Оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар жинағы “Кемелтану” арнаулы курсы бойынша  жұмыс дәптері

(Жалпы білім беретін мектептің 10-сынып білім алушыларына арналған ) 

Аңдатпа.  «Кемелтану» арнаулы курсының бағдарламасына сәйкес 10-сынып оқушыларына қосымша жұмыс дәптері жазылған.Білім алушыларға шығармашылық ізденіс пен белсенді әрекет арқылы  білім сапасын жетілдіруге түрті болған өзекті ойлар,  мәтінмен жұмыстың тиімді жолдары құрастырылған.Сонымен қатар, көркем әдебиетті оқуға құштарлығын ояту,өз ойын еркін жеткізе білу мақсатында жазылды. Тірек сөздер: білім, сапа, сауаттылық, мәтін, құзыреттілік, ой, ізденіс.

Ұсынылып отырған жұмыс дәптерінде көркемсөз зергері, қазақ детектив жанрының атасы, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Кемел Тоқаевтың шығармашылығы жинақталынған. Жалпы білім беретін мектептің 10-сынып білім алушыларына К.Тоқаевтың шығармалары бойынша функционалды сауаттылыққа, мәтіндік талдауға байланысты тапсырмалар ұсынылып отыр. Жинақты оқушыларға, студенттерге, мұғалімдерге пайдалануға болады.

Мәтінді оқып, 1-5-сұрақтарға жауап беріңіз. 5-мәтін «Жауға атылған алғашқы оқ». Саған түсінікті болу үшін әңгімені өзімнің туған жерімнен бастайын. Атамыздың ата мекені Қаратал өзенінің бойы болады. Қыс түсе қалың ауыл маңыраған көп малмен бірге қалың құм ішіне, көп шағылдардың арасындағы Үшөзек қыстауларына көшіп көктемге қарай өзенге ойысады екен. Қаратал бойы кең жазық, көк шалғын, малға да, жанға да жайлы құтты мекен.

Әкем бес ағайынды екен. Ағалары Құшай, Төле, Өте, інісі Мырзахмет ауызбірлігі мықты, іргесі ажырамаған ажарлы туыстар бопты. Ауылға жаңа өкімет орнағанда Өте Совет жұмысына араласып кетіпті. Кейін Советке сайланады, ел басқарады. Сірә, белсенділігі мен асыра сілтеушілігі асып кеткен бе, қалай, жұрт коллектив боп бірігіп жатқанда бір түнде жазғы қоныс Кәлпеден көше жөнеледі. Алматыға аялдамай, Қырғыз асып кетеді.

Жалғыз көшпей інісін ерте кеткен. Әлі есімде, 30-шы жылдың жазында екі үй Пішпекке тақау, кендір егетін шаруашылықта жұмыс істеді. Менің әкем кендір егісінің басында қарауыл қарайды. Айдалада, арық жағасында жалғыз үй отыратынбыз. Қарақұрт деген бәле қалың. Таңертеңгісін керегенің басына құмырсқаша қаптайтын. Ал село маңында, орыстар тұрған жерде қарақұрт аздау. Өте аға біздің үйден бөлек, сол орыстардың қасында тұрды. Әкем, момын кісі еді.

“Мына қаршадай екі баланы өлтіріп аласың. Жұмысы құрғырды таста. Өзіңнен бұрын тұрған қарауылшы  Ғизатуллиннің үй іші қарақұрттан түгел қырылып қалды. Бас аманында кет!” – деп жаны ашыған кісілерге қысқа жауап қайыратын. “Кісі туған соң өледі ғой. Өлмегенде қайда барады. Одан құтылатын пенде жоқ. Бір алланың жазғанын көрерміз”, – дейтін. Сол жылдың жазында екі үйдің басына үлкен ауыртпалық түсті.

Өте ағаның үлкен баласы Үмбетқұлға қарақұрт тиіп төсек тартып жатып қалды. О кезде қараңғы жұрт дәрігерді білген бе? Танитыны, іздейтіні баяғы молда. Со маңда қарақұртты жазатын тәуіп бар дегенді естіп әкем соны тауып әкелді. Ол Үмбетқұлды кеудесіне дейін жалаңаш шешіндіріп тастап, қарақұрт шаққан жауырын тұсын сипалап, көзін жұмып, күбірлей түсіп ұзақ отырды. Молда ауруды қалай жазады екен, деп мен құмартамын.

Молда басын шапшаң көтеріп, көзін шақшита аспанға қарап “Менен зәрлі жылан, улы қарақұрт, бойдақ бүйі қашып құтылған емес. Сені тістеген сол бәлекетті алдыңа әкеп жорғалатып қоям. Бар зәрін табаныңнан шығарам. Бұған ту қара қой керек. Соның жас терісіне кеселдіні орап отырып қарақұртпен арбасам. Қара теріден қарақұрттың көзі байланып, ыңғайыма көнеді”, – деді. Бәрінен бұрын ту қара қой табу қиын болды. Әкем сандалып жүріп, Пішпектің аржағынан, қырғыздардан сатып әкелді.

Қара қойдың майлы еті таусылған күні әлгі молда: “Бұ балаға жәй емес, нағыз дөкей қарақұрттың өзі тиіпті. Көп балалаған неме екен. Бәрі жабылып тынысымды тарылта береді. Қанша арбасам да демім жетпеді. Қайтара алмадым”, – деп тайып тұрды. – Алда әкеңнің аузын ұрайын-ай! – деп Мейірманов боқтап жіберді.- Кісі өлейін деп жатқанда ол иттің тамағынан қалай ас өтті екен! – Содан былай молда дегенді естісем төбе шашым тік тұрады. Бәрі алдамшы, зұлым, жауыз боп көрінеді. – Арамза молда дін бұзар деген сол ғой.

Оқу сауаттылығына арналған тапсырма: 5-мәтін  «Жауға атылған алғашқы оқ». Мәтінге сәйкес келетін ақпаратты табыңыз. А) Дәрменнің тұмар тігуі. В) Ырғақпен айтылған ғажайып өлең арнауы. С) Үмбетқұлға қарақұрт тиіп төсек тартып жатып қалды. D) Достарының тілек қылуы. Е) Дәрменнің Мәкенді көруі.

Мәтіннің 1-абзацтағы қандай көңіл-күйді байқауға болатынын табыңыз. 
А) Ашу
В) Сағыныш
С) Өкініш
D) Сенімділік
Е) Реніш

3. «тәуіп» сөзінің синонимін анықтаңыз.
А) емші
В) жыршы
С) есепші
D) сынақшы
Е) Зергер

4. Сөйлемді жалғастырыңыз. Менен зәрлі жылан, улы қарақұрт, бойдақ бүйі…
А) Сатып алынған емес
В) Дайындап жіберіпті
С) Жасалынған емес
D) жасырынған емес
Е) қашып құтылған емес

5.Мәтінге сай мақалды белгілеңіз.
А) Ер есімі, ел есінде
В) Туған ел – алтын бесігің
С) Аңқау елге, арамза молда
D) Соқыр тауыққа бәрі бидай
Е) Көп түкірсе – көл

5-мәтіндегі К.Тоқаев “Солдат күнделігінен”  алынған үзінді бойынша https://wordwall.net/resource/82080437 сілтемесіне өту арқылы қызықты әрі танымдық ойын үлгісімен құрастырылған тапсырмаларды орындай алады.

«Ойлан, тап?» әдісі арқылы «Шындық/ жалған» ақпарттарды сәйкестендіреді. Берілген тапсырманы орындаңыз.

 

Жалғын

Шындық

1. Әкем бес ағайынды екен.

 

 

2. Ал село маңында, орыстар тұрған жерде қарақұрт өте көп.

 

 

3. Сол жылдың күзінде екі үйдің басына үлкен ауыртпалық түсті.

 

 

4. Қаратал бойы кең жазық, көк шалғын, малға да, жанға да жайлы құтты мекен.

 

 

5.Арамза молда дін бұзар деген сол ғой.

 

 

 

Жазылым. «Арамза молда дін бұзар дегенді» қалай түсінесіз?

……………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………

Дәл осы үлгімен көркемсөз зергері Кемел Тоқаевтың шығармаларынан алынған үзінділер талданып, белсенді әдіс-тәсілдер арқылы жасалған «Оқу сауаттылығына» арналған түрлі тапсырмалар құрастырылды.

Ж. Аймауытов:  “Жан дүниесінде тіл үйрену басты жұмыс емес,  жанама жұмыс болғандықтан, бала әуелі тәжірибеге талпынып, нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесін, тыңдасын, жазсын, оқысын, тілге үйренсін”. – деген екен.     

Светлана ИСАЕВА,
№ 19 орта мектеп-гимназиясындағы
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагог-шебер, Ы.Алтынсарин медалінің иегері,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген
ұстазы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий