағы да көптеген серіктестіктер бар. Көптеген елдердің белгілі суретшілерінің басын қосып, студенттермен байланыс орнату үшін тау бөктерінде халықаралық симпозиумдар ұйымдастырып келеміз. Студент қыздарымыз Түркия мектептерінде іс-тәжірибеден өтіп, кәсіби біліктілігін шыңдауда. Студенттердің сапалы білім алып, көкжиектерін кеңейту жолында халықаралық байланысты нығайта бермекпіз.

Сексен жылдық мерейтой құрметіне байланысты студенттер мен оқытушыларға және түлектерге ізгі лебізіңіз? – Бұл кезекті мерейтой – тарихымыз бен болашағымызды байланыстыратын сәт. Бұл тек қана өткенімізді еске алу емес, сонымен қатар болашаққа батыл қадам басу уақыты. Осы мерейтой арқылы біз университеттің жетістіктерін қорытындылап, болашақтың жаңа белестеріне бағыт аламыз. Қазақ аруларының қара шаңырағы еселі еңбегімен, көркем мінезімен ұстаз деген ұлы мамандықты жанына серік етіп, сол арқылы шәкірттердің жүрегіне жол табатын білімді қыздарды даярлауды әрі қарай жалғастыра бермек.

Біз алдағы уақытта да педагогикалық және ғылыми қызметімізді одан әрі дамытып, білім беру саласындағы жетекші рөлімізді нығайта түсеміз. Университетіміздің әрбір мүшесінің еңбегі мен жетістіктері – бұл біздің ортақ жеңісіміз. Қарашаңырағымыз болашақта жаңа белестерді бағындыратынымызға сенімдімін.

Гүлмира Әмірханқызы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Мерейтой құтты болсын! Ұстаздар ұстаханасына айналған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ел болашағын қалыптастыру жолында мол жетістікке жете беруіне тілектеспіз.

Фатима КУЛТАЕВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий