Қыздар педагогикалық университетіне – 80 жыл! Қыздардың құт мекені
Мектеп бітіргеннен кейін әрбір түлектің мақсаты жоғары оқу орнына түсу. Менің де дәл сол уақытта жоғары оқу орнының студенті атанып қана қоймай, өзім ұнатқан, сүйікті Қыздар университетіне түсу арманым еді. Мен еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарын саралай келе, еш ойланбастан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне құжат тапсырып, грант негізінде оқуға түстім.
Менің өміріме бұл қара шаңырақтың әсері көп болды. Әсіресе физика кафедрасының ұстаздарының берген тәлім тәрбиесі мен білімі әлі күнге дейін жадымда. Физика кафедрасының білікті ұстаздарынан білім алу мен үшін үлкен мәртебе болды. Осы ұжымның әрбір ұстазы елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақтарды оқытып-тәрбиелеуге ерекше жауапкершілікпен қарады. Менің жетекшім, әрі анамдай болып кеткен Ершина Айнагүл Қапасқызына, ұстазымыз Жамалов Ажмұқан Жамалұлына, кураторым Көпенбаева Амангүл апайға, физиканы оқыту әдістемесінің нағыз маманы, өз ісінің шебері Сандибаева Назира Әбдіқадырқызына, сонымен қатар, Айдарбекова Ақмарал апайға, Қаптағай Гүлбану апайға ыстық ықыласымды, ерекше алғысымды білдіремін.
Менің авторлығыммен соңғы бес жылда отыздан аса баспа жұмыстары, оның ішінде 2 монография жарыққа шықты. Web of Science және Scopus деректер базасына енгізілген Q1, Q2, Q3 квартильдерімен – жеті мақала шықса, ҚР ҒЖБМ ҒЖБСБК ұсынған басылымдар да – 4, РҒДИ-де индекстелген журналдарда – екі, ҚР 4 патент және Халықаралық және шетелдік ғылыми конференциялар жинағында он бестен аса тезистерім бар. Сонымен қатар, электрондық оқулық пен оқу құралдарының авторымын. Хирша индексі 4-ке тең (h=4), халықаралық конференциялар жұмысына ауызша баяндамалармен қатыстым.
Бүгінде айналысып жүрген зерттеу бағытым – Темплэйтті синтездеу әдістерін қолдану, күрделі оксидті қосылыстардың, мырыш пен селен қосылыстарының және тағы да басқа наноөлшемді кристаллиттер мен нано сымдарын жасау және олардың қасиеттерін зерттеу. Қазіргі таңдағы эксперименттік зерттеу әдістерін қолдана отырып материалдарды зерттеу: оптикалық, Раман спектроскопиясы, рентгендік құрылымдық талдау, сканерлеуші электронық микроскопиясы, электр кедергісін және электр сыйымдылығын өзгерту арқылы тесттік құрылымдарының газ сезімталдығын анықтау әдісі, a-SiO2/Si құрылымының DC-60 үдеткішіндегі сәулеленуін зерттеп келемін.
Айман Дуйсембаевна АКЫЛБЕКОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің PhD докторы, техникалық
физика кафедрасының доцент міндетін
атқарушы, 2009 жылғы түлек