Біртұтас тәрбие: нәтиже мен әрекеттер – Қоғамның басты міндеті мен мүддесін біріктірген бағдарлама

Ғалымдарымыз «тәрбие» деген ұғымды  жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс дейді. Жалпы адам баласы дүниеге келгеннен бастап үздіксіз білім мен тәрбиені бойына сіңіреді. Біздің халқымыздың ғасырлар тұңғиығындағы тарихын сараласақ ұлттық мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер арқылы ұрпақ тәрбиелеуге күш-жігерін сарп еткенін көреміз.

Қазақтың «Тәрбие басы – тал бесік» деген астарлы сөзі тәрбиенің қайнар көзі ұядан басталатынын, жас шыбықтың рухани құңдылығы үйден дамитынын жеткізіп тұр. Заманы түлкі болса, тазы болып шалатын заманда қазір қоғам да өзгерді, көзқараста бөлек. Әрине, бес саусақ бірдей емес, көпке топырақ шашқандай болмайық. Дегенмен оқушыларымыз қанаттарын ұяларынан қағып келгенімен, тәрбие азығын көбінесе мектеп қабырғасынан алатындай болып көрінеді. Алайда білім ордасынан алған тәлім-тәрбиенің орны бөлек.

Осы орайда білімге бағыттап, ұлттық сананы қалыптастырып жүрген ұстаздардың кеудесіне алтын ғаріптермен «тәрбиеші» деген төсбелгі қағуымыз да артық етпейді. Кейде әріптестерімізбен ұстаздық жолмен қатар жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесін жауапкершілікпен алып жүргенімізге шүйкелесіп, қуаныпта қаламыз. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», – деп дауылпаз ақын Қасым Аманжолов жырлағандай әрі қарай өз мектебім, яғни ауылдағы шағын білім ордасы жайлы әңгіме өрбітсем деймін.

Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мақсаты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу болса, соның аспектілеріне негізделген адами құндылықтарға бай әділетті ел, адал азамат, озық ойлы ұлт пен оқушыларды тәрбиелеу ісін жүзеге асыруда жалпы орта білім беретін мектебімізде біліктілігін биік дәрежеде ұстап, алдыңғы шепте бой көрсетіп жүр. Тәрбие берудің ең көрнекті құралының бірі, амал-тәсілі әдебиет үлгілері, көр­кем шығармалар болып табылады.

Біздің білім ұясында осы бағдарламаның шеңберінде «Кітап — алтын қазына» акциясы ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның ерекшелігі барлық ауыл тұрғындары мектеп кітапханасына өз кітаптарын сыйға тартуы және бір-бірімен кітаптарды алмасуы болды. Осы басқосу арқылы оқушыларымызға алтын азыққа толы кітаптар арқылы тілсіз тәрбиені ұғындырдық. Ауыл ақсақалы Қылышбеков Ануарбек Қылышбекұлының бастамасымен өзі сан уақыттар бойы жинаған кітаптарын табыстауы тәрбиелік үгіт насихаттың бастамасындай болды.

Абай Құнанбайұлының пайымдауы бойынша бала тәрбиесіне, жалпы бала болмысына «Адамның бір қызығы– бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деген өлең тармақтары ойға оралады. Қадірменді қария байыпты ақыл-кеңесі арқылы оқушаларға тәрбиенің терең тағылымы жинаған білім азығымен пара-пар екендігін жеткізеді. Іс-шара аясында қазыналы қарияның келер буынға берген ізге батасы мен жылы лебізі тәрбие бағдарындай көрінді. Бүгінде бұл іс-шара дәстүрге айналды. Мектеп оқушылары, ұстаздары, қызметкерлері мен ауыл тұрғындары мектебіміздің кітап қорын толықтыруда.

Әрі оқушыларымыздың озық ойлы болып қалыптасуы мақсатында түрлі танымдық және тәрбиелік, патриоттық мәні бар іс-шаралардың легі басым. Соның бірі, салауатты өмір салтын нәсихаттау, жас ұрпақты спортқа бейімдеу үшін мектебімізде аудандық деңгейде спорт спартикиадасы ұйымдастырылды. Қоршаған ортамызды қадірлеу, тазалықты ұстану – үлгі әрекет екенін ұғындыру жолында түрлі тақырыптағы сенбіліктер, қарияларға көмек көрсетілді. Оқушыларымыздың дүниетанымдық көзқарасы қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай талпыныстары көз қуантарлық.

Оның бір себебі мектебіміздегі білім алатын оқушыларымыздың жанашырлық, адалдық, жалпы адам баласының бойынан табылатын адами қасиеттерді бірден алып кету, ұғыну қатты байқалады. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов: «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады?», – деген. Өркениетіміздің алға өрлеуі, ел болашағының кілтін ұстайтын жас ұрпақтың қолында. Ал саф алтынға тең көркем мінезбен біте қайнасар тәлім-тәрбиенің көзін ашу біздің міндетіміз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі – ұлттық идеологияның және қоғамның басты міндеті мен мүддесі екенін ескеруіміз керек.

Аягөз Дәуренбекқызы ДӘУРЕНБЕК,
Өтеміс ауылының жалпы орта білім
беретін мектебі, Ақмола облысы,
Целиноград ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий