Бүгінгі білім мен білік, ертеңгі ерен енбекпен еншілес

Ұлытау облысы (08.06.2022 ж.) екі аудан, үш қаладан құралып, тұрғындар саны аз болғанымен, аумағы (188,9 мың км²) бойынша – елімізде бесінші орында. Ұлт ұясы атанған өңірдің қайта дамуына жаңаша серпін беру мақсатында 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітіліп, жергілікті қазба байлықты халықтың игілігіне жарату үшін жаңа кәсіпорындарды көптеп ашу көзделген.

Облыс әкімі Дастан Рыспеков

Былтыр өңірге 226 миллиард теңгеден астам қомақты қаржы тартылса, оның сексен тоғыз пайызы – жеке бизнес өкілдерінің капиталы екен. Нәтижесінде жалпы сомасы 940 миллиард теңге болатын инвестициялық пул жасақталыпты. Биыл құны 138 миллиард теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру қолға алынған. Осы орайда құрылыс, сауда, логистика, энергияның балама көздері және туризм салаларының тартымдылығы жоғары көрінеді. – Жұмысшы мамандықтары кенді өлке үшін аса маңызға ие. Жастардың бәсекеге қабілетті және еңбек нарығындағы сұранысқа ие қажетті кәсіптерді таңдауы болашақтарының баянды болуына мол мүмкіндік сыйлайды. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысып, қоғамға пайдасын тигізсе, бұл – нағыз жетістік әрі дұрыс таңдау, – деді Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында ұйымдастырылған жергілікті фестивальде облыс әкімі Дастан Рыспеков.

– Тәуелсіздік мемлекетіміз бен ұлттың болашағы – қазіргі жастар. Өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алып, тұлға ретінде қалыптасуына жақсы жағдай жасалған. Озық ғылыми жетістіктер арқылы ел экономикасын қарқынды ілгерілету үшін бәсекеге қабілетті мықты мамандардың көп болуы маңызды. Халықтың бірлігіне қоса білігі мықты болса кез келген қиындықты жеңуге болатындығы байырдан белгілі еді, қазір де куәміз, – деді сөйлеген сөзінде Қазақстанның Еңбек Ері, құрметті кенші Тұрсынбек Мәкішев.

– Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерді мақтан тұтамыз. Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы». Қазір осы саладағы білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға беріледі. Ал өндіріс озаты Майра Ерманова «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» атанып отыр. (Майра Жұратбекқызы – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ №1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикаларының флотаторы, Жезқазған қаласы – редакция). Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы, – деді биылғы Халықаралық әйелдер мерекесіне орай еліміздің әртүрлі саласында мамандықтары бойынша адал әрі абыройлы еңбектерімен жоғары жетістіктерге жеткен бір топ аяулы аруларды ҚР Президентінің «Ақорда» резиденциясында құрметпен қабылдап, түрлі дәрежедегі мемлекеттік марапаттарды тапсырудың салтанатты сәтінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Майра Ерманова ерлермен қатар иық тірестіріп, өндірісті өркендетуге үлес қосып жүргендердің бірі әрі еңбекте бағы жанған жан. Бұл фабрикаға келгеніне отыз үш жыл. Осы қиын мамандықты игерудің жолында кейіпкеріміз талай бұралаң жолдан өтті. Иә, әйел заты үшін өндірісте жүру, оның бар ауыртпалығын көтеру – екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ауыр өндіріс жағдайында жұмыс істеуге дағдыланған нәзік жанның бұл салаға келуі де кездейсоқтық емес. 1986 жыл – ол Жезқазған тау-кен комбинатының балабақшасының бірінде еңбек етіп жүрген кезі болатын. Арада аз уақыт өткен соң комбинаттың техникалық бақылау бөліміне жұмысқа орналасты. Алматы қаласындағы политехникалық институтқа емтихан тапсыру науқаны жүріп жатқанын естіп: «Мен де бағымды сынап көрейін. Жолым болып жатса оқуға түсіп кетермін», – деген шешімге бекіп, емтихан тапсырды.

Майра Ерманова – «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері»

Сынақтан сүрінбей өткен бойда алып шаһарға жол тартқаны бар. Игеруге құмартқан мамандығы – байытушы. Төрт жыл институтты жақсы үлгеріммен аяқтаған соң, бірден туған жерге оралды. Одаққа аты дүрілдеп тұрған фабриканың №1 бас корпусына флотаторшы болып жұмысқа қабылданды. Алып цехтағы ұршықша айналдып жатқан машиналардың гүрілдеген дауысы, флото машинадағы ұнақталған кендерді сұйылтып, қоюлату сынды үдерістер лек-легімен атқарылатынын дипломды маман теориядан да, іс-тәжірибеден де жақсы білетін. Алайда дәл іске келгенде қобалжып, үрейге де бой алдырды алғашында. Надежда Новгороцова тәлімгері ретінде оған бар білгенін үйретіп, күрделі істің құпиясын меңгеруге баулыды.

Ұлытау ауданындағы Қарсақбай агротехникалық колледжі жұмысшы мамандықтарының беделін биіктетіп, абыройын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Арнаулы оқу орнына қарасты алты ғимарат бар. Екі қабатты оқу корпусы, пән кабинеттері мен зертханалар, шеберханалар, спортзал, жатақхана, әкімшілік корпус және асхана. Бұл нысандар заманауи талапқа сай жабдықталып, автономды жылыту жүйесіне қосылған. Оқу-өндірістік инфрақұрылымы мықты (18 оқу пән кабинеті, жеті зертхана, 4 оқу шеберханасы, қырық орындық асхана, 100 адамдық акт залы, медициналық пункт пен отыз студент орналасатын студенттер жатақханасы).

Қарсақбай агротехникалық колледжі

Бүгінгі таңда 86 білімгерге жиырма бір оқытушы дәріс беруде. Оқу орнының басты ерекшелігі – жастарды автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану; ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу; есеп және аудит; ауыл шаруашылығын механикаландыру; ветеринария, экология және табиғатты қорғау қызметі сынды сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытып, тәжірибемен ұштастырып тәрбиелеуі. Соңғы жылдары колледжде инновациялық технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған.

«WorldSkills Ulytau-2025» өңірлік чемпионатында екінші курста оқитын Ертіс Әли «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша жүлделі бірінші орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Дуалды оқыту жүйесі тиімді түрде жолға қойылған. Яғни, студенттер теориялық біліммен қатар нақты өндіріс орындарында тәжірибе жинақтайды. Бұл тәсіл олардың кәсіби ортаға тез бейімделуіне және оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік береді. Колледж көптеген жергілікті мекемелермен тараптарға тиімді ынтымақтастық орнатқан. «Серпін» жобасы аясында биыл 30 студентке қоса басқа мамандықтар бойынша және елу талапкерді қабылдамақ.

– Орта буын мамандарға қоғамның көзқарасы түбегейлі өзгере бастады. Нақты еңбек ете алатын, ісіне адал, кәсіби машығы бар мамандар кез келген ұжымға ауадай қажет. Біз осы арнаулы оқу орнындағы түрлі мамандықтарға таңдау жасаған жастарға тек білім беріп қана қоймай, өндірісте еңбек етуге бейімдеудеміз. Жұмысшы мамандықтарының жылы үлкен серпін беріп, дамуға мүмкіндіктер ашып отыр. Бүгінгі білім мен білік, ертеңгі ерен еңбекпен еншілес, – дейді колледж директоры Досымжан Сәдуақасов.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий