Жаз жайнатып, күн күлдіріп…
Жаз айлары – шәкірттер үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, бірнеше ай бойы алаңсыз тынығудың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі.
Бастауыш және орта буын сыныптарының балалары үшін осы уақыт тән-тұрпаттың табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңитін, көзқарасы қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын тамаша мезгіл. Және өскелең ұрпақтың негізгі сабақ пен қарбалас қарекеттен босап, қалаған қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан барлық білім беру ұйымдарындағы ұстаздар үшін оқушының бос уақытын дұрыс әрі тиімді пайдалануға бағыттаудың мәні мен маңызы зор. Балалардың бос уақыты дене және ақыл-ой қызыметін тынықтырумен қатар қарым-қабілетін жетілдіретін іс-әрекеттерге жұмсалуы тиіс.
Әйтсе де тыныға жүріп, түрлі ойын барысында ұл-қыздардың шынығу-шыңдалу мәселесімен қатар түрлі бағыттағы ізгілікті іс-шараларға тарту арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу – заман талабы. Осы орайда республикалық, облыс пен аудан деңгейінде ұйымдастырылатын лагерьлер – белсенді демалыс аймағы, тынығумен қатар сауықтыруға бағытталған, әртүрлі қоғамдық мәні бар бос уақытты өткізуге арналған арнайы орын саналады. Оқырмандардың назарына еліміздің бірнеше аймағындағы облыстық білім басқармаларының баспасөз қызметтері тарапынан жарияланған осы тақырыптағы ресми ақпараттарды ұсынамыз.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданындағы «Оқжетпес» балалар лагеріне барып, жазғы демалыстың жаңа маусымының ашылуына қатысты. «Балалардың бұл тынығу сәті, белсенді, мазмұнды әрі көтеріңкі көңіл-күймен басталғанына қуаныштымын», – деді өңір басшысы. Лагерьде балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған: жөнделген корпустар, абаттандырылған аумақ, үздіксіз бейнебақылау, сапалы тамақтану, медициналық қызмет және әр тақырыпқа арналған қызықты ойын-сауық бағдарламалары.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Биыл 1–10-сынып оқушыларының тоқсан бес пайызы түрлі демалыс және еңбекпен қамтылмақ. Бұл – 64 мыңнан астам оқушы. Жазғы маусым аймақтың он лагерінде басталып, онда алты мың бала демалады. Жергілікті атқарушы биліктің қаржысы есебінен биыл төрт лагерь жаңартылған болатын. – Біз әрбір баланың жазы – жаңа ашылымдарға толы, дамуға бағытталған әрі қауіпсіз, қамқор ортада өткен демалыс болуын мақсат етеміз», – деді Ғауез Торсанұлы.
Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына қарасты Қайнар ауылындағы Қ.Қайсенов орта мектебі жанынан «Саржайлау» этнолагері ашылды. Лагерьдің ашылу салтанатында мектеп директоры Гүлмира Жиеналиева атап өткендей, биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған этнолагерьде 1–10-сыныптар аралғындағы жетпіс бес оқушы тынығады.
– Бүгінгі таңда адамға тегін білу, салт-дәстүрді ұстану, оларды жас ұрпақтың бойына дарыту маңызды. Бұл бағытта біздің білім ордасында ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар атқарылуда. Қазақтың бас ақыны, философ Абай Құнанбайұлы зерделеп, ұсынған «толық адам» іліміне сәйкес ұлттық сананы ояту, рухани тұрғыдан жаңғырту бағытындағы жұмыстар этнолагерьде де жалғасын табады, – дейді Гүлмира Меңдібайқызы.
«Саржайлаудың» ашылуына Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар кітапханасының өкілдері келді. Осы кітапхана жанындағы «Жайық books» оқырман клубының жетекшісі Дәурен Жұмагелдиевтің айтуынша, екі жүзден аса клуб мүшелерінің төрттен бірі – педагогтер. Олардың ішінде қайнарлық мұғалімдер де бар. Белсенділігімен танылып жүрген осынау мұғалімдердің шақыруымен олар Қайнарға арнайы келген. Ізгі тілектерін арнаған меймандар мектепке қажет кітаптар алу үшін 20 мың теңгелік сертификат табыстады. Іс-шарада мектеп жанындағы «Тұмар» әжелер, «Ұлағат» әкелер, «Асыл ана» аналар, ұлттық спорт, робототехника клубтарының және «Экомектеп», «Балалар кітапханасы» жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Жиналғандар оқушылар шырқаған ән мен күмбірлеген күй тыңдап, мың бұралған бишілердің өнерін тамашалаған соң мектеп ауласында құрылған киіз үйге кіріп, ұлттық тағамдардан ауыз тиді.
– Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат тұтатын «Саржайлау» этнолагерінде болған да арманда, болмаған да арманда. Мұнда оқушыларымыз салт-дәстүрді тереңірек тани түседі. Негізінен қолөнермен шұғылданып, яғни ұлдар қамшы өріп, ат әбзелдерін жасап, жылқыға мінуді үйренсе, қыздар қазанда бауырсақ-шелпек секілді тағамдар пісіріп, тары-талқан түйіп, ұлттық тағамдар дайындайды. Жоспарымызда аң аулау бағытында тазы итті ұстау, баптау, аң-құсқа салу жайы да арнайы бір күн белгіленіп отыр. Осының бәрін оқушыларымыз шын ниетпен үйренуде. Сол себепті олар этнолагерьге қызыға келеді, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Саржайлау» этнолагерінің жетекшісі Валентина Дүйсенбеева.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жазғы лагерьлердің жұмыс сапасын қадағалауына алған. Биыл өңірде алғаш рет модульдік лагерь жобасы жүзеге асырылды. Жаңа бастама арқылы бес мемлекеттік лагерьге қойылған 52 модульді жатақхананың негізінде жеті мың бес жүзден қосымша орын ашылатындығы жоспарланған. Модульді лагерьдің алғашқы корпусы «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде ашылды.
Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты балалардың демалыс кешені күрделі жөндеуден өткізіліп, он модульді жатақханасы пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысы 20 балаға арналған жатын орынмен қамтамасыз етілген. Түгелдей жаңа жиһаздар мен төсек орындары бар. Әр баланың жеке киімдерін салатын шкафтары қарастырылған. Бөлме іші жарық әрі заманауи үлгіде безіндірілген. Лагерьдің алғашқы ауысымына үш жүз елу оқушы қабылданды (Түркістан қаласынан – 250, Сауран ауданынан жүз бала). Қалғандары лагерьдің жаңартылған алдыңғы корпусында тынығады.
«Балауса» жазғы сауықтыру орнында жеті лекпен жалпы 2 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарға енді. Мақтаарал ауданындағы «Толағай» лагеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылдың алғашқы демалушыларын қабылдады. Жалпы әр маусымда екі жүзге жуық баламен сегіз маусым бойынша 1500 баланы жазғы сауықтырумен қамтуды жоспарлап отыр. Демалушылар бес мезгіл тамақтанып, күндерін таңертеңгі жаттығумен бастап, спорттық-эстафеталық жарыстар мен интеллектуалдық сайыстарға белсене қатысуда.
Және мәдени бағдарламалармен қатар бассейнде түрлі шынығу жаттығуларын жасап, уақыттарын тиімді өткізуде. Биыл бұл аймақ бойынша қала сыртындағы сауықтыру орындарында 43 мыңнан астам бала демалады. Оқушыларға он мемлекеттік және жиырма төрт жекеменшік лагерь қызмет көрсетеді. Одан бөлек үш жүз мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық іс-шараларға қатысады.
Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің тоғыз студенті ерікті түрде «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру лагеріндегі түрлі демалыс шараларына белсене қатысуда. Олар демалушы оқушыларға арналған спорттық ойындар мен шығармашылық басқосуларды ұтымды үйлестіруге мүдделі. Және тынығу кезеңінің мазмұнды, қызықты әрі пайдалы ұйымдастырылуына жағдай жасап, топтық ойындар мен интеллектуалдық сайыстