Worldskills Kazakhstan – 2024: Кәсіби-техникалық дағдылар чемпионатына мемлекеттік маңыз берілуде
Премьер-министр Олжас Бектенов өткен аптаның сенбі күні колледж студенттері арасында салалық жұмысшы мамандықтарындағы құзыреттілік деңгейі бойынша WorldSkills Kazakhstan-2024 ұлттық чемпионаты ұйымдастырылып жатқан алаңға барды. Іс-шараның тұжырымдамасы ірі халықаралық компанияларда әлеуетті жұмысқа орналасуды қамтамасыз ету үшін оқыту сапасын, алынған дағдыларды тексеру мақсатында кәсіби-техникалық колледж студенттері мен кәсіпорындар арасындағы кооперацияға бағытталған.
Үкімет басшысы чемпионатқа қатысушылармен әңгімелесу барысында олардың алған білімдерінің сұранысқа ие екенін ерекше атап айтты. – Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы техникалық және кәсіптік білім берудің бүкіл еліміз үшін ерекше маңыздылығын көрсетеді. Үкімет алдына экономика құрылымын жаңғырту бойынша өршіл міндеттер қойылды. Ол үшін бізге энергетика, құрылысшы, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласында білікті отандық мамандар қажет. Бұл ретте цифрлық трансформация мен технологиялық прогрестің сын-қатерлеріне дайын болу маңызды. Сондықтан, біздің ортақ міндетіміз – қоғамның барлық ресурстарын біріктіру. Бұл бағытта біз жастарымызға және осындай іс-шараларға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз, – деген ол, қызығушылық танытып, студенттердің өз дағдыларын көрсетуі үшін арнайы мамандандырылған аймақтар құрған компанияларға алғысын білдірді.
Сол жерде колледж басшылығымен кездесу өтіп, оның барысында білім беру сапасын арттыру мақсатында кадрлар даярлау бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Биыл чемпионатқа Алматы құрылыс-техникалық колледжі, «Astana Polytechnic» жоғары колледжі, «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі, Абай облысы білім басқармасының Радиотехника және байланыс колледжі, Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі және басқа да оқу орындарының студенттері қатысады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін кадрларға жалпы қажеттілік 1,8 миллион адамды құрайды, оның ішінде техникалық білімі бар бір миллионға жуық жұмысшы қажет.
Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларында үлкен сұраныс күтілуде. Биыл WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты алаңдарында 555 қатысушы электроника, өнеркәсіптік автоматика, мехатроника, инженерлік графика, кондитерлік іс, электр монтаждау жұмыстары, дәнекерлеу технологиялары, веб-технологиялар және бизнеске арналған IT-шешімдер, сән технологиялары сияқты 30 құзыреттілік бойынша өз дағдыларын көрсетпек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмысшы мамандықтары үшін кадр даярлау сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.
2024 жылы бюджет есебінен колледждерге 142,5 мың студент қабылданды – бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Дуальды білім беру жүйесі енгізіліп, оның шеңберінде 496 колледж және жеті мыңнан астам кәсіпорынмен 75 мың студентті даярлау бойынша келісімшарттар жасалды. Биылғы қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы өткен жылмен салыстырғанда елу пайызға артты. Сонымен қатар, биылдың өзінде ТжКБ үшін 2103 орынға арналған сегіз жатақхана салу жобасы іске асырылуда.
Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылы бойынша қойған міндеттерін іске асыру шеңберінде өткен жарыста қатысушылармен әңгімелесу қорытындысы бойынша Премьер-министр Оқу-ағарту министріне Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, ТжКБ студенттерін қолдау және дамыту үшін Ұлттық құзыреттер орталығын құруды тапсырды. Орталық бизнес үшін диалог алаңы және кадрларды даярлау жүйесі рөлін атқарады, сондай-ақ халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарына қатысу үшін жаттығу базасына айналады.
Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен елордада ұйымдастырылған тоғызыншы WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатына келген Еңбек және әлеуметтік қорғау, Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Цифрлық даму, Инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері құзыреттілік алаңдарын аралады. Министрлер чемпионат қатысушылары – ел экономикасының сапалы кадрлық әлеуетін қалыптастыратын болашақ мамандармен кездесті. Бұл салалық ынтымақтастықты арттыру арқылы кәсіби білікті маман даярлауда кешенді тәсіл қалыптастырудың маңызды қадамы болып табылады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев WorldSkills стандарттарының отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізілгенін атап өтіп, бұл бастаманың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда ерекше маңызға ие екенін айтты. – Мемлекет басшысы кәсіптік білімді реформалаудың экономиканы дамытудағы маңызды рөлін айқындап, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. WorldSkills қозғалысын дамыту арқылы біз халықаралық аренадағы позициямызды нығайттық.
WorldSkills – тек беделді байқау ғана емес, сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және кәсіби еңбектің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған маңызды алаң. Бұл қозғалыс еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен технологиялық прогреске қол жеткізуі үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Салалық министрліктермен ынтымақтастық арқылы біз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасаймыз, – деді еліміздің бас ұстазы.
WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионаты биыл өңірлік деңгейде үздік атанған қазақстандық колледждердің бес жүз елу бес студентін жинады. Енді олар өз шеберліктерін республикалық деңгейде дәлелдеуі керек. Қатысушылар 30 құзыреттілік бойынша: ақпараттық, инженерлік және өндірістік технологиялар, көлік, әлеуметтік қызметтер, дизайн және басқа да салаларда жарысқа түседі. Алаңның мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, сондай-ақ жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Біздің алаң өз дағдыларымызды көрсете отырып, Қазақстанның адами капиталын арттыруға қатысуға дайын екенімізді білдіреді. Біз ТжКБ жүйесіне WorldSkills International стандарттарын енгіземіз, тиісті оқыту арқылы педагогтердің біліктілігін арттырамыз. Сондай-ақ, стандарттар демонстрациялық емтихан өткізу арқылы білімді қорытынды бақылау кезінде қолданылады. Бұл алаң біздің жас мамандарға көп нәрсе береді. Бизнес-қоғамдастық өкілдері олардың дағдыларын, білімдерін көреді және жұмыс орындарын ұсынады. Бүгін мұнда 555 қатысушы бар және олар жақсы еңбек орындарымен қамтамасыз етіледі деп сенімді түрде айтуға болады, – деді «Талап» КеАҚ президенті Санжар Тәтібеков.
ҚР Президенті халыққа Жолдауында экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуге баса назар аударды. Бұл мәселенің шешімі тек жоғары оқу орындарында ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да мамандар даярлауға байланысты. WorldSkills чемпионатына қатысатын қазақстандық колледж студенттері жаңа технологияларды игеруде. Оқу процесінде мехатроникаға алдыңғы қатарлы бағыттардың бірі ретінде ерекше назар аударылады. WorldSkills алаңында жастардың үздік әзірлемелері ұсынылған.
– Бұл – заманауи зауыттарға еліктеуден туған жұмыс. Бөлшектер, қосалқы бөлшектер жиналатын робот зауыттары бар. Біздің міндетіміз – зауыттың шағын көшірмесін жасау. Мен осы бағытты таңдадым, өйткені ол әлі де қарқынды дамиды. Болашақта бұл мамандық өте пайдалы болады. Біз бір орында тұрмауымыз керек, дамуымыз керек. Жаңа жобалар жасау қажет. Жаңа жабдықтар мен технологиялармен бізде жаңа мүмкіндіктер пайда болады, барлық жұмыс үдерістері әлдеқайда жеңілдейді, – деді Astana Polytechnic жоғары колледжінің студенті Дмитрий Савилов.
WorldSkills қозғалысы – жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттырудың негізгі құралдарының бірі. Ол кәсіби құзыреттіліктер мен дағдыларды жетілдіру бойынша 89 елді біріктіреді. Қазақстан 2014 жылдан бастап WorldSkills International халықаралық қозғалысының толыққанды мүшесі болып табылады, ал 2016 жылдан бастап WorldSkills Europe ұйымының мүшесі. WorldSkills қозғалысы аясында Қазақстанда өңірлік және республикалық чемпионаттар өткізіледі, оған экономиканың негізгі салаларының болашақ өкілдері ақпараттық және коммуникациялық, көлік, инженерлік және өндірістік технологиялар, құрылыс, әлеуметтік, тұрмыстық қызметтер көрсету, сондай-ақ шығармашылық және дизайн бойынша қатысады.
Өңірлік чемпионаттар нақты өңірдің экономикасында сұранысқа ие құзыреттер бойынша өткізіледі. WorldSkills қозғалысының даму жолындағы он жылда Қазақстанда 30 құзырет бойынша екі жүзге жуық өңірлік және сегіз республикалық WorldSkills Kazakhstan чемпионаты ұйымдастырылған.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...