Қыздар педагогикалық университетіне – 80 жыл! Қазақ қыздарының “Шамшырағына” – 80 жыл

Қазақстандық білім беру кеңістігінде академиялық білім беретін университеттердің орны ерекше. Алғашқылары ғасырлық тарихын парақтап жатса, соңғылары ел тәуелсіздігімен келген жаңа кезеңнің сатыларымен өрлеп келеді. Солардың ішінде өзіндік дара дәстүрі бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің еліміздің жоғары білім беру жүйесінде айрықша беделі мен абыройы бар.

Беделді болатыны: аты да, контингенті де ерекше бұл университеттің қалыптасу тарихы мен мазмұны бай.  Ол өзінің сексен жылдық тарихында қалыптасу мен дамудың әр түрлі кезеңдерінен өтіп, қоғамның өзгерістеріне сәйкес көкейкесті мәселелерді шеше алатын жоғары білікті мамандар даярлап келеді.Ұрпақ тәрбиесі ана ұлағатынан, әже әлдиінен  бастау алатыны ешкімге жаңалық емес. Ертеңгі ұл мен қызды тәрбиелейтін ана – бүгінгі бойжеткен, аяулы аруларымыз. Тал бойына қайсарлық пен өжеттік, нәзіктік пен мейірімділік қатар дарыған дала қыздарының тектілігін ешкім де жоққа шығара алмас.

Ел басына күн туғанда, ерлермен бірге қан кешкен Әлия мен Мәншүктің, ел намысын өз намысы деп ұққан кешегі Ләззат пен Сәбираның ерлігі сөзіміздің айқын дәлеліндей. Кең ойлап, тең кесетін дала перзентінің даралығы дарыған Қыздар университеті бүгінгі күні де білім кеңістігінде білімді де білікті мамандарды даярлаумен ерекшеленіп отыр.  Соғыстың қиын кезінде шалғайдағы қазақ қыздарының жоғары білім алуы үшін ашылған бұл оқу орны қашан да ұлт болашағын ойлаған, ел тұтқасын ұстаған азаматтардың қамқорлығын сезініп келеді, әйтпесе «соғыс бітті, өз миссиясын орындап болды» сияқты жөнсіз себептермен осы университетті жабуға құштар қауым да аз болмады.

Еліміздегі білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті еңбек етуде.  Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару – педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашан да білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар университетінің басты бағдары.

Абыройлы болатыны: Қыздар педагогикалық университеті халықаралық және ұлттық аккредиттеу агенттіктері тарапынан жоғары бағаға ие боп жүрген оқу орындарының бірі. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінде институционалды аккредиттеуден сәтті өтсе,  білім беру бағдарламалары да  ACQUIN (Германия) және IAAR (Қазақстан) сияқты аккредиттеу агенттіктері өткізген сараптаудан лайықты дәрежеде көрініп, үш жылдан 7 жылға дейін аккредиттелген. Ұлттық рейтингке қатысу барысында университет АРТА, БСҚТА, Атамекен тәрізді рейтингтерде жетекші орындарда тұрақтады, сонымен қатар ARES, QS, QS EECA, THE және Webometrics сияқты халықаралық рейтингтердегі орнын бекітті.

Сондай-ақ студенттердің әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша білім алуына ықпал етеді. Соңғы он жылдан бері аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі Қазақстан Республикасының “Жоғары оқу орындарына сұраныстың ұлттық рейтингін” өткізеді. Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі Берлин қағидаттары бойынша ашықтық, объективтілік, тексеру және кадрларды даярлау бағыттары мен деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының сапасын анықтауға бағытталған ақпарат көздерінің қолжетімділігін сақтауға негізделген.

“Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі” Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – “ТОП-20” Қазақстанның жоғары оқу орындарының жалпы рейтингінде білім беру бағдарламаларын сандық саралау нәтижелері бойынша жоғары оқу орындары арасында сегізінші орынға ие болды. Атап айтқанда, Филология институты  келесі білім беру бағдарламалары бойынша жүлделі орындарға ие болды: үшінші орын – 6В01701 «Қазақ тілі мен әдебиеті» бакалавриат; бірінші орын – М017 «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалімдерді даярлау» магистратура; екінші орын – D060 «Филология» докторантура.

