Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті: Қазақ қыздарының сәулелі шамшырағына 80 жыл
Бұл жоғарғы оқу орны сексен жылдық тарихи кезеңінде білім, ғылым және өнерді қатар алып, әлемдегі өзіндік дара бітімімен, бойтұмарымен ерекшеленіп, қазақ қыздарының сәулелі шамшырағы, беделді парасат мектебіне айналды. «Музыкалық білім» мамандығының университет қабырғасында қалыптасып, дамуына бірден бір себепкер – композитор, алғашқы кафедра меңгерушісі Бақытжан Байқадамов болатын.
Одан бергі жерде кафедраны композитор Ө.Байділдаев, композитор Д.Ботбаев, п.ғ.д., профессор Р.Жәрдемәлиева, п.ғ.д., профессор Ш.Құлманова, ф.ғ.д., профессор Т.Қоңыратбай басқарды, қазірде ҚР педагогика ғылым Академиясының академигі, п.ғ.к. А.Бейсембаева көшбасшылық жасап келеді. Жалпы, «Музыка» кафедрасы әр жылдары «Музыка тарихы мен теориясы», «Қазақ музыкасы», «Музыканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» атауымен қазіргі таңда т.ғ.к., доцент Ж.Аширбекова жетекшілік жасайтын білім мен ғылымды дамытуда бірлігі мен ынтымағы жарасқан әлеуметтік-гуманитарлық білім және өнер институты қарамағында жұмысын жалғастыруда.
Сонымен қатар мамандықтың бастауында жүрген, есімдері елге танымал ғалымдар мен композиторлар Ө.Байділдаев, Тен Чу, К.Ошлаков және басқа да музыкалық көркем шығармаларымен белгілі болса, ғалым-музыканттар М.Балтабаев, Р.Жәрдемалиева, Қ.Меңдаяқова, Ш.Құлманова, Т.Қоңыратбайдың іргелі ізденістері мен зерттеулері республика көлемінде кеңінен қолданылуда. Қазақстандағы музыкалық білім беру мәселелерін зерттейтін ең алғашқы ғылыми мектеп (80-ші жылдары) Қазақ қыздар педагогикалық институтының негізінде педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым Академиясының академигі, профессор Р.Жәрдемалиеваның бастауымен қалыптасқан.
Қазақстандағы этнопедагогика ғылыми мектебінің негізін қалаушыларының бірі, ҚР педагогика ғылым Академиясының академигі, «Айгүл» вокалдық-аспаптық ансамблінің белді мүшесі, университетіміздің үздік түлектерінің бірегейі, п.ғ.д., профессор С.Ұзақбаеваның басшылық, ғылыми-зерттеушілік, тәжірибелік қызметі білім мекемеміз бен болашақ мамандар үшін үлгі-өнеге. Республика деңгейіндегі жалпы білім беретін мектептерге арналған «Музыка» бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендерінің авторлары университет қабырғасында қызмет жасайтын ғалым-зерттеушілерден болатын (Б.Ғизатов, Р.Жәрдемалиева, Г.Қарамолдаева, М.Балтабаев, Б.Утемуратова және тағы да басқалар). Қазіргі таңда жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында даярланып жатқан «Музыка» бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендерінің авторлары профессор, п.ғ.д. Ш.Құлманова, профессор м.а., п.ғ.к. М.Уразалиева өзіміздің кафедрамыздың белді мүшелері екенін үлкен мақтанышпен айта аламыз.
Университетіміздің түлектері, осы киелі мекемеде қызмет еткен ән өнеріндегі үлгі тұтарлық тұлғалар Ағайша (Агима) Исағұлова, Галина Қарамолдаева, Мәдина Ералиева, Ұлжан Айнақұлова, Алма Аманжолова, Дина Хамзина, Тамара Асар, Гүлнұр Оразымбетова, Маржан Арапбаева, Гүлнұр Өмірбаева және сол сияқты. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор А.Исағұлова бүгінде жастардың кәсіби ұстаздық біліктілігінің шыңдалуына, өнер биігінен көрінуіне талмай еңбек етуде.
Осы қатарға студенттер құрамымен танымал болған М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидың «Абай», Джузеппе Вердидің «Травиата» опералары мен Имре Кальманның «Сильва» опереттасын сахналаған «Өнер – жастан» опера театры (жетекшілері профессор Г.Қарамолдаева, профессор А.Исагулова) және де биік таулардың еркін де ерке құсы «Ұлар» есімімен аталған фольклорлык-этнографиялық ансамблінің (жетекшісі профессор Б.Раева) концерттік шығармашылығы ұрпақтар сабақтастығы негізінде жалғасын тауып, өнерлерімен республикамызға таныла түсуде.
Қазіргі таңда кафедрамыздың профессоры, Мәдениет саласының үздігі М.М.Бурунчиннің жетекшілігімен ұйымдастырылған қыздар хор ұжымы, қауымдастырылған профессор, мәдениет саласының үздігі Д.Ахметжанованың көркемдік жетекшілігімен студент жастардан құралған бірнеше ұжымдар – ұлт аспаптар оркестрі (жетекшісі: ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж.Бегендіков), «Ұлар» этно-фольклорлық ансамблі (жетекшісі: магистр О.Ибраимов), «Нәзік» жетігеншілер ансамблі (жетекшісі: магистр А.Жұмақан), «Vivо» этно-эстрадалық ансамблі (жетекшісі: мәдениет саласының үздігі Д.Ахметжанова), домбырашылар ансамблі (жетекшісі: мәдениет саласының үздігі А.Муканова) өзіндік тамаша әуездерімен, ерекше импровизацияларымен университет мәртебесін талай биіктерге көтеріп келеді, келешекте алар асулары да жоғары бола бермек.
Майра СҰЛТАНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық
университетіндегі музыка кафедрасының
доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты,
Алтынай БЕЙСЕМБАЕВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық
университетіндегі БББ көшбасшысы,
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент