Оқу сауаттылығын көтерудің маңыздылығы және дамыту жолдары
Бүгінгі таңда оқу сауаттылығы – жеке тұлғаның және жалпы қоғамның дамуындағы маңызды факторлардың бірі болып отыр. Бұл құбылыс тек оқи білу мен мәтіннің мазмұнын түсіну ғана емес, оны талдау, бағалау және күнделікті өмірде қолдану қабілетін де қамтиды. Оқу сауаттылығы – білім алудың негізі және адам өмірінің әр кезеңінде қажет болатын дағды.
Білім алушылар үшін бұл қабілет олардың болашақ кәсіби және әлеуметтік табыстылығына тікелей әсер ететіні анық. Оқу сауаттылығының маңыздылығы туралы сөз қозғағанда, оның жеке тұлға мен қоғам өміріндегі рөліне ерекше тоқталу қажет. Жеке деңгейде оқу сауаттылығы оқушының өзін-өзі дамытуына, танымдық қабілеттерін арттыруына және сыни ойлау дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді. Ал, қоғамдық деңгейде бұл – білімді, мәдениетті және ақпараттық қоғам құрудың басты құралы. Осы себептен де, оқу сауаттылығын арттыру – заманның басты міндеттерінің бірі.
Демек, білім алушылардың оқу сауаттылығын дамыту ерте жастан басталуы тиіс. Осыған байланысты, Астана қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM-SCHOOL мектеп-лицейінде «Бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын қалай көтереміз?» деген өзекті мәселе қарастырылған ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Басқосу барысында мектеп-лицей директоры Омаров Сәтжан Кәрібайұлы аталған мәселе төңірегінде ойын ортаға салды: «Баланың ерте жаста үйрену, ақпарат қабылдау қабілеті басқа жасқа қарағанда әлдеқайда қарқынды жүреді. Жасы кіші кезде де баланың әлеуметтік сана-сезімі қалыптасады. Сол себепті, баланы ерте жастан оқуға, с оның ішінде кітап оқу дағдысының қалыптасуына жағдай жасау қажет».
Ұстаздар ұжымының жетек-шісі бұл мәселеде ата-аналардың қолдауының маңыздылығына тоқталды және балалардың кітап оқу дағдысын қалыптастыру үшін бірлескен жұмыстар атқаруға шақырды. Жиналыс барысында оқу сауаттылығын арттыру үшін бірнеше ұсыныстар айтылды.
Атап айтар болсақ: баланың оқуға деген қызығушылығын ояту. Мұны ерте жастан бастап, оған кітап оқып беру, түрлі әңгімелер айту арқылы жүзеге асыруға болады. Баланың жас ерекшелігіне сай, қызықты әдебиеттер бірге таңдалуы қажет.
Үнемі кітап оқуды дағдыға айналдыру. Белгілі бір уақыт бөліп, үздіксіз оқу дағдысын қалыптастыру өте маңызды. Бұл білім алушының мәтінді түсіну және оны талдау қабілетін дамытады.
Әртүрлі жанрдағы мәтіндерді оқу. Көркем әдебиет, ғылыми мақалалар, публицистика сияқты түрлі бағыттағы материалдарды оқу – баланың көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді.
Оқығанды талқылау және пікір алмасу. Оқу сауаттылығын дамыту үшін баланың түсінгенін басқалармен бөлісуі, өз ойын білдіруі маңызды. Бұл әдіс баланың ойлау қабілетін шыңдап, көзқарасын дәлелдей білу дағдысын жетілдіреді
Оқығанын жазбаша белгілеу және рефлексия жасау. Белгілі бір мәтін бойынша негізгі ойларды қағазға түсіру, талдау, пікір жазу – оқу сауаттылығын қалыптастыратын маңызды амалдардың бірі.
Қорытындылай келе, оқу сауаттылығы – әрбір баланың табысты болашағының кепілі. Сондықтан, оны дамытуға жүйелі түрде назар аудару – мектептің және әр ата-ананың басты міндеттерінің бірі болуы тиіс.
Малик АБЕНОВ,
Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM-SCHOOL мектеп-лицейінің 4 «В» сынып оқушысы Нысан Айарудың ата-анасы