Маңғыстау облысы: Маңғыстау политехникалық  колледжі – техникалық білімнің темірқазығы

Қоғамды әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуда кәсіптік-техникалық білім беру саласының маңызы орасан зор. Себебі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі  еңбек нарығының талаптарына және ел экономикасының қажеттіліктеріне сәйкес бәсекеге қабі­летті кадрларды даярлайды. Бүгінде экономиканың негізгі салалары үшін іріктелген білікті кадрларды даярлау бағытында республика бойынша 10 базалық колледждің қатарына енген Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыс­тау жоғары политехникалық колледжі оқу үрдісінде білімді бекіту, тәжірибелік дағдылар мен озық тәжірибені игеру  және тарату ісін сәтті жалғап келеді.

ТМД елдері бо­йынша білім жүйесін да­мытудың халықаралық қо­рының басқарушы директоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Зәуреш Құлымбаева «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»  КЕАҚ тапсырысы негізінде Маңғыстау өңіріне сапарлап, арнайы ақпараттық тур аясында өңір жастарының  мамандық таңдауы үшін қажетті өрісті қамтамасыз етуге, олардың жаңа жоспарлы іспен айналысуына, кәсіби шеберлігін жетілдіруіне бейімделген колледж ұжымымен кездесіп, арнайы шеберлік сабағын өткізді.  Өз кезегінде Маңғыстау өңірінде техникалық және кәсіптік білім беретін бірегей беделді, көп салалы колледж директоры Зарипа Шолтанова  білім ордасының тарихын баяндап, еңселі оқу ошағының материалдық-техникалық базасымен таныстырды.

Колледж 1941 жылы Гурьев, қазіргі Атырау қаласындағы Петровский атындағы зауытқа кәсіби мамандар дайындауға арналған ФЗУ (Фабрично заводское училище) жанынан кәсіптік училище болып құрылып, 1961 жылы Маңғыстау түбегіндегі Баутин поселкесіне көшірілді. Ол кезде училище кеме жөндеу, оны техникалық жабдықтау ісінің жұмысшы мамандарын даярлайтын. Кейін Форт-Шевченко қаласына Маңғыстау мұнай-газ барлау тресі қоныстанып, барлау мен бұрғылау көлемі ұлғайған соң, оқу орны мұнай саласына жұмысшы мамандар даярлауға көшті. 1964 жылы №54 Форт-Шевченко қалалық кәсіптік училищесі болып өзгерді. 1972 жылы Гурьев облысындағы кәсіптік техникалық училищесі мен Форт-Шевченко қаласындағы №54 училищесі бірігіп, Шевченко қаласындағы 3 «б» шағын ауданына №11 қалалық типтік училищесі болып көшірілді.

1974 жылы КазССР Министрлер кеңесінің қаулысымен оқу орнына «Маңғышлақмұнай» өндірістік ұйымына салалар бойынша мамандар дайындайтын «№1 Ақтау қаласының кәсіби-техникалық училищесі» атауы берілді. 1993 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің шешімімен Ақтау қалалық №1 жоғары кәсіптік училищесі, 1997 жылы Маңғыстау политехникалық колледжі болып аталды. 2018 жылы Маңғыстау облысы әкімінің қаулысы­мен Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі атауы берілді. 2022 жылы Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі мәртебесін алды.

– Бүгінгі таңда төрт оқу ғимараты, 64 оқу кабинеті, он үш шеберханасы, 11 зертханасы бар, 1297 студент білім алып жатқан іргелі оқу орнына айналды. Колледжде кәсіби біліктілік деңгейі жоғары тұрақты педагогикалық ұжым қызмет етеді. Қазіргі таңда оқу орны сұранысқа ие жиырма үш мамандық, 47 біліктілік бойынша орта буын мамандар даярлайды. Сапалы білім беру мақсатында колледж өңіріміздегі елуден аса ірі өндіріс мекемелерімен келісім шарт жасақтады. Әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жасақталған  білім беру бағдарламалары «Талап» реестрінде тіркелген. 2019 жылы бұл арнаулы оқу орны «Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі» кеңесінің шешімімен бес жыл мерзімге институционалдық және токарлық іс және металды өңдеу, дәнекерлеу ісі мамандықтары бойынша ма­мандандырылған аккредиттеуден сәтті өтті,– дейді колледж директоры Зарипа Шолтанова.

2019 жылы Германия мемлекетінің «Кнауф» фирмасының «GIZ халық­аралық жобасы» аясында дуалды білім беру жүйесін дамыту мақсатында үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану мамандығы бойынша құрылыс мамандығының «Сылақшы» және «Құрғақ құрылыс маманы» біліктіліктері бойынша  келісім шарт жасалды. Нәтижесінде бүгінде колледж базасында Кнауф фирмасының өкілдерінің ұйымдастыруымен қысқа мерзімді курстар, вебинарлар, тәжірибе алмасу семинарлары өткізіледі. Сондай-ақ сол жылы колледж «Жас маман» жобасына қатысып, мамандықтар бойынша колледждің шеберханаларын, оқу кабинеттерін жасақтау, материалдық жабдықтар сатып алу грантын иеленді. Ал 2021 жылы «Жас маман» жобасы аясында колледж базасында «Токарлық іс және металл өңдеу», «Дәнекерлеу ісі» және IT, атап айтқанда желілік және жүйелік басқару, прототиптеу, интернет-заттар, мехатроника, инженерлік графика CAD, ұялы робототехника құзыреттіліктер орталықтары ашылды.

«Құзыреттілік орталықтары үздік әлемдік стандарттар мен тәжірибеге, сондай-ақ WorldSkills стандарттарына сәйкес келетін еңбек нарығына мықты кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құзыреттілік ор­талықтарының базасында жастарды инновациялық және стартап жобаларға тартуға, қазақстандық жастарды сапалы, нарықтағы сұ­ранысқа ие мамандар даярлауға ықпалын тигізеді. Біздің колледж өңір аумағында алғаш болып 2015 жылы техникалық мамандықтарға  модульдік білім беру бағдарламаларын, 2019 жылы ақпараттық жүйелер мамандығына кредиттік жүйе енгізді. Қазіргі таңда колледждің барлық мамандықтары кредиттік-модульдік қолданбалы бакалавр ұғымы енгізілді. Тағы атап өтер дүние, облыстық білім басқармасының «Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары по­литехникалық колледжі» жарғысы жасақталды.

Қазіргі таңда 11-сынып бітіргендер үшін машина жасау технологиясы (түрлері бойынша) және автоматтандыру және технологиялық процестерді басқару (бейін бойынша) мамандықтарына қолданбалы бакалавриат ашылды. Қолданбалы бакалаврдан кейін білім алушылар жоғары оқу орындарында қысқартылған түрде білім алуға мүмкіндік алады»,– дейді жоғары политехникалық колледжі директоры. Колледж студенттері қажетті оқу материалда­рымен қамтамасыз етілген. Колледждің әрбір студенті үшін кітапхана қоры  қолжетімді. Ұсы­нылған оқу әдебиеттері өздігінен білім алуға мүм­кіндік береді. Кітапхана қоры буклеттермен, оқу құралдарымен, дидактикалық материалдармен үнемі толықтырылып отырады.

Сонымен қатар студенттер ғылыми және әдістемелік журналдарды қолдана алады. Әр түрлі курстардың студенттерінің өзіндік жұмысын ұйымдастыру үшін курстық жұмыстар, эсселер орындау бойынша нұсқаулықтар бар. Колледждің төрт арнайы пән оқытушылары республикалық «Үздік педагог» төсбелгі иегерлері.  Бұл арнаулы оқу орнында 180 орын­дық студенттер жатақханасы бар. Жатақханада оқу мен акт залдары ашылған. Студент жастардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау қондырылды. Жатақханадағы демалыс бөлмелері, ас үй, кір жуатын, киім үтіктейтін бөлмелер күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдармен толық жабдықталған. «ENACTUS Kazakhstan National Expo – 2024»– еліміздің ең үздік студенттері халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған әлеуметтік-кәсіпкерлік, экологиялық және ин­новациялық бизнес-жобаларының нәтижелерін ұсынатын бәсекелес алаңы.

Жарыс демеуші компаниялар көрмесін, жұмыс орындары жәрмеңкесін, жұмыс берушілер мен бизнес кездесулерін, питчинг және арнайы байқауларды қамтыды. Студенттік кәсіпкерліктің Ұлттық кубогының финалы, оның қорытындысы бойынша жеңімпаз команда Қазақстанның намысын  «Enactus world cup – 2024» әлем чемпионатында қорғауға құқылы. Enactus тарихында әлем кубоктары Лондон, Париж, Йоханнесбург, Пекин, Вашингтон сияқты қалаларда өткен. Биыл әлемдік чемпионатты өткізу құқығы біздің елге берілген. Алғаш рет елордасында әлемнің үздік студенттік бизнес жобаларының әлем кубогы өтеді. Чемпионаттың бірінші күні жобалар көрмесі ұйымдастырылып, сексеннен аса команда қатысып, еліміздің мәселелерін шешуге ұмтылған жобаларды ұсынды.

Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары поли­техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Салтанат Лұқпанова бастаған «Экипаж-Х» алты студенттен тұратын командасы «Автокөліктердің электр жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау» атты  әлеуметтік жобасын ұсынып, жалпы командалық есеп бойынша 4-орынға ие болған еді. Жұмысшы мамандығының мәр­тебе­сін арттыруға, өндірістік және техно­логиялық өсуіне, кәсіби машықтың қажет­тілігін айқындауға және кадр­лар даярлау жүйесін дамытуға ықпал ететін WorldSkills– кәсіби шеберлік чемпионатына колледж білім алушылары 2015 жылдан бері қатысып келеді. Биылдан бастап колледж мектепке дейінгі 6 білім беру ұйымдарының бүлдіршіндері­не төрт құзыреттілік бойынша «Babyskills» жобасын ұйымдастырып, нәтижеге ие болды.

Осы жылғы маусым айында Алматы қаласында «Электроника», «Мобильді робототехника» және «Прототиптеу» құзыреттіліктері бойынша Еуразия технологиялық университетінің базасында «Dosti skills Almatu – 2024» салалық халықаралық достық чемпионаты өтті. Бұл чемпионаттың ұйымдастырушылары және не­гіз­гі кураторлары – «WorldSkills Kazakhstan» қозғалысының Ұлттық операторы «Talap» КЕАҚ және «DOSTI» инновациялық орталығы. «Электроника», «Мо­бильді робототехника» және «Прототиптеу» құзы­реттіліктері бойынша халықаралық деңгейдегі іс-шараға «WorldSkills International» халықаралық Қы­тай, Франция, Австрия, Корея мемле­кеттерінің қатысушылары мен сарапшылары, республикалық «WorldSkills Kazakhstan – 2023» чемпионаты­ның жеңімпазы, «WorldSkills Kazakhstan– 2024»  өңірлік чемпионаттарының жүлдегерлері, жоғары оқу орнының студенттері қатысты.

Чемпионат нәтижесінде «Прототиптеу» құзырет­тілігі бойынша жеті команданың ішінен оза шауып, осы колледждің студенті Даурен Қаражанов «Алтын» медаль иегері атанып, Еуразия Технологиялық Университеті ректорының грантына ие болды. «Studica Robotics» компаниясының директоры Francesco Nanfara Қытай, Австрия, Корея сарапшылары колледж студенттерін өз мемлекеттерінде өтетін чемпионаттарға қатысуға шақырып, сарапшыларға тәжірибе алмасуды ұсынды. Биыл мамыр айында педагогтер арасында өткізілген кәсіптік шеберлік чемпионатында инженерлік сала бойынша «Инженерлік графика­лық САD», «Электромонтаждық жұмыстар», «Слесарлік іс», «Машина жасау технологиясы», «Білім беру», «Дене шынықтыру және спорт», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу» құзыреттіліктер бойынша педагогтері­міз 1,2,3-орындар және «Үздік маман» медальон­дарына ие болды.

– Дамыған елдерде кадр даяр­лау жүйесіне, оның ішінде кәсіптік техникалық білім беру сапасын арттыруға басымдық беріледі. Жалпы әлемдік тәжірибе бойынша жастардың еңбек нарығына араласып, алғашқы мамандық алып шығуына мемлекет тарапынан кепілдік беріледі. Сондықтан оқу ордасының әлеуетін дамыту жолында колледж әкімшілігі, ұстаздар ұжымы үздіксіз ізденістен қол үзбей, инженерлік-техникалық мамандарды даярлаудың негізгі бағыттары мен өндірістік оқытудағы заманауи технологияларды халықаралық тәжірибеге бағыттаудың қыр-сырын игеріп келеді. Колледж педагогтері өндірістік оқыту мазмұны жөніндегі жаңа тәсілдің үздік тәжірибелері мен әдістемелерін меңгеру нәтижесінде кәсіби дағдылар мен басқару біліктіліктерінің жоғары деңгейіне ие деп нық сеніммен айта аламыз,– дейді Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі директоры Зарипа Шолтанова.

Маңғыстау облысы білім басқармасының
баспасөз қызметі, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий