Заманауи білім кеңістігін қалыптастырудың стратегиялық шешімі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ бастамасымен республиканың барлық аймағында іске асырыла бастаған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы тәуелсіз еліміздің тарихындағы бірегей әрі батыл қадам ретінде бағалануда. Себебі бұл – отандық ағарту саласының инфрақұрылымын уақыт талабына сай қарқынды түрде ілгері дамытудың тың әрі ауқымды жүйесі болатын.

Яғни, халықтың игілігі үшін пайдалануға берілетін заманауи білім ордасы жобалау жұмыстарынан бастап құрылыс және жабдықтауға дейінгі барлық кезеңдерді толығымен бірге қамтиды. Былтыр барлық өңірде жалпы саны 105 жаңа мектеп ашылса, биыл тағы 112 нысан қолданысқа берілетіндігі нақтыланған. Демек мемлекеттің тарапынан жарты миллионға жуық оқушы үшін сапалы білім мен саналы тәрбие алулары үшін қолайлы да қауіпсіз орта қарастырылып, жайлы жағдайлар жасалады.

– Біз әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше назар аударамыз. Олар – мектеп, балабақша, оқушылар сарайы, медициналық мекеме және тағы да басқалар. Елордада биыл 15 мектеп пен он бір балабақша салынуы көзделген. 2017 жылдан бастап тоқтап қолған мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қайта жандандырдық. Алғашқы жер телімдерін белгілеу, инженерлік желілерге қоса басқа да қажетті инфрақұрылымдарды дайындау сынды көптеген жүйелі жұмыстарды жедел жүргіздік, – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновпен бірге құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды аралау барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тілдесуінде.

Шаһар басшысының айтуынша, осы жылдың соңына дейін жергілікті бюджеттің қаржысы негізінде 1500 орындық бес балабақша және жеке инвестиция есебінен 1094 орындық төрт мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымы ашылады. Оған тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы 185 бүлдіршінді қабылдауға мүмкіндігі бар бөбекжай мен 120 орындық жаңғыртылған ғимаратты қосыңыз. Бұл орталықтарға 2899 сәби орналастырылатын болады. Қыркүйек айының бірінде жаңа он бес мектеп қолданысқа берілмек. Өткен оқу жылында 24 білім ордасы салынса, оның он алтысы ұлттық жобаның шеңберінде жүзеге асырылған екен.

Ақмола облысында білім беру жүйесі аясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы оқу жылында өңірде тоғыз жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл шешім оқушы орындарының тапшылығын айтарлықтай қысқартып, балалардың оқу жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік берді. Целиноград ауданында мектеп орындарының жетіспеушілігі сегіз есе азайса, Көкшетау қаласында бір жарым есеге төмендеді. Бұланды ауылында көп жылдан бері шешілмей келген апатты мектеп мәселесі оң шешімін тауып, оқушылар енді қауіпсіз әрі заманауи мектепте білім алуда.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тек қалада ғана емес, ауылдық елді мекендерді де қамтып отыр. Биыл тағы бес жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өз кезегінде өңірдегі жүздеген оқушының сапалы білімге қолжетімділігін арттырады. Целиноград ауданының Жаңа жол ауылында 80 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Дәл осындай мектеп Жарқайың ауданының Бірсуат ауылында да бой көтеруде. Көкшетау қаласында 588 оқушыға арналған «Білім-Инновация лицейінің» жаңа ғимараты салынуда. Бармашино шағын ауданында 500 орындық №10 мектептің құрылысы қарқын алса, Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде үш жүз оқушыға есептелген білім ордасы бой биіктетуде.

– Салынып жатқан жаңа мектептер – жай ғана ғимарат емес, бұл – өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына арналған білім кеңістігі. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушылардың шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетін ашуға толық мүмкіндік береді. Мектептерге жұмсалған қаржы – бұл өңірдің болашағын бекемдейтін қайтарымды инвестициялар. «Келешек мектептері» жобасы – бүгінгі ұрпаққа жайлы, қауіпсіз әрі сапалы білім алудың кепілі, – дейді жергілікті білім басқармасының баспасөз қызметі.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданының маңызды нысандарын аралау барысында жаңадан салынып жатқан Телекоммуникация және машина жасау колледжінің ғимаратына арнайы барды. Бұл нысанның сыйымдылығы – 1050 студентті құрайды. Шаһар басшысы мердігер компания мен жауапты тұлғаларға аумақтың абаттандыру қарқынын жеделдетуді және түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. №6 оқушылар үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуімен қатар сейсмикалық қауіпсіздігі күшейтілетіндігі де атап айтылды. 1958 жылы салынған бұл ғимарат оңтүстік астанадағы сәулет ескерткіші саналады.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Медеу ауданында бой көтерген екі мың оқушыға арналған заманауи мектептің құрылысын тамыз айына дейін аяқтап, қыркүйекте шәкірттерді қабылдау қажеттілігін қатаң ескертті. – Бұған дейін де айтқанмын, барлық жол жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Бұл жергілікті атқарушы биліктің тікелей бақылауында болады, – деді ол Жетісу ауданының әкімдігіне. Бурундай көшесінде 1200 орындық білім ордасының қабырғасы қалануда. Құрылыс компаниясы осымен бір уақытта тұрғын үй кешенін де салып жатыр. Төрт мың пәтерлік биік баспананың жартысынан астамы әлеуметтік бағдарламаларға тиесілі. – Егер мектепті уақытында тапсырмасаңыздар, біз әлеуметтік бағдарламаларға арналған пәтерлерді сатып алудан бас тартамыз. Ешқандай келісім болмайды, – деді сөзінің соңында Дархан Амангелдіұлы.

Мұнайлы өлкеде ұлттық жоба бойынша 6 білім ордасы салынып жатыр. Бұл мектептерде бір ауысымда 5100 баланың оқуына толық мүмкіндік болады. Оның үшеуі облыстың орталығында орналасқан. Келер жылы үшеуі пайдалануға берілмек. 2023-2025 жылдары осы жобаның шеңберінде 12 ағарту ошағын елдің игілігіне тапсыру жоспарланған. Былтыр бір ауысымда екі мың жеті жүз шәкірт білім алатын үш заманауи мектеп есігін ашқан болатын. Атырау қаласының Водников ықшам ауданындағы 1200 орындық жалпы білім беретін №50 жаңа білім шаңырағы қаңтар айында қолданысқа берілді. Қазіргі кезде осында жазғы лагерь ашылып, балалар уақытын тиімді өткізуде.

Соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған ғимаратта шәкірттердің ғылыми жұмыспен айналысып, түрлі зерттеу жүргізуіне жақсы да жайлы жағдайлар жасалған. Тігін және сурет шеберханаларында қажетті құралдың бәрі бар. Ұл-қыздар қарымы мен қабілетіне байланысты қалаған үйірмелеріне қатысып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына болады. Мәдени іс-шараларға арналған зал да кең әрі жайлы. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін де инклюзивті кабинеттер әзірленген. Түрлі спортпен шұғылданатын жасөспірімдерді арнайы залдарда дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері дүбірлі добаларда бақ сынауға үздіксіз жаттықтырады.

– Балалардың шығармашылығын дамыту арқылы кәсіптік бағдар беруге бағытталған шеберханалардың жұмысына қатысушылардың саны жоғары. Оқушылар мен педагогтердің ғимараттың ішіндегі қауіпсіздігі ең басты назарға алынғандықтан барлық бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына қосылған. Осы орайда ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптасқандығын нық сеніммен айта аламыз. Және психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог сияқты мамандарға арнайы кабинеттердің қарастырылуы да – үлкен жетістік, – дейді осы ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Амангүл Баймұқанова.

– «Келешек мектебі» ұлттық жобасы – тек инфрақұрылымдық жаңғыру емес, бұл – оқушы мен мұғалімнің психологиялық әрі әлеуметтік әл-ауқатына тікелей ықпал ететін ірі қадам. Жаңа мектептер – жай ғана ғимарат емес, ол – баланың тұлға ретінде дамуына, өзін қауіпсіз әрі маңызды сезінуіне мүмкіндік беретін орта. Бұл тұрғыдан алғанда, жоба қазіргі заманғы білім беру философиясына сай келеді. Заманауи мектепте бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың қарастырылуы – өте дұрыс шешім. Біз мектепті білім беру экожүйесі ретінде дамытуды көздейміз. Бұл – ата-ана, қоғам, бизнес пен университеттер, цифрлық технология, жобалық оқыту сынды құрамдас бөліктердің ортақ мақсаттағы біртұтас байланысы. Өйткені бүгінгі мектеп – ертеңгі ұлт келбеті.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий