Филология факультетінің 1990-1995 жылдардағы студенттеріне отыз жыл
Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетінің филология факультетін 1990-1995 жылдары бітірген студенттер биылғы маусым айының 28-і күні отыз жылдық кездесулерін ұйымдастыруға тыңғылықты дайындалуда. Егемендікке қол жеткізген еркін еліміз тәуелсіздіктің талаптарына сай жетпіс жыл бойы қалыптасқан кеңестік жүйенің қасаң саяси-экономикалық, әлеуметтік және білім мен ғылым саласындағы біржақты көзқарастарын қайта қарау барысында дербес ұлттық ұстанымдарды енгізе бастаған сол тарихи, қиын да күрделі кезеңдері болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің жоғары білімді, кәсіби мамандарының оқуы үшін міндетті пәндер бойынша бізге танымал тарлан тұлғалар жаңаша сипатта құнды дәрістер беріп, рухани құндылықтарға негізделген мол мағлұматтарға қоса ұзақ жылдар бойы айтуға қатаң тиым салынған ақтаңдақтардың анық та ашық ақиқаттарын санамызға сіңірген болатын.
Қазақстандық көректі ғұламалар мен заңғар зиялылардың алдыңғы қатарындағы алып шоғырды қалыптастырғандардың көшбасындағы әдебиеттанушы ғалым, фольклор зерттеушісі, сыншы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Түркия Президентінің «Түркі еліне қызметі үшін» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік марапаты санатындағы «Отан орденінің» иегері Рахманқұл БЕРДІБАЕВ (1927-2012 ж.ж.); белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының академигі Немат КЕЛІМБЕТОВ (1937-2010 ж.ж.) сынды адал да абыройы биік ардақты азаматқа тән болмыс-бітімімен дараланған ардақты ағаларымыздың ерен есімдері мен қажырлы қызметтерін өскелең ұрпаққа үздік үлгі ретінде ұдайы ұсынып келеміз.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы? / Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» демекші, бұл танымал тарихи тұлғалардың көзі тірісінде жазып қалдырған құнды да мол мұрасы бірнеше буын ұрпақ арқылы еліміздің ғылыми игілігі үшін тиімді пайдаланылуда. Ал әдебиеттанушы ғалым, әдіскер-педагог, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Серік МАҚПЫРОВ; педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының профессоры Күләш ОРАЗБЕКОВА; көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, көптеген ғылыми-зерттеу еңбектерге қоса оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторы атанған қаламгер Балтабай ӘБДІҒАЗИҰЛЫ; тіл білімінің майталман маманы, педагогика ғылымының кандидаты, қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша құнды ізденістер жасаған Нұрша ОРАЗАХЫНОВА және тағы да басқа парасатты педагогтер мен озық оқытушылар отандық білім мен ғылым саласының көкжиегін кеңейту бағытында жаңа дәуірдің мықты мамандары мен зерек зерттеушілердің жаңа буынын тәрбиелеуге сүбелі үлестерін аянбай қосып келеді.

Осындай өмірі өнегеге толы тау тұлғалардан жоғары деңгейде білім алып, түрлі тақырыптағы дипломдық жұмыстарын дамыту арқылы ғылыми ізденістерін ілгерілетудің нәтижесінде белгілі бір басым бағыттарға тыңнан түрен салған шығармашылық қарым-қабілеттері зор шәкірттері кейін ұлық атанған ұлағатты ұстаздарының сенімі мен үмітін ақтаса, көбісі отандық педагогикаға адалдығын дәлелдеу арқылы еліміздің аймақтарындағы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы талай түлектің осы мәртебелі мамандықты таңдауына үлкен үлестерін қосты. Қатарымызда көшбасшылық қасиеттерімен білдей оқу орындарын біліктілікпен басқарып отырған дарынды директорлар да бар.
