Қазақстан шахмат федерациясы: “Chess Class” олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

Astana IT University қабырғасында өткен аптаның сенбі күні, яғни қараша айының 16-сында еліміздің әр өңіріндегі үздік танылған мектеп оқушыларынан құралған командалардың басын қосқан «Chess Class» олимпиадасының жеңімпаздары анықталып, ең мықтыларға арнайы марапаттар табысталды. Биыл екінші мәрте қолға алынған бұл кезекті турнирді Freedom Broker компаниясының қолдауымен KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы мен «Chess Legends LTD» ЖК ұйымдастырған болатын.

Елордадағы дүбірлі жарысқа республикамыздың 12 аймағының отыз бес командасына және Астана қаласының 19 командасына өкілдік ететін бір жүз жетпіс төрт ойыншы швейцариялық жүйеге негізделген 7 тур бойынша бақ сынап, жалпы сомасы 3 млн теңгені құрайтын жүлде қорын сарапқа салды. Турнирдің ашылу салтанаты басшылардың құттықтау сөзінен және KazChess пен Astana IT University арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдан басталды. Тараптардың бұл ортақ келісімі студенттерге шахмат білімін беруді дамытуға және адамның ақылы мен ой-өрісін дамытатын спорттық ойынның осы түрін кеңінен таратуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұтымды үйлестіруге бағытталғандығымен де ерекше маңызға ие.

– Федерация мектеп оқушылары арасында шахматты дамытуға ерекше көңіл бөледі: біз бұл ойынды бастауыш сыныптарда үйрету ісін алға бастырып, жыл сайын мұғалімдерді оқытамыз және мұғалімдер мен оқушыларға арнап бүгінгідей турнирлер өткіземіз. Дәстүрге айналған «Chess Class» олимпиадасы адал ойынның, саламатты бәсекелестіктің, спорттық рухтың және қызықты партиялардың нышаны болады. Білім беру шахматын дамыту – әлемдік тренд және Қазақстан оның көшбасшыларының бірі болып отыр, – деді осы басқосуға жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеп, турнирге қатысушы үміткерлерге сәттілік тілеген KazChess атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Биылғы олимпиадада бақ сынау мүмкіндігін алған әр команда төрт мектеп оқушысынан және бір мұғалімнен құралған екен. Қатысушылардың жас санаты ескеріліп 17, 14, 12 жасқа дейінгі тақталарға бөлінгені белгілі болды. Және төртінші тақтада қыздар ойнауы мақұлданыпты. Сондай-ақ, мұғалімдер 5-ші тақтада, рейтинг бойынша шектеусіз өзара жарысқа шыққанын көрдік. Жалпы саны жеті турдың қорытындысы бойынша турнир жеңімпазы атағы мен 900 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты Павлодар қаласының №29 жалпы орта білім беру мектебінің (директоры Абдраев Дархан Абулкаирович) командасы иеленді. Сергей Мансұровтың жетекшілігіндегі бұл топтың құрамында Ерқасова Жансая, Сәрсембаев Тимур, Бихиянов Сұлтан, Тараканова Елизавета бар.

Олар аймақтағы білім беру ұйымдары арасындағы облыстық бәсекеде командалық есеп бойынша бірінші орынды иеленіп, осы республикалық турнирге қатысу құқығын беретін арнайы жолдаманы ұтып алған болатын. Қалған жүлделі орындарды сәйкесінше РФМШ, NIS IB, С.Демирель атындағы мектеп-интернат-колледжі және Талғар қаласындағы Байтұрсынов атындағы №7 мектеп-лицейі иеленді. Сонымен қатар, әр тақта бойынша ең үздік үш ойыншы марапатталды.

II «Chess Class» олимпиадасы – Қазақстанның білім беру жүйесінде шахматты кеңінен таратудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Қазіргі уақытта KazChess бейіндік ведомстволармен және серіктестермен ынтымақтаса отырып, бес жүз елу мектепте бірінші сыныптарға арнап «Шахмат негіздері» бағдарламасын енгізген және 42 білім беру ұйымында осы бағдарламаны екінші сыныптарға енгізудің жоспарлы жұмыстары жүйелі жалғасып жатқаны белгілі болды.

Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, арнайы әзірленген бағдарлама бойынша қазіргі кезде жеті жүзден астам мұғалім тегін оқып жатыр және оқу шеңберінде оларға онлайн курстар және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылған. Жоғары оқу орындарымен бірге «Шахмат педагогі» minor бағдарламасы әзірлене бастапты, бұл бағыттағы іс-шаралар көп ұзамай аяқталған соң, 2025-2026 оқу жылында іске қосылатындығы жоспарланған. Сонымен қатар, Федерация мен SDU University бірлескен түрде оқушылардың математикалық қабілетіне шахматтың әсерін зерттеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Алдағы уақытта Үкімет өткен жылы қабылданған Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, KazChess мектептерде шахмат кабинеттері желісін кеңейтуді, студенттердің және мектеп оқушыларының шахмат лигаларын дамытуды, сондай-ақ мұғалімдерге арналған онлайн турнир ұйымдастыруды жоспарлап отыр. «Chess Class» олимпиадасы шахматты жай ғана спорт емес, сонымен қатар өмір салты деп есептейтін мектеп оқушыларының зияткерлік қоғамдастығын құру жолында жасалған келесі қадам болмақ.

Жүлделі екінші орынға қол жеткізген республикалық физика-математика мектебінің құрама командасы (Мұздық Зере, Қуаныш Әсіл, Қуанышев Әлиәмір, Дүкенбаева Камила және Қуанышев Рахат); үшінші орын иегерлері NIS IB өкілдері (Ерболат Ескендір, Жүкенов Амир, Биляль Ақсезім, Мажанова Дамира және Мұхитжан Ролан); Сүлейман Демирел атындағы мектеп-интернат-колледжінің үміткерлері төртінші орынға тұрақтады (Юсупов Сұлтан, Қуанышбек Нұрдәурен, Жұмағали Жәңгір, Қуанышбек Жанерке және Жұматаев Мейіржан); ал бесінші қатардан көрінген Талғар қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицейінің командасы (Дүйсенбай Бейбарыс, Нәсіпбай Ералы, Дәулет Дарменяр, Назар Амина және Хапанов Еламан).

Он жеті жасқа дейінгі ұлдар арасындағы үздік 1-ші тақта ойыншылары: Тен Максим – IT мамандырылған лицейі; Сапарғали Ибраһим – «Дара» бизнес академиясы; Кинәятов Диас – №54 мектеп. Он төрт жасқа дейінгі ұлдар арасындағы үздік 2-ші тақта ойыншылары: Амангелдинов Әлібек – Астана қаласындағы №22 мектеп; Танабергенов Әлихан – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school; Гудовщиков Вадим – №26 гимназия. Он екі жасқа дейінгі ұлдар арасындағы үздік 3-ші тақта ойыншылары: Сүлейман Наил – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school; Темірғалиев Арслан – Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom school; Абдишев Алдияр – №101 гимназия-мектеп.

Қыздар арасындағы үздік 4-ші тақта ойыншылары: Балғабекқызы Гүлниса – Мұхтар Әуезов атындағы №86 гимназия-мектеп; Әлеманова Айлин – Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom school; Үмбетәлі Жарқынай – Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп; Мұғалімдер арасындағы үздік 5-ші тақта ойыншылары: Есенбекова Нағима – Ыбырай Алтынсарин мектебі; Мұратұлы Мағжан – Kemel FIZMAT SCHOOL және Оралбаев Қайрат – ШҚО, облыстық мамандандырылған IT мектеп-лицейі.

– Шахмат ойнауды маған алты жасымнан бастап атам үйретіп, қыры мен сырын меңгере бастаған болатынмын. Осы кезге дейін республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, бағымды сынадым. Бұл турнирдегі алтын медалім – алғашқы жетістігім саналады. Сондықтан, өте қуаныштымын. Аймақтардан келген бәсекелестердің арасында осал ойыншылар жоқ. Бірінші қатардан көріну, әрине, оңай болмады.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жанашыр жетекшім Жанат Әбдірашұлына алғысым шексіз. Алпыс мың теңгені құрайтын ақшалай сыйлық пен арнайы сертификат табыстап, алдағы уақытта билік белестерді бағындыруға жігер берген осы олимпиаданы ұйымдастырушылар мен барлық қолдаушыларға ризашылығым зор, – дейді бізбен әңгімесінде елордадағы №22 мектептің шәкірті Әлібек Ержанұлы.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий