Сабақ беру – жаңадан жаңаны табатын өнер
«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр ұялата алады», – деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Білімді бере салу оңай, ал оқушыны пәнге қызықтырып, өздігінен ізденуіне мүмкіндік беру – өзекті мәселе. Ізденіс барысында түйінді мәселелерді бекітуде сыни ойлауды, өзіндік оймен жауап беруді үйрету қажет. Оқушының білім алуына жағымды орта орнату үшін мұғалім өзінің оқуы мен оқытуына ұсынған өзіндік идеясы құнды болуы тиіс.
Жүсіпбек Аймауытовтың: «Сабақ беру – үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер», – деген ұлағатты сөзі бүгінгі таңда да күшін жоғалтпай келеді. Қазақ халқының аса көрнекті ғалымы, ұлы педагог Ахмет Байтұрсынұлы: «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтылық белгісі – бір ғана әдісті білу, шеберліктің белгісі – түрлі әдісті білу. Мұғалім әдісті көп білуге тырысуы керек, оларды өзіне сүйеніш, қолқабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», – деп жазған екен.
Сабақ беру барысында іс-әрекеттер сабақ кезеңдеріне байланысты кіріктірілді. Сондықтан да, біз де сабағымызды миға шабуыл жасаудан, басқаша айтқанда, ой қозғаудан бастаймыз. Оқушылар қажеттіліктеріне қарай түрлі тапсырмаларды орындайды. Қабілеті жоғары және төмен оқушыларға өздерінің білім деңгейлеріне сай деңгейлік тапсырмалар жазылған үлестірме қағаздар беріп, жауаптарын алып, бағалау қағаздары арқылы мадақтап отырамыз. Ал, қабілетті оқушылар сабақты күнделікті өмірмен байланыстыра отырып, өз ойларын еркін, тереңірек жеткізе білді.
Сондай-ақ, өз тәжірибемде оқу үрдісінде сабақ мақсатына көп көңіл бөлу керек екенін байқадым. Жаңаша ізденіс, жаңаша көзқарас жалғасын тауып, ел ертеңі келешек ұрпақтың білім алудағы жетістікке жету жолында нәтижелі еңбек ету керектігін сезіндім.Кейбір оқушыларды сырттай бақылағанда олардың тапсырманы орындауларында өз бетінше жұмыс істеуге дағдыланбағанын көруге болады. Мұғалімнің қаруы – сұрақ. Сұрақтың нақты, дәл және анық болып құрылуы оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес алынуы – жақсы нәтижеге жетудің бір жолы болып табылады.
Оқушы топпен жұмыс жүргізгенде берілген тапсырмаларды бірлесе отырып, оны бір-біріне түсіндіре отырып орындаса, сөздік қорлары дамиды. Сабақ – бұл өнер, педагогикалық шығарма, сондықтан да ол өзінің біртұтастылығымен, бөліктерінің ішкі өзара байланысымен, оқытушы мен оқушылардың бірыңғай іс-әрекетін өрістету логикасымен ерекшеленеді. Бұл оқушылардың танымдық әрекетін басқаруды қамтамасыз етеді. Әрбір сабақтың басталуы – мұғалімнің сабақ нәтижесінде не алуды мақсат ететіндігін айқын анықтаудан, оны түсінуден басталады. Сабақтың типі жөнінде ғылыми тәжірибелік зерттеулер де, жүйелеулер де жетерлік.
Қорыта келе, үздіксіз іздену, жаңадан жаңаны табу – мұғалімдерге қойылып отырған басты талаптардың бірі. Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштері – әдістеме салаларындағы ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеру. Оларды өздерінің күнделікті сабақтарында пайдалану, осы орайдағы мұғалімнің шығармашылық еңбегі, ең алдымен, сабақпен байланысты. Демек сапалы, нәтижелі жүргізілген әрбір сабақ – ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы.
Акбота МЫНБАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты, «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және бастауыш білім беру» кафедрасының аға оқытушысы