ҚР-ның Оқу-ағарту министрі БЕЙСЕМБАЕВ Ғани Бектайұлымен бес жыл қатар оқыдық. Еліміздің бүгінгі таңдағы бас ұстазымен студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын бірге бөліскенімізді барлық түлектер әрдайым мақтан тұтып, мәртебе санайды. Ол жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша Алматы облысының Іле ауданының №12 орта мектебінде пән мұғалімі бола жүріп, директоры лауазымын атқарды. 1997-2000 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының бас ғалым хатшысы, Қапшағай қаласындағы білім бөлімінің басшысы, 2001-2006 жылдары «Халықаралық қосымша білім беру орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі.
2006-2020 жылдары «Edtecn» халықаралық білім беру орталығының бас директоры, 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры, 2020-2022 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, 2023 қаңтарға дейін бейіндік ведомствода вице-министр, содан бері бүгінге дейін министр лауазымында. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
БОЛАТАЕВА Роза Аблакимовна – Астана қаласындағы №60 мектеп-лицейдің директоры. Педагог-зерттеуші, бірінші санатты басшы. Педагогикалық саладағы еңбек өтілі отыз сегіз жыл болса, оның соңғы жиырма жылында ұстаздар ұжымының басшысы (2005 жылдан) лауазымында. ҚР Президентінің (29.11.2016 ж.) Жарлығы бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. «Ы.Алтынсарин» белгісінің (2013 ж.) және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2018 ж.) төсбелгілерінің иегері. ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым вице-министрі және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрінің Алғыс хатымен марапатталған. Әр жылдары Алматы, Астана қаласы әкімдерінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.

БИМУРАТОВА Анар Арғынбайқызы – Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы №1 М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Оқыту және тәрбиелеу жұмысы бойынша тағылымды тәжірибесін аудан мен облыс аумағындағы әріптестеріне ұдайы бөлісіп отыратын тәжірибелі тәлімгер. Облыстық білім басқармасына қарасты «Білім беруді дамыту орталығы» жанындағы шығармашылық топтың белсенді мүшесі.
БАИЛОВ Берік Шәріпұлы – Алматы облысының Алатау қаласындағы кәсіптік колледж директоры. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, халықаралық Д.А. Қонаев қорының «Мерей» орденімен, Әлем халықтары жазушы-лары одағының «Құрмет иесі» медалімен марапатталған. Ақын, бірнеше жыр жинақтарының авторы.
ДЕМЕУҚҰЛОВА Зәуреш Жұмағалиқызы – ұлағатты ұстаз, публицист, қаламгер, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, көркемсөз оқу шебері, қоғам қайраткері «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің және «Аяулы ана» орденінің иегері. Алматы облысындағы Балқаш ауданының Құрметті азаматы. Қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі әртүрлі өнер байқауларының жеңімпазы. Қоғамның мәдени-сая-си өміріне белсене қатысқаны үшін Балқаш ауданы әкімінің, облыс әкі-мінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім министрлігінің, ҚР Мәдениет министрлігінің, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің, Түркі халықтарының мәдени қорының және ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған.
НҰРМАХАНОВА Аққыз Илгерибасқызы – ұлағатты ұстаз отыз жылдан астам уақыт бойы білім беру саласында жемісті еңбек етіп келеді. Шәкірттері облыстық және республикалық білім байқауларының жүлдегері атанып жүр. Жиырма екі жылдан бері мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Аудан мен облыс әкімдерінің Алғыс хаттары табысталды.
АЛИЕВА Салтанат Жолдасовна – кеңестік жүйе ыдырап, заман тоқырауға ұшыраған қиын күндерге тап келген жастық шағында Өзбекстаннан келіп жоғары оқу орнында білім алды. Кейіннен 2007 жылы тарихи отаны Қазақстанға келіп, курстастарын іздей бастайды. Байланыс құралдары мен әлеуметтік желі арқылы бірнеше курстастарды тапқан соң арнайы чат құрды. Одан әрі сол кездегі түлектердің телефон арқылы басын біріктірген соң, үлкен топқа айналған студент достардың алғашқы кездесу қуанышын асыға күтіп жүрген жайсаң жан. Бүгінде Жамбыл облысының Қаратау қаласында орналасқан А.С. Пушкин атындағы білім ордасында білікті ұстаз және мектеп тренері. Шәкірттері облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы және «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері.
БАСПАКБАЕВА Жаңыл Жугинисовна – Шымкент қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжде тәрбие және идеологиялық жұмыстары бөлімі бастығының орынбасары. Қырық бір жылдық еңбек өтілі бар майталман маман, ұлағатты ұстаз. Ерен еңбегі үшін Қорғаныс министрінің, қала және облыс әкімдерінің Алғыс хаттары табысталған. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Кеңес Одағының батыры, қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор «Сабыр Рахымов», «Жас ұлан мектебіне – 40 жыл», «Сағадат Нұрмағамбетовке – 100 жыл» медальдарымен марапатталған.
БОРИМБЕКОВА Күнсұлу Ташкенбайқызы – Тараз қаласындағы №43 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Шәкірттері облыстық және республикалық білім байқауларында топ жарып жүр. Жаңашыл, ізденімпаз маман. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі елеулі еңбегі лайықты бағаланғандықтан «Ұлт тұлғасы» энциклопедиясына есімі жазылып, «Еңбек даңқы» төсбелгісі берілді.
КОКЕНОВА Жаңылған Имангожаевна – Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы №206 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Саладағы тәжірибесі отыз бес жылды құрайды. «Ұлағатты ұстаз» медалімен марапатталған. «Білім беру ісінің үздігі – 2023» байқауына қатысып, «Ұстаз» аталымын жеңіп алды. Шәкірттері білім бәйгелерінде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

МЫРЗАБАЕВА Бибігүл Төлегенқызы – Түркістан облысының Шардара ауданындағы «Ұзын-Ата» мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұйымдастырушы-педагог. Аудандық, облыстық байқауларға оқушылар дайындап, жүлделі орындарды иеленгені үшін Алғыс хаттармен марапатталды. Алғашында ұйымдастырушы-педагог, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, кейіннен кәсіптік бағдар беруші және әлеуметтік педагог қызметтерін атқарды. Қалалық, республикалық журналдарда оқыту мен тәрбиелеу тақырыптарында тәжірибесімен бөліскені үшін Алғыс хаттармен марапатталды. «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісінің иегері.
БАТЫРОВА Калдыбике Мадияровна – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы Сүгір Бегендікұлы атындағы №4 жалпы білім беретін мектептің директоры. 1991 жылдан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер. Жалпы педагогикалық саладағы еңбек өтілі – 37 жыл. 2024 жылы білім беру саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі жетістіктері көп. Қала мен облыс және республика деңгейіндегі жарыстар мен сайыс, байқау, пәндік олимпиадаларда оқушылары жоғары жетістіктерге жетіп жүрген ұлағатты ұстаз. «Жетістіктерге жетер жол» тақырыбындағы тәжірибелік баяндамасы қала мен облыста ұйымдастырылған конференцияларда лайықты бағасын алған мықты маман.
ШОТАНБЕКОВА Менжамал Әшімханқызы – Жетісу облысындағы Алакөл ауданына қарасты Екпінді ауылының М.Әубәкіров атындағы орта мектепте қырық жылға жуық табысты еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан зейнеткер ұстаз. Тоғыз немере сүйген ақ жаулықты әзиз әже. Салалық министрліктің Алғыс хатымен марапатталған. «Алаш ұстазы» медалінің иегері. Ұстаздық қызметте бірнеше жыл тәрбие саласын басқарғандықтан ауылдық округтегі аналар кеңесінің төрайымы, аудандық аналар кеңесінің белді мүшесі болып сайланды.