Тағы бір ерекше назар аударатын жаңалық, басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанайдың арнайы шақыруымен дүниежүзіне белгілі ұстаз, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының 2020-шы жылғы иегері Ранжит Дисале Қыздар университетінің мәртебелі қонағы болды. «Мұғалімдерге тәрбие мен білім беріп жатқан баға жетпес еңбектеріңізге сондай сүйсініп тұрмын. Өйткені сіздер тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қоғамды дамытуға өз үлестеріңізді қосып жатырсыздар», –  деді ұстаздарға арналған Нобель сыйлығының иегері Ранжит Дисале ректормен кездесуінде. Қазақ қыздарының парасат мектебінің мәртебелі мейманы болашақ педагогтармен тілдесіп, ұстаздықтың қыр-сырымен бөлісті.

Атап айтқанда, Ранжит Дисале жастарды ХХІ ғасырдың ұстазы болуға шақырды. Сонымен қатар, Малайзияның халықаралық мәдени коммуникация орталығы басқарушы директорының орынбасары Бэнджамин Леонг Так Ханг Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен байланыс орнату үшін арнайы Қазақстанға іс-сапармен келді. Ресми кездесу барысында екі тарап білім, ғылым және мәдениет саласында бірлесіп жобаларды атқаруға келісіп, меморандумға қол қойды. Бұл келісім Қыздар университеті үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, яғни тек Малайзия ғана емес, Қытайдың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттерді жіберуге жағдай жасалады.

Қыздар университетінің білім беру бағдарламалары да рейтингте алдыңғы орындарға ие болды. Мәселен, 6В01702 – «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» білім бері бағдарламасы бағалауда бірінші орын алды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жаһандық Times Higher Education Impact Rankings 2024 рейтингіне енді! Бұл жетістік – университетте жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулердің деңгейі жоғары екенін және оның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) негізделгенінің дәлелі. QyzPU Times Higher Education Impact Rankings рейтингіне екінші жыл қатарынан еніп отыр.

Университет тұрақты дамудың барлық 17 мақсатына жету үшін белсенді түрде жұмыс істейді, бұл рейтингке ену үшін маңызды фактор болып табылады. Білім беру сапасын қамтамасыз ету тәуелсіз агенттігі (IQAA-Ranking) жүргізген Қазақстандағы жетекші университеттердің ұлттық рейтингінің 2024 нәтижесі бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті екінші орынды иеленді. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік – рейтинг (IQAA-Ranking) он алтыншы жыл қатарынан Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингінің нәтижелерін ұсынады.

Алты санат бойынша институционалдық рейтингке 51 университет қатысты: көпсалалы, техникалық, гуманитарлық-экономикалық, педагогикалық, медициналық және өнер университеттері, білім беру бағдарламалары рейтингіне отыз екі жоғары оқу орны қатысты. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық QS Stars рейтингтік жүйесінің кешенді бағалауының нәтижесі бойынша төрт жұлдызға ие болды. Аталған жетістік Университеттің білім беру сапасы стандарттарының жоғары екенін және жаһандық ынтымақтастыққа аса көңіл бөлетінін көрсетеді. QS Stars рейтингі аясында университеттің әртүрлі бағыттары бағаланды.

Университет «Тиімді басқару» және «Жұмыспен қамту» санаттары бойынша ең жоғары нәтиже – 5 жұлдыз алса, «Оқыту» санаты бойынша төрт жұлдызды иеленді. Бұл – оқу  процесі деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. Сондай-ақ «Академиялық даму», «Инфрақұрылым» және «Әлеуметтік ықпал» санаттары бойынша 3 жұлдыз, «Жаһандық қатысу» және «Инклюзия» салаларында екі жұлдыз, «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша 4 жұлдызға ие болды. Айта кетейік, QS Stars – университеттердің мықты тұстарын ауқымды критерийлер бойынша бағалайтын тәуелсіз рейтингтік жүйе.

Ол университеттерге өздерінің бірегей артықшылықтары мен әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Диссертациялық Кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы» ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің (14.06.2024ж, №294) бұйрығының  негізінде 8D02301 – «Филология», 8D01703 – «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламалары бойынша диссертациялық кеңес қайта ашылды. Кеңес белгілі профессорлардан жасақталды. Олардың қатарында елімізге белгілі ғалымдар мен тіл мамандары бар. 8D02301 – «Филология» білім беру бағдарламасы бойынша диссертациялық кеңес төрағасы – ф.ғ.д., профессор Ермекова Тыныштық Нұрдәулетқызы.

Диссертациялық кеңес – ғылыми зерттеу жолына түскен болашақ ғалымдардың еңбегін саралап, ғылыми сүзгіден өткізетін ғалымдар кеңесі. 8D01703 – «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша кеңесті педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сатбекова Айгүл Амантайқызы басқарады. Бұған дейін Қазақстанда «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша небәрі екі диссертациялық кеңес болған. Солардың біреуі ғана Алматыда. Тағы бір диссертациялық кеңестің ашылуы докторанттар үшін кәсіби тұрғыда өсіп қана қоймай, әлемдік деңгейдегі ғалымдардан тәлім алуға мүмкіндік бермек.

1986 жылдан бері алғаш рет 80 жылдық мерейтой қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне Алматы қаласының орталығынан оқу ғимараты берілді. Аталған жобаны басынан аяғына дейін QyzPU Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Нұртайұлы Өксікбаев жүргізді. Мемлекет тарапынан берілген оқу ғимаратының ауданы – 12 000 шаршы метрден асады. Биылғы қазан айының 11-і күні Алматыда отандық педагогика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Күләш Құнантайқызының құрметіне оқу ғимараты беріліп, дәрісхананың ашылу салтанаты өтті.

Күләш Құнантаева – Қазақстан әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы, академик. Іс-шарада профессордың құрметіне оқу ғимараты беріліп,  «Қазақстандағы білім саласында әйелдердің рөлі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кітапханасына биыл күрделі жөндеу жасалып, ұлағатты ұстаз  Сералы Қаниевтың аты берілді. Сералы Қаниұлы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына үлкен үлес қосқан ардақты ұстаз, белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі, еңбек ардагері.  Қырық жылға жуық Қазақ қыздар педагогикалық институтында қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. 

Университет қабырғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға дайындауды басты назарда ұстайтын ҚызПУ ректоры Гүлмира Әмірханқызы педагогикалық білім беруді дамытудың тетіктерін атады: «…елімізде орын алып жатқан реформаларды жылдамдату және педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мақсатында келесідей ұсыныстар бергіміз келеді. Біріншіден, біз, жоғары оқу орындарының өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам дәрежесіндегі академиялық автономияны ары қарай кеңейтуіміз қажет. Екіншіден, біз оқытушылардың эмпирикалық зерттеу жасау әлеуетін арттырып, зерттеу негізінде білім беру принциптерін іске асыруымыз қажет. 

Үшіншіден, біз жұмыс берушілермен біріге отырып, инновациялық оқу бағдарламаларын дамытуымыз қажет. Төртіншіден, біз келешек ұстаздарды оқытуда рефлексия, эмоционалдық зияткерлік, инклюзивтілік, әлеуметтік және шешім қабылдау сияқты дағдыларды дамытуымыз қажет. Бесіншіден, біз кәсіби білікті арттыру орталықтарымен және жұмыс берушілермен біріге отырып, университеттерге практик мамандарды көптеп тартуымыз қажет. Алтыншы, біз университеттердегі оқытушылар мен зерттеушілерді білім беру саласындағы реформаларды дамытуға және іске асыруға көптеп тарту маңызды. Жетінші, біз педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мақсатында ары қарай да университеттерді кәсіби бағыттарына сәйкес бейімдендіруді жалғастыру беруіміз қажет».

Айгүл САТБЕКОВА,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор, «ЖОО үздік оқытушысы»
мемлекеттік грантының иегері,
Тыныштық ЕРМЕКОВА,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, «ЖОО үздік оқытушысы»
мемлекеттік грантының иегері,
Сәуле АСАНБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
профессор, БББ көшбасшысы, ҚазҰҚПУ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий