Мектепке дейінгі ұйым меңгерушілерінің республикалық форумы
Астана қаласындағы Оқушылар сарайында өткен аптаның бейсенбі күні, яғни мамыр айының 15-інде, елордалық білім басқармасы ұйымдастырған «Kids and innovation: идея, даму, креатив» тақырыбындағы республикалық форумға бейіндік ведомство мен облыстық білім басқармаларының өкілдері, әлеуметтік серіктестер, еліміздің барлық аймағындағы мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілеріне қоса сарапшы мамандар қатысты. Шақырылған құрметті қонақтар, ең алдымен, «Цифрлық әлемдегі балалық шақ» көрмесінде отандық тауар өндірушілердің ойыншықтарынан бастап оқу-әдістемелерік құралдары сынды басқа да түрлі тауарлардың топтамаларымен танысты.
Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев алғы сөзінде бұл бірегей басқосудың басты мақсаты – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инновациялық тәсілдер арқылы педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру, заманауи білім беру жүйесінің талаптарына сай жаңа идеялар мен тәжірибелермен алмасу алаңын қалыптастыруға бағытталғанын айрықша атап айтса, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова «Мектепке дейінгі білім беруді дамытудағы жаңашылдықтар: мүмкіндіктері мен перспективалары» аталатын баяндамасында ваучерлік қаржыландырудың жайы мен педагогтердің сапалық құрамы жақсартуға бағытталған біліктілікті арттыру жұмысы, балабақша мен мектеп сабақтастығының маңызы, оқыту үшін жасанды интеллектіні қолданудың тиімді мысалдары және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы технологиялық шешімдердің маңыздылығына басымдық берді.
«MANAoCO» Халықаралық тәуелсіз аккредиттеу және білім сапасын бағалау агенттігінің тең құрылтайшысы Ләззат Булебаева «Аккредитация дошкольного образования – перспективы роста для дошкольных организаций»; Мектепке дейінгі білім беру сапасы бойынша халықаралық эксперт, Орталық Азиядағы ECERS қауымдастығының негізін қалаушысы Гаухар Киикова «Воспитатели и дети в современном детском саду: как создать качество?»; «Qundylyq.kz» компаниясының бас директоры, тренер, Астана қаласы әкімдігінің «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының химия пәні мұғалімі, «Оуna&Oyla» кітабының авторы Жігер Телюқанов «Құндылықтарға негізделген білім беру»; п.ғ.к., ВОО «Воспитатели России» Федерациялық мектепке дейінгі білім беру кеңесінің сарапшы мүшесі, АНО ДПО «Дом радости» директоры, Санкт-Петербург қаласы, Ресей Федерациясы Маргарита Черепанова «Традиции и инновации в современном дошкольном образовании: время быть профессионалами» тақырыптарында пайымды пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара барысындағы үш негізгі секциялық отырыста икемді және бейімделген оқыту әдістемелері – әр баланың қажеттіліктеріне сәйкес тәрбие мен білім беру процесін бейімдеу; эксперименттік алаңдардың маңызы – балабақшада инновациялық тәжірибелерді енгізу және жасанды интеллект негізіндегі интерактивті білім беру жайы талқыланып, сарапшылар мен практик мамандар тарапынан мектепке дейінгі білім беру саласындағы соңғы тенденциялар мен өзгерістер туралы құнды ақпараттар берілген болатын. Басқа да спикерлер түрлі тақырыпта тағылымды тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сыныптар мен практикалық жұмыс және сюжетті рөлдік ойын арқылы заманауи инновациялық шешімдер мен әдістерді таныстырды.
Жиналғандардың назарына балабақшада балалардың білім алу сапасын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен ресурстар ұсынылды. Бұл жүздесу мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңа идеялар мен инновациялық шешімдерді енгізуге қызығушылық танытатын меңгерушілер үшін тамаша мүмкіндік болғаны даусыз. – Қазір балалардың дамуы үшін жаңа технологиялардың маңызы зор. Әсіресе, жасанды интеллект. Қаламыздағы балабақшалар білім беруде заманауи мүмкіндіктерді қарқынды пайдаланып келеді. Бұл әрине, тек елордамызда ғана емес, басқа да өңірлерді тиімде игерілгені маңызды, – деді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбатында қалалық мәслихаттың депутаты Бауыржан Қасымбергебаев.
ҚР Балаларды ерте дамыту институтындағы мектепке дейінгі білім беру мазмұны департаментінің аға сарапшысы Мария Хаменованың «Мектепке дейінгі білім беруді дамыту мен сапасын арттырудың негізгі бағыттары» және Л.Н. Гумилев атындағы ұлттық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайра Жиенбаеваның «Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеуін дамытуда тілдік ортаның мәні және ерекшелігі» тақырыбындағы баяндамалары көңілімнен шықты. Бүлдіршіндерге бестемше ойынын үйрету бағдарламаға биылдан бастап кіргізіліп жатыр. Жас ұрпақты цифрлық сауаттылыққа бала кезінен баулудың маңызы зор. Осы орайда көрсетілген көптеген көрнекіліктер мен әлеуетті әріптестеріміздің айтқандары көңілімізден шықты, – дейді Өскемен қаласындағы «Қуаныш үйі» балабақшасының меңгерушісі Гүлшат Досанова.
Майра Алашбаевна КУНХОЖАЕВА, Қызылорда қаласындағы «Сыр шуағы» IT балабақшасының меңгерушісі, «Мектепке дейінгі ұйым жұмысындағы жаңа серпін: балабақшадағы жасанды интеллектіге жасалған қадам» тақырыбындағы баяндамасынан: Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Сыр шуағы» бөбекжай-бақшасы 2016 жылы ашылып, екі жүз тоқсан балаға арналған 12 топты құрайды. Тәрбие мен оқу процесі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бөбекжай-бақшаның он екі тобында балалардың жас ерекшелігін, топ балаларының қызығушылығын, даралығын, әр баланың жеке қабілеттерін ескере отырып, заттық-дамытушылық орталықтары жасақталып, қажетті дидактикалық материалдар мен көрнекіліктермен жабдықталған.
Бөбекжай-бақша 36 жоғары білімді педагог мамандармен қамтылған. 2019 жылы балабақшаға басшылыққа келген уақыттан бастап, біріншіден, бала толықтыру, және де заман талабына сай балаларды дайындау мақсатында ата-аналардан сауалнама алынды. Сауалнама нәтижесінде көптеген ата-аналар компьютерлік сауаттылыққа басым бағытты айқындады. Сол кезеңнен бастап жыл сайын балабақшаның үнемделген қаржысынан материалдық база кезең-кезеңімен IT бағыты бойынша толықтырылып келеді.
Қызылорда облысы білім басқармасының (19.04.2021 ж., №46) бұйрығымен «Сыр шуағы» бөбекжай-бақшасы «IT-балабақша» пилоттық білім беру ұйымы ретінде бекітіліп, жұмыс істеуде. ІТ-жоба аясында салалық министрліктің 79 құзыреттілік орталығының бірі ретінде озық іс-тәжірибені тарату және енгізу алаңына енді. Мақсатымыз: мектепке дейінгі білім беруде ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану арқылы баланың танымдық қызығушылығын қалыптастыру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Міндеттері: цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану арқылы, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру. Тірек білім беру ұйым ретінде үздік практиканы тарату.
Ақпараттық технологиялардың қолданысын тәжірибеде сынау арқылы кеңейту. Цифрлық технологияларға негізделген дамытушы бағдарламалар әзірлеу. Ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану бағыттары: робототехника және STEM; мобильді интерфейс; мультимедиялық іс-әрекеттер; арт-өнер, музыка. Былтырдан бастап балабақша педагогтері мобильді топ мүшелері болып жұмыс істеуде. Облыс бойынша 160 ата-аналарға арналған консультациялық пункт жұмыс істесе, соның біреуі біздің балабақшада. Материалдық базамызды арнайы планшетпен толықтырып, балабақшадағы баланың күнделікті қатысуын Face ID арқылы белгіленеді, яғни балабақша кіреберісінде арнайы планшет құрылғысы арқылы бала белгіленіп, күнделікті қанша бала балабақшаға келгендігі жөнінде жылдам ақпарат алуға мүмкіндік бар.
Бұл өз кезегінде тәрбиешілердің, педагог мамандардың еш нәрсеге алаңдамай жұмыс істеуіне қолайлы, ақпарат бірден бір жерден орталық Қазына базаға жинақталады. Бұған дейін топ тәрбиешісі өзінің тобында жеке телефон құрылғысымен әр баланы өзі белгілейтін. Бұл құрылғы тәрбиешіге тиімді болып тұр. Балабақшаның үнемделген қаржысынан, жоғарыда атап кеткендей, кезең-кезеңімен материалдық базамызды ІТ бағыты бойынша толықтырып келеміз. Бөбекжай-бақшамыздың барлық 12 тобын интерактивті панельдермен жабдықтадық. Бұл құрылғы арқылы ұйымдастырылған іс-әрекет, біріншіден: балалардың қызығушылығын арттырады.
Екіншіден: зейін қойып көрумен қатар түсінбеген жерлерін қайта көруге, тыңдауға және алған мағлұматты нақтылауға мүмкіндік береді, сонымен қатар бүлдіршіннің білім алу кезеңіне іс-әрекетінде белсенділігін арттыра түседі. Сонымен бірге отыз планшетпен, 30 bilimbook-пен және де машиналық оқыту құралдары: балаларымыздың досы sahbot роботымен толықтырдық. Бұл құрылғы тәрбиеленушілердің робототехникаға деген қызығушылығын арттырып, оларға жаңа идея берері даусыз және бірнеше тапсырмаларды орындайды, құрылғыдан жиырмадан аса ойындар ойнайды.
Қызықты сезімдер эмоциясы бөлмесі – интербелсенді еденмен елуден аса құрылғыда ойындары бар. Балалар сенсорлық проектордың көмегімен динамикалық және қызықты іс-шаралар өткізеді, бұл танымдық және физикалық белсенділігінің дамуына серпін береді, бала шапшаң қимылдайды, логикасын дамытады, мінезін, эмоционалды дағдыларды қалыптастырады. «Оқуға құштар балабақша» бағытын қолға алып, балаларымызға жаңа мүмкіндіктер беру мақсатында LED экран (үй кинотеатры) арқылы қазақ халқының мәдениетін насихаттайтын мультфильмдер мен ертегілерді тамашалайды. UTS Говорун PRO логопедиялық айнасымен бірнеше артикуляциялық, тыныс алу, фонетикалық, дыбыстарды машықтандыруды, бірнеше жаттығулармен және бірнеше құрылғы ойындарымен қамтылған.
Робототехника ойындары, балаларға арналған бағдарламалауды үйрететін роботохникалық құрал – 3D виртуалды көзілдіріктер, робо ара, робо тышқан, мататалап, робот botley, портативті проектор және т.б. робототехникалық ойындарды балаларымыз күнделікті іс-әрекет барысында пайдаланады. АКТ арқылы оқыту баланың интеллектуалды қабілеттілігін айтарлықтай дамытуға, мінезін қалыптастыруға, байланыстырып сөйлеуді, логикалық ойлауды, дүниетанымды дамытуға, сыни ойлауды қалыптастыруға және жеке мүмкіндіктерді беретін дамытушы орта құруға ықпал береді. Балабақшаның барлық педагог-мамандары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша «IT құзыреттілігі» бойынша, «Акт технологияларды қолдану бойынша», біліктілік арттыру курстарынан өткізілді.
Балабақша тәрбиеленушілері түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен бірге балабақша педагогтері республикалық іс-шараларда да өз іс-тәжірибесімен бөлісуде. Халықаралық «Жас ғарышкер-2024», «Жас ғарышкер-2025» «Robo Mouse», «Robo Пчела» сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту инситуты ұйымдастырған «Мен зерттеушімін», «Ханталапай» ұлттық ойыны, «Менің қауіпсіз әлемім» республикалық кезеңдерінде топжардық.
Мектеппен әріптестік-серіктестік, ынтымақтастық аясында мектепке дейінгі ұйым және бастауыш мектеп арасындағы жол картасын жүзеге асыру «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық бағдарламасы, балабақша мен мектеп арасындағы ықпалдастықты жетілдіру, мектепалды даярлық мазмұнын талдауда тәжірибе алмасу мақсатында Серғали Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицеймен меморандум жасалды. Балабақша мен мектеп педагогтері арасындағы серіктестік бағытында ортақ әдістемелік кеңестермен, педагогикалық кеңестер жиі ұйымдастырылады. Бүгінгі күні мобильді телефон кең ауқымды пайдаланушыларға қолжетімді, тіпті мектепке дейінгі балалар да оны тиімді пайдалана алады.
Осылайша жасанды интеллекті негіздерін үйрету, тіпті қарапайым деңгейде, мектепке дейінгі білім беруден басталуы тиіс. Жасанды интеллекті тәрбиешілер үшін қуатты құралдардың бірі болып отыр және оқу сапасын жақсартады. Әртүрлі анимациялық құралдарды дайындау үшін көмекші құрал ретінде пайдаланады. Бала, мүмкіндігінше, шынайы өмірмен байланыстырады. Жасанды интеллекті баланың физикалық, коммуникативтілік, танымдық, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыру арқылы бала отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, үлкенді құрметтеуге және шығармашылық дағдыларын шыңдауға мүмкіндік береді.
Балалардың жасанды интеллекті технологиясы мен IT ойындар арқылы тәрбие мен оқытуды инновациялық жаңалық пен ақпараттық құзыреттіліктермен ұштастыра отырып цифрландыру мақсатында бес дағды бойынша педагог мамандар балалармен бірге жұмыс істеуге жұмылуда. Біріншісі – «Шынығамыз әуенмен» физикалық дағдылар бойынша: Talkinggo.de. голограммалық сағат арқылы, Viggle AI-анимация жасауға құрал, VR Shinecon 3D виртуалды көзілдірік арқылы көрсету. Екінші дағды – «Көңілді тіл» коммуникативтік дағдылар бойынша: Pixverse Ai бағдарламасы, Canva, Publyy цифрлы кітап ойыны, Merge cube 3D куб арқылы балаларға ертегі бейнелерін көрсетеді, UTS Говорун RPO» логопедиялық айна құрылғылары арқылы артикуляциялық жаттығулар.
Үшінші дағды – «Қызықты STEM ойындары» танымдық бойынша: Delightex, Viggle Ai, AR бағдарламасы, Animal AR 3D, Matatalab және робототехника бағдарламасы мен жасанды интеллекті элементтерін қосу арқылы көрсету. Төртінші дағды – «Art» шығармашылық бойынша: Art TIME, Stop Motion, Adobe Fiefle бағдарламалары арқылы. Бесінші дағды – «Эмоция мен технологияның үйлесімі» әлеуметтік-эмоционалдық бойынша: eb-ar.studio, Zap Works, AR кубы арқылы, Ботли машиналық құрылғы арқылы көрсету. Осы бес дағды бойынша ойындардың жасалу жолдарын, балаға үйретудің тиімді тұстарын күнделікті іс-әрекет барысында мектепке дейінгі ұйымдарда баланы қызықтыру мақсатында қалай пайдалануға болатынын ІТ бағыттағы балабақша ретінде өзіміз сынап көріп, қолданысқа енген 5-6 жасанды интеллекті технологиясы мен ІТ ойындар арқылы тәрбие мен оқытуды инновациялық ақпараттық құзыреттіліктермен ұштастыра отырып әрі қарай эсперимент ретінде қолданып жүрміз.
Гульбахыт СЭРЭЭТЭР, Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі, «Құндылықтарға негізделген математика негіздері: мектепке дейінгі білім беру кейстері» тақырыбындағы баяндамасынан: Бала – өмірдің ең асыл сыйы, болашақтың жарық сәулесі. Әрбір бала – аманат етіп берген өмірдің әлі жазылмаған аппақ парағы. Тәрбие мен білім – бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғым. Екі ұғымды бөліп қарастыру немесе бала бойында тек біреуін қалыптастыруды ойластыру қателік. Алдымен, тәрбие беру арқылы ғана шынайы білімді ұрпақ тәрбиелей аламыз. Бұл – бабалардан қалған аманат, бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен жауапкершілік.
Тәрбие мен білімнің өзара байланысын ұлы ойшылдар ғана емес, ғылыми зерттеулер мен педагогикалық теориялар да растайды. Жан Пиаже бала психологиясында білім мен тәжірибе арасындағы байланысты түсіндіріп, әрбір жас кезеңінде білімнің қабылдануы өзгеретінін айтты. «Адам санасы дүниеге келгенде бос тақта секілді болады, ал тәжірибе оны толтырады». Тәрбие мен білім – бала өмірінің алғашқы жылдарында қалыптасатын қадамдар. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Біздің басты мақсатымыз – адал, әділетті және жауапты азаматтарды тәрбиелеу. Бұл елдің дамуы мен болашағына әсер етеді», – деген болатын.
ҚР Президенті бұл сөзінде тәрбиенің елдің болашағына әсерін ерекше атап айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пікірінше, әділеттілік пен адалдық сияқты қасиеттерді ұрпаққа дарыту – мемлекет дамуының кепілі. Балабақша – баланың алғашқы әлеуметтену ортасы, алғашқы мінезі мен болмысы қалыптасатын қасиетті кезең. Мұнда білім беру үдерісі тәрбиелеуден ажырамауы тиіс. Алдымен, дұрыс тәрбие берілуі керек, себебі тәрбие – білімнің тамыры. Тәрбиелі бала – қандай бала? Бойында адами құндылықтары қалыптасқан, білімін дұрыс қолдана алатын, қоғамға пайдасын тигізе алатын адал азамат.
Тәрбиенің білім берудегі орны. Балабақшадағы әрбір сабақ, ойын, жаттығу, ең алдымен, адамгершілік, ізгілік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды бойға сіңіруге бағытталуы керек. Мысалы, санауды үйреткенде тек санды жаттатпай, «бөлісу», «көмектесу» ұғымдарын қатар түсіндіру қажет. Тәрбие арқылы білімді сіңіру әдістері. Үлгі арқылы үйрету: Балалар сөзден гөрі іс-әрекетті тез қабылдайды. Тәрбиеші өз мінез-құлқымен балаға үлгі болуы тиіс. Ойын арқылы тәрбиелеу: Білім беру ойын түрінде жүргізілгенде тәрбие табиғи түрде беріледі. Мысалы, ұжымдық ойындар арқылы бірлік пен сыйластықты үйретеміз. Әңгімелеу мен сахналау: Хикаялар мен көріністер арқылы балаларға жақсылық пен жамандықтың ара жігін ашып көрсету. Мадақтау мен қолдау: Баланың әрбір жетістігін әділ бағалап, оны жақсы қасиеттерге ынталандыру.
Тәрбие мен білімнің бірлігі – бала дамуының кепілі. Тәрбиесіз берілген білім – баланың жеке басын толық қалыптастырмайды. Ал тәрбиемен ұштасқан білім балаға өмірлік бағыт-бағдар береді. Осындай үйлесім арқылы бала бойына білімқұмарлықпен қатар жауапкершілік, еңбекқорлық, мейірімділік қасиеттері орнығады. Мектепте сабақ беретін мен үшін балабақшадағы математиканы оқыту негіздері арқылы бала бойына адами құндылықтарды дарыту әдістемесін қарастыруыма септігін тигізді. Енді ғана қоршаған ортамен танысып, қоғамға үйреніп келе жатқан бала бойына адамгершілік, бірлік, үлкенді сыйлау ұғымдарын математика негіздерін оқыту арқылы қалай дарытуға болады?
Балабақшада математика негіздері келесі бағыттарда оқытылады. Сан мен санау ұғымдары (1-ден 10-ға дейін, кейін одан жоғары). Геометриялық пішіндермен танысу (шеңбер, шаршы, үшбұрыш, төртбұрыш). Кеңістік қатынастарын меңгеру (оң, сол, жоғары, төмен, алдында, артында). Уақыт ұғымын түсіндіру (таң, түсте, кешке; күн, апта күндері). Шартты өлшеулер (ұзын-қысқа, ауыр-жеңіл, үлкен-кіші). Логикалық тапсырмалар орындау (салыстыру, сәйкестендіру, жіктеу). Геометриялық пішін дөңгелекті шеңберді таныстыру кезінде бала бойына бірлік, ынтымақтастық ұғымын қалай қалыптастыруға болады. Шеңбер, дөңгелек сынды геометриялық пішідерді білу қаншалықты маңызды?
Қарапайым тәжірбие. Балалар сіздер су тамшысын көргенсіздер ме? Шыны ыдысқа су толтырамыз. Судың ішінен пипетканың көмегімен су аламыз да оны түрлі-түсті немесе ақ параққа тамызамыз ол, әрине, дөңгелек пішінге еніп, ақ парақтың бетіне қонады. Тамшы жайылған кезде дөңгелек пішінін қалыптастыратынын балалар өз көздерімен көреді. «Міне, су тамшысы дөңгелекке ұқсайды. Бұл – табиғи шеңбер!». Балалардың өзіне ақ қағазға өздері де тамшылар тамызып, олардың шеңбер екенін белгілеп, үстінен түрлі түстермен қоршап, сыздыртуға болады. Бүкіл нүктелері ортасынан бірдей қашықтықта орналасады. Шеті тегіс әрі тұйық болады.
Дөңгелек шеңбер сияқты болады. Оның барлық шеті ортасынан бірдей қашықтықта. Сондықтан дөңгелек домалай алады. Егер дөңгелек болмаса, затты сүйреу өте қиын болар еді. Ал дөңгелек – айналып, затты жеңіл жылжытуға көмектеседі. Өйткені шетіндегі нүктелер бәрі бірлікте, ынтымақтаса қозғалады. Бір баланы ортаға қойып, әр бала сол баладан бірдей қашықтықта қоя отырып, шеңбер құрастырып, қозғалысты көрсетуге болады. «Біз де осындай су тамшылары сияқты бір-бірімізге көмектесіп, бірге әрекет етсек, үлкен жетістіктерге жетеміз!».
Дөңгелекті оқыта отырып бірлік ұғымын қалыптастырсақ. Көршілес сандар ұғымын оқыту кезінде үлкенді құрметтеп, тарихтың маңызын ұғындыру үшін мына терминді қолдансақ: үлкен сандар = арғы тегіміз, кіші сандар = ұрпағымыз. Ойын барысы: «Сандар шежіресін құрайық!». Балалар шеңбер жасайды, әр балаға бір сан беріледі (мысалы, 2, 3, 4, 5, 6…). Мұғалім ортаға бір санды атайды (мысалы, 3 саны). Сұрақтар қоямыз: «3 санының арғы тегі кім?» (4 саны). «3 санының ұрпағы кім?» (2 саны). Келесі көрнекіліктер мен сан ұғымын бекітуге болады. Баланың әкені атаның суреті жапсырылған таяқшалар және таяқшаның артына сандарды жазу арқылы сәйкестікті орындау ойынымен бекітуге болады.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...