P.S: Құрметті оқырман қауым Сіздердің назарларыңызға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің филология факультетін 1990-1995 жылдары тәмамдаған студенттерінің 30 жылдық кездесуі қарсаңында арнайы әзірленген осы мазмұнды мақаланың авторы ретінде білім мен ғылым жүйесі мен басқа да салаларда жемісті еңбек етіп жүрген басқа да студенттік достардың тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан жеке үлестерін жоғары бағалайтындығымызды жеткізгім келеді. Бұл материалға республиканың әр қиырында жүрген курстастардың өздері ұсынған ақпараттары арқау болды. Осы орайда заман ағымы мен уақыт көшіне байланысты еліміздің әр аймағына барып қызмет атқарған, тіпті көршілес Ресей Федерациясына қоныс аударған ескі достарды іздеп тауып, бәріміз-дің басымызды ортақ мақсатта қосудың ұйымдастырушылық жұмыстарын жұмыла жүргізген аяулы ару әріптестеріміз Роза Аблакимовна мен Салтанат Жолдасовнаға ерекше ризашылық білдіріп, алғысымызды айтамыз.
Сөзімнің соңын «Курстастарға» деген тақырыптағы шынайы жүректен жазылған жыр шумақтарымен түйіндегім келеді.
Өзеуреп өмір-өзен ағыстары,
Өткен күндер өткелі алыстады…
Курстастар бір-бірін іздеп тауып,
Жастық шақпен жатқандай табысқалы.
Қуаныш ұялатып тек көңілге,
30 жылдық кездесу жеткені ме?!
Алматы тұр құшағын айқара ашып,
Айбынды Алатаудың бөктерінде!
Әр қиырдан жиналған жандар едік,
Мұғалім мамандығын таңдап едік.
Біле тұра бұл жолдың қиындығын,
Білімнің әлеміне бойлап ендік.
Арманның байлап алып ақ қанатын,
Қол создық барлығымыз баққа батыл.
Жастықтың жалынымен байқамаппыз,
Ол кезде қиын-қыстау шақ болатын.
Студенттік кез ыстық қой әр адамға,
Өшпейді екен ойдан да, санадан да.
ҚазПИ-дің біз студенті атанғанбыз,
Кеңестердің Одағы тарағанда.
Есіме алып отырмын бүгін бәрін,
Ұстаз деген – ұлы әке, ұғынғаным!
Тау тұлғалы тарландар дәріс беріп,
Бойымызға сіңірген білім нәрін.
Болашақ деп маңдай тер төккен еді,
Жас өркенге тиіпті көп көмегі.
Келімбетов – керемет адам болған,
Өз алдына бір дара мектеп еді!
Балап тұрмын оны мен бағымызға,
Жақсы адамдар жүріпті жанымызда.
Академик Рахманқұл ағамыздың,
Әрбір сөзін тоқыдық жадымызға.
Біздер үшін бір үлкен сәттілік бұл,
Кеудемізге шырағын жақты үміттің.
Мақтанышпен есімін еске аламыз,
Атақты Серік аға Мақпыровтың!
Үлгі болар ұрпаққа ғұмыры бар,
Қазақтың Балтабайдай бір ұлы бар.
Ұстаздардың айналып ұстазына,
Әлі күнге түспеген тұғырынан!
Шәкірті үшін қай ұстаз тыным көрген?!
Теңіздей түпсіз, терең білім берген.
Күләш апай келбеті көз алдымда,
Анамыздай елжіреп, күлімдеген!
Оқуға түскеннен соң талаптанып,
Кітапты отырушы ек сан ақтарып…
Абыроймен аяқтап оқу орнын,
Ұядан түлеп ұштық қанаттанып.
Талай биік белестен өткен едік,
Уақыт оған айтады тек төрелік.
Қимастықпен қоштасып курстаспен,
Алматыдан алыстап кеткен едік…
Шаққа жеттік шадыман дәл осындай,
Дүбірлетіп қазақтың даласын бай,
Құрбы-құрдас жиналды замандастар,
Болып кеткен бір үйдің баласындай!
Ішімізде талай сыр тұнып жатыр,
Уақыт бізге назарын бұрып жатыр.
Мақтаныш қой шынымен мәртебелі –
Ортамыздан министр шығып жатыр!
Өмірді сүю үшін жаралыппыз,
Ұлылардың сөзінен нәр алыппыз.
Жұлдыз болып бәріміз жанбасақ та,
Кірпіш болып қоғамға қаланыппыз!
Берік БАИЛОВ,
Заречный ықшам ауданындағы кәсіптік колледж директоры, ақын, Алматы облысы, Алатау қаласы