“Біртұтас тәрбие” бағдарламасы: Балаларға ұлттық құндылықтар негізінде білім беру

Адамның жан-жақты дамыған, білімді тұлға, саналы азамат болып қалыптасуы үшін тәрбиенің маңызы зор. Бала бойына тәрбие қалыптастыру, ізгілік дәнін егу, жақсы-жаманды ажыратып, біреуге қиянат жасамауға тәрбиелеу алдымен ата-ананың міндеті десек, екіншіден, мектептің де беретін тәрбиесінің рөлін жоққа шығара алмаймыз. Оқушы тәрбиені тек отбасынан, үйден ғана алмайды, сонымен қатар қоршаған ортасынан, достарымен араласудан, мектепте өтетін іс-шаралардан, ұстаздарынан да алады. Баланың жарты күні мектепте өтетіндіктен, бала тәрбиесінде мектептің атқаратын рөлі де орасан деп айтуға әбден болады.

Мектеп тек білім беруге арналмаған, сонымен қатар саналы ұрпақ тәрбиесінде де айрықша маңызға ие. Ұлы әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деген екен. Қазіргі заман – жаһандану заманы. Қанша қорғаштағанмен де, біз балаларды жаһанданудың құрығынан құтқара алмаймыз. Жаһанданудан сақтамаса да, тосқауыл бола алатын жалғыз жол – ол ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиені насихаттау, балаларға ұлттық құндылықтар негізінде білім беру. Ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие алған балалар тілін, тарихын, салт-санасын, дәстүрін сақтап, түсініп, бойына сіңіріп өседі. Ол жолында қандай қиындық кездессе де төтеп беретін, сырттан келген кез келген жаңа әдетке ішкі жан дүниесінде сүзгі қойып үйренеді.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде де бұл мәселе жайлы тілге тиек еткен болатын. Президент: «Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», – деуі де балаларды ұлттық тәрбие арқылы тәрбиелеу бағытының жарқын болашағын көрсетіп тұрғандай.

Осыған орай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да ұлттық тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға баса назар аударып келеді. Осы бағдарламаны негізге ала отырып, әр мектепте түрлі іс-шаралар атқарылуда. Ғасырдан-ғасырға жеткен, ұлтымыздың ежелгі салты мен дәстүрі, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті, жазылмаған дала заңы бүгінгі күнге дейін қаншама тұлғаны тәрбиелеп келген, әлі де тәрбиелей бермек. Қанымызда, жанымызда, ділімізде бар ұлттық болмысымызды ұлттық тәрбиемен ұштастыру – бүгінгі ұстаздардың басты міндеті екені даусыз. Біздің білім ордасы да осы талаптың үдесінен шығып келеді. Мектебіміз балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге баса назар аударуда. Әр сабақта, әр сыныптан тыс сағаттарда балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп келеді.

Атқарылған жұмыстардың бірқатарына тоқтала кетсек, биылғы оқу жылында мектебімізде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша әр айда іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, қыркүйек айында – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы; қазан айы – тәуелсіздік және отаншылдық айы; қараша айы – әділдік және жауапкершілік айы. Осы күнтізбе бойынша сынып жетекшілер, үйірме жетекшілері, өзін-өзі басқару ұйымдары жауаптанып, әлеуметтік іс-шараларды күнделікті желіге жарияланды. «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында әр үзіліс кезінде оқушылардың бос уақытын ұлттық ойындар арқылы қызықты өткізу мақсатында сыныптар арасында асық ойнау шарасын бастадық.

Үзілісте оқушылар асық ойнау арқылы уақытын тиімді де қызықты өткізді әрі ұлттық ойынымызды меңгерді. «Өнегелі 15 минут», «Үнемді тұтыну» тақырыптарында күнделікті іс-шаралар ұйымдастырылады. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ұшқыр ой алаңы» жобасы негізінде дебат мүшелері Фестиваль Болатқызы және Ердімұрат Алмагүлдің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті: жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтап қалу мүмкін бе?» тақырыбында 6-сыныптар арасында пікірталас өткізді. Пікірталас оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, тапқырлық пен шешендігін дамытуға үлкен ықпал етті.

Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымыздың жаһандануға қарсы тұруға қауқары жете ме деген сауалға нақты да шынайы жауап беруі олардың ізденімпаздығын және ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын көрсетті. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 5–8-сыныптар арасында «Пікірсайыс жұлдыздары» тақырыбында аудандық ашық дебат турнирі өткен болатын. Дебатқа мектебіміздің «Қыран» дебат клубының мүшесі Алдаберген Бұлбұл қатысып, жүлделі екінші орынмен және «Аудан бойынша жылдың ең үздік спикері» номинациясын жеңіп алып, мектебіміздің мерейін асқақтатты. Сондай-ақ, «Алдын алу шаралары» жобасы аясында «Буллингтен қорған», «Өмірге саламатты көзқарас», «Өмірге саламатты қадам» бойынша іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, «Діни экстремизмнің алдын алу», «Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары» жүргізіліп, арнайы мамандармен кездесіп, бала бойындағы ұлттық, патриоттық сезімді оятуда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді.

Мектебіміз осындай бағытта тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беріп келе жатыр. Әр сабақ құндылықтар негізінде өтіп отырады. Әр сабақтан тыс жұмыстар ұлттық құндылықты ту етіп жүргізілуде. «Оқуға құштар мектеп», «Дебат» пікірсайыстары, ұлттық ойындар, «Ниет» еріктілер клубының қайырымдылық іс-шаралары, өнегелі үзіліс, он бес минут кітап оқу сайыстары мен іс-шаралардың жиі өткізілуі соның айғағы. Мектебімізде «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы аясында да бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Бірінші тоқсан ақындар айтысына арналғаны белгілі. Осыған орай, мектебімізде жас ақындар үйірмесі ашылып, «Ақындар айтысы» челленджін бастаған болатын.Үйірме жетекшісі Жарқынбек Бағдат жас ақындарды айтыс өнерімен таныстырды.

Сөз қадірі кеміген заманда оқушыларымызды ғасырлардан келе жатқан сөз өнеріміз – айтыстың құндылығын білуге, құрметтеуге шақыру да төл өнерімізге деген үлкен сүйіспеншіліктің белгісі екені даусыз. Оқушылар айтыс өнері жайлы білгенін ортаға салды, білмейтін ақпараттарын мұғалімнен естіп, танымдарын кеңейтті. Баланың бос уақытын тиімді жоспарлауға үйрету, оларды жаһанданудан сақтап, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, сол арқылы білімді де саналы тұлға қалыптастыру – мектебіміздің басты мақсаты. Осы бағытта үнемі жұмыстар атқара отырып, білікті де білімді мамандарымызбен бірлесе отырып, әлі талай саналы шәкірт тәрбиелеп шығаратынымызға сеніміміз зор дегім келеді.

Пестифаль БОЛАТ,
№2 жалпы орта білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі,
Ақмола облысы, 
Целиноград ауданы, Қоянды ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий