Профессор Мұқатай Жандаевтың Қазақстан географиясына қосқан мұрасы мен үлесі
“Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” дегендей адамзат баласының артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы жақсы меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары естен кетпейтін адамдар болады. Сондай бейнесімен біздің есімізде қалатын тұлғаның бірі география ғылымдарының докторы, профессор Мұқатай ЖАНДАЕВ еді.
Мұқатай Жандаевич Жандаев — геоморфология, геотектоника және картография салаларына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол тек ғылыми ізденістің символы ғана емес, сонымен қатар жас ғалымдардың тұтас буынына нағыз тәлімгер болды. Оның майдандағы қызметінен бастап Қазақстанның жетекші географына айналу жолы ғылымды тануға деген өз ісіне адалдық пен ұмтылыстың үлгісі болды. Оның өміріндегі негізгі кезеңдер мен Қазақстан ғылымына қалдырған өшпес мұрасын атап өткенді жөн көріп отырмын.
Мұқатай Жандаев 1916 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. 1939 жылы Петропавл зооветеринарлық техникумын бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылды. Қызмет барысында Чита авиациялық мектебін және 1-ші Рязань жоғары авиация ұшқыштары мен штурмандар мектебін бітірді. 1943-1945 жылдары алыс қашықтықтағы бомбалаушы ұшақта атқыш-радист ретінде Ұлы Отан соғысына қатысқан. Арктикада, Смоленск, Балтық жағалауында соғысқан.
“3-дәрежелі Даңқ” орденімен, “Ерлігі үшін”, “Ленинградты қорғағаны үшін”, “Кеңестік Арктиканы қорғағаны үшін”, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін ол өмірін ғылымға арнауды шешіп, Воронеж педагогикалық институтын тәмамдады, кейін Қ.И. Сәтпаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының аспирантурасында оқуды жалғастырды. Дәл сол жерде ол геоморфология мен геотектоника саласындағы алғашқы ғылыми зерттеулерін бастады, олар кейіннен оның ғылыми мансабының негізіне айналды.
Жандаевтың ғылыми қызметі геоморфологиялық процестерді зерттеу мен өзендер мен өзен аңғарларының пайда болу және даму теориясын жасауға бағытталды. Ол сондай-ақ сел ағындарын болжаудың синоптико-геологиялық әдісін әзірледі, ол бүгінгі күнге дейін географиялық зерттеулерде қолданылады. Өз жұмысында ол инновациялық тәсілдерді белсенді қолданды, бұл “Жандаевтың географиялық өлшеуіш құралы” және “Географтың Ж-94 бұрыш өлшегіші” сияқты географиялық аспаптарды ойлап табуға әкелді. Бұл өнертабыстар өз заманы үшін бірегей болды және далалық зерттеулердің дәлдігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Жалпы, геоморфология – жер бетінің формалары мен олардың пайда болу процестерін, өзгеруін зерттейтін ғылым. Бұл ғылымның маңыздылығы өте зор, өйткені ол табиғи ландшафттардың құрылымын, динамикасын және экологиялық жүйелердің жұмысын түсінуге көмектеседі. Ғылыми жұмысынан бөлек, Мұқатай Жандаев білім беру қызметімен де белсенді айналысты. Ол С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) физикалық география және геоморфология кафедраларын басқарды. Оның оқыту деңгейінің жоғары болуы оны студенттер мен әріптестері арасында беделді етті.
Ол “Өзен аңғарларының геоморфологиясы” атты жаңа оқу пәнін жасап, 160-тан астам ғылыми жұмыс, соның ішінде бес монография жазды. Оның оқу курстары жалпы геоморфология, инженерлік геоморфология және далалық зерттеу әдістері сияқты тақырыптарды қамтыды. Профессор Жандаев тек теоретик қана емес, сонымен қатар практик те болды. Ол тау аймақтары мен өзен аңғарларының геоморфологиясын зерттеу бойынша көптеген далалық экспедицияларға қатысты. Оның зерттеулері Шілік-Алматы каналы мен Шілік ауданындағы жолдарды салу сияқты инфрақұрылымды дамытуда белсенді қолданылды. Бұл жобалар ғылыми зерттеулердің қоғамға практикалық пайда әкеліп, тұрақты дамуға ықпал ете алатынын көрсеткен нақты мысалдар болды.
Мұқатай Жандаевтың мұрасы оның шәкірттері мен ғылыми еңбектерінде өмір сүруде. Ол Қазақстанда география саласы бойынша алғашқы докторлық диссертация қорғап, республикадағы география және метеорология бойынша диссертация қорғау жөніндегі алғашқы кеңесті ұйымдастырды. Оның ғылыми еңбектері білім беру және зерттеу мақсатында қолданыла беруде, ал оның географиялық ғылымды дамытуға қосқан үлесі жаңа буын зерттеушілер үшін үлгі болып табылады. Профессор Жандаев Қазақстан ғылымында терең із қалдырды, және оның идеялары геоморфология мен геотектоника саласындағы жаңа зерттеулерді жасауға әлі де шабыттандыруда.
Профессор Мұқатай Жандаев — геоморфология саласында маңызды ашылулар жасап қана қоймай, өз білімін өмірде қолдана білген, Қазақстанда инфрақұрылым мен қауіпсіздіктің дамуын қамтамасыз еткен көрнекті ғалым, ұстаз және практик. Оның өмір жолы — ғылымға деген сүйіспеншілік пен айналамыздағы әлемді жақсартуға деген ұмтылыстың тарихы. Оның мұрасы өз шәкірттеріне берген ғылыми жетістіктері мен білімі, сондай-ақ Қазақстанды дамытуға қосқан үлесі арқылы өмір сүруде.
Ол кісінің көзін көрген аға буын профессор-оқытушыларымыз, “Ақыл-ой-өрісі кең, ішкі түйсігі бай, зерек ойлы адам еді. Ол кісі сабақ бергенде студенттер өз еріктерімен отырып тыңдап, шәкірттердің барлық ынта –ықыласын өзіне, пәнге, тақырыпқа аудара білген, өзіндік оқыту тәсілі бар нағыз ұстаз еді”, – деп еске алады. Профессордың есімін ұмыт қалдырмау үшін оның еңбектерін насихаттау және ғылыми қауымдастықта үнемі еске салып отыру қажет. Осы мақсатта География және табиғатты пайдалану факультеті, картография және геоинформатика кафедрасының 50 жылдығына орай дәстүрлі түрде екі жылда бір рет атап өткізілетін халықаралық «Жандаев оқулары» конференциясын биылғы жылдың 11-12 желтоқсанда өткізу жоспарлануда.
Оның ғылыми мұраларын зерттеу мен тарату, сонымен қатар оның идеяларын жаңа буынға жеткізу арқылы біз Қазақстан географиясының дамуына және болашақ ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қоса аламыз. Мұқатай Жандаевтың ізін жалғастыру арқылы еліміздің географиялық ғылымы әлемдік деңгейде көрініс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз. Профессордың еңбек жолы жастарға үлгі болып, ғылым мен білімнің дамуына бағытталған тың идеяларға түрткі боларына күмән жоқ.
Айжан Асылбековна АСЫЛБЕКОВА,
картография және геоинформатика
кафедрасының меңгерушісі