Орман қоры – қорғауды қажет ететін байлық

Ормандар жай ғана табиғи ландшафттар емес, экологиялық тепе-теңдікті, климатты және биоәртүрлілікті сақтауда шешуші рөл атқаратын өмірлік маңызды ресурс. 2021 жылғы 13 маусымдағы Жер Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес орман қоры жерін жасанды орман өсіру және ауыл шаруашылығы мақсаты үшін орман қоры жерінен жер алу тек ҚР азаматтарына ғана беруге болады деп ауыстырылған болатын.

Қазақстанда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес, Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы, 01.01.2022 жылғы жағдайы бойынша, 30 552,5 мың га немесе Республика аумағының 11,2%-ы (2023 жылғы болған өрттер салдарынан толық санақ нәтиежері жоқ). Орманмен қамтылған жерлер үлесі-13 635,3 мың га, яғни орман қоры жерлерінің 44,6%-ын алып жатыр. Жекелеген орман қорының ауданы – 1 017 га, оның ішінде орманмен қамтылған жерлер жоқ.

Республика ормандылығы бес пайыз, бұл оларды елдің табиғи мұрасының маңызды элементіне айналдырады. Алайда, бұл бай және ерекше экожүйелер адам әсерінен, әсіресе орман өртінің қаупінен осал. Жыл сайын Қазақстанда орман қорына орны толмас залал келтіретін, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ айтарлықтай экономикалық шығын келтіретін мыңдаған орман өрттері тіркеледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, соңғы бес жылда орман өртінің саны 2.2 есе өскен. Атап айтатын болсақ, елімізде соңғы үш жылда 2251 орман, 319 дала өрті тіркелген. 2021 жылы – 749, 2022 жылы – 801 орман өрті тіркелсе, 2020 жылы – 130, 2021 жылы – 115, 2022 жылы – 74 дала өрті тіркелген екен. Өңірлерге шаққанда орман өртінің көбі Шығыс Қазақстанда тіркеледі. Мұндағы орманды жерлер 2022 жылы 314 рет өртенген. Содан кейінгі орында Солтүстік-шығыс Қазақстан өңірі тұр.

Павлодар облысының өзінде былтыр 141 оқиға тіркелген. Өрт аз тіркелетін аумақ Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары. Орман өрттерінің себептері әртүрлі: өртті абайсызда өңдеу (сөндірілмеген от, тасталған темекі, жұмыс техникасының ұшқындары); жайылымдар мен егістіктерді құрғақ шөптен тазартудың дәстүрлі әдісін дұрыс қолданбау; климаттың өзгеруі температураның жоғарылауына және орман алқаптарының құрғауына әкеледі, бұл өрт қаупін арттырады.

Сонымен қатар, өрт қауіптілігі туралы уақтылы ақпараттың болмауы және билік тарапынан жеткіліксіз ден қою. Ал енді мұндай төтенше жағдайдың алдын алу жолдарының бірден-бірі, ол халықты ағарту және ақпараттандыру яғни, орман өрттерінің себептері, олардың салдары және өрт қауіпсіздігі ережелері туралы хабарды арттыру қажет. Екіншіден, өртті уақтылы анықтау үшін спутниктік және авиациялық технологияларды пайдалана отырып, ормандарды мониторингтеу жүйесін дамыту керек.

Сонымен қатар, өрт күзетінің материалдық-техникалық базасын нығайту яғни, орман өрт сөндіру бригадаларын заманауи техникамен және жабдықтармен жарақтандыру, сондай-ақ персоналдың біліктілігін арттыру міндетті. Бұған қоса тағы айтылар мәселе, ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау, сондай-ақ осы Ережелерді бұзғаны үшін жаза қолдану, орман өртін азайтуңа өз септігін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ, орман экожүйелерін қалпына келтіру үшін өртенген ормандардың орнына жаңа ағаштар отырғызу маңызды.

Себебі, орман қорының жерлерін сақтау-мемлекет пен халықтың ортақ міндеті. Қазақстанның орман қоры: ағаштар ғана емес, өмір көзі деп түсіну керекпіз. Ормандар ландшафтты безендіретін жасыл массивтер ғана емес. Олар біздің планетамыздың, атап айтқанда Қазақстанның өмірінде шешуші рөл атқаратын экожүйенің ажырамас бөлігі болып табылады. Еліміздің орман қоры-бұл қоғамның экономикасына, экологиясына және әлеуметтік өміріне үлкен әсер ететін сарқылмас байлық.

Орманның бірнеше экологиялық маңыздылығына тоқталып өтетін болсам, ол ең алдымен климатты реттеуге, көмірқышқыл газын сіңіру және оттегін шығару арқылы “планетаның өкпесі” рөлін атқарады. Олар құрғақшылық пен су тасқынынан қорғау арқылы климаттың өзгеруін азайтуға ықпал етеді. Орман алқаптары өзен ағынын реттеу, топырақ эрозиясының алдын алу және жер асты суларының деңгейін ұстап тұру арқылы суды үнемдеуге ықпал етеді. Жалпы биологиялық әртүрлілік пен экожүйені қолдайтын көптеген өсімдіктер мен жануарлар түрлеріде осы ормандарда мекендейді.

Ормандар топырақты эрозиядан қорғайды және топырақтың құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығын қолдау арқылы шөлдердің таралуын болдырмайды, яғни шөлейттенудің алдын алады десек те болады. Ал енді экономикалық маңыздылығына келетін болсақ, орман қоры құрылыста, жиһаз өндірісінде, қағаз өндірісінде және басқа салаларда қолданылатын ағаштың маңызды көзі болып табылады. Ол туристер мен демалушыларды өзіне тартады, жаңа жұмыс орындарын ашады және туризм саласын дамытады. Осы орман өсімдіктері дәстүрлі медицинада қолданылады және фармацевтика өнеркәсібі үшін шикізат көзі болып табылады.

Тек бұл ғана емес, орманның әлеуметтік маңыздылығыда жоғары. Ормандар таза ауа, демалу және спортпен шұғылдану арқылы халықтың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді. Тарихи ескерткіштер мен дәстүрлерді сақтай отырып, Қазақстанның мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылады. Еліміздегі орман қорын сақтауда көптеген қиындықтар кездесіп отырады, олар заңсыз ағаш кесу, өрт, ластану, мал жаю. Орман қорын сақтау үшін кешенді шаралар қабылдау қажет, соның ішінде: халыққа ормандардың маңыздылығын насихаттау және табиғатқа экологиялық жауапкершілікпен қарауға үйрету, заңсыз ағаш кесу және браконьерлік үшін қатаң санкциялар енгізу, орманды қалпына келтіруге инвестиция салу, орман өрттерінің мониторингі мен алдын алу жүйесін дамыту.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 17 облыстық орман шаруашылығы басқармалары, бір жүз қырық бір орман шаруашылығы кәсіпорны, 467 орман алқаптары, жиырма орман мелиоративтік станциялары және 51 өндірістік бөлімшелер бар. Қазақстанның орман қоры-бұл ағаштардың жиынтығы ғана емес, тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуде шешуші рөл атқаратын экожүйенің өмірлік маңызды бөлігі. Орман ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану адамдардың әл-ауқатымен, экономикалық өсумен және қоршаған ортаны қорғаумен тікелей байланысты.

Ормандар және ТДМ бағыттары ажырамас байланыста. Олардың бәрнеше бағыттарына тоқталып өтетін болсақ. 1 ТДМ – кедейлікті жою: ормандар көптеген адамдар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде азық-түлік, баспана, жанармай және басқа да маңызды ресурстарды қамтамасыз етеді. Ормандарды сақтау кедейлікпен күресуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі. 2 ТДМ тармағы – аштықты жою: ормандар топырақты құнарлылық пен сумен қамтамасыз ету арқылы тұрақты егіншілікке ықпал етеді. Олар халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қолдайтын азық-түлік ресурстарының көзі болып табылады.

Ал 3 ТДМ тармағы – жақсы денсаулық және әл-ауқат: оған байланысты ормандар шығаратын таза ауа тыныс алу жолдарының ауруларының қаупін азайту арқылы халықтың денсаулығын жақсартуға көмектеседі. 6 ТДМ – таза су және санитарияға қол жетімділікті қамтамасыз ету: мұнда ормандар дренажды реттейді, топырақ эрозиясының алдын алады және судың сапасын жақсартады. 13 ТДМ – климаттың өзгеруімен күрес бойынша айтар болсақ, ормандар көмірқышқыл газын сіңіру және жаһандық жылынудың әсерін азайту арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды элемент болып табылады.

15 ТДМ – құрлық экожүйелерін сақтау: демек, ормандарды сақтау – биоәртүрлілікті қорғау және планетаның табиғи мұрасын сақтау үшін қажетті шарт. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, орман экожүйелерін зерттеуге және оларды сақтаудың тиімді әдістерін жасауға бағытталған ғылыми зерттеулерді қолдау қажет деп айтар едім. Қазақстанның орман қорын сақтау-бұл жай ғана экологиялық қарыз емес, бұл елдің болашағына инвестиция салу. Ормандардың арқасында біз тұрақты дамуды қамтамасыз ете аламыз және болашақ ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасай аламыз.

Әлия Сағындыққызы АҚТЫМБАЕВА,
география ғылымдарының кандидаты, доцент
Ақтоты Өтепқызы БЕКЖАНОВА,
география ғылымдарының магистрі, оқытушы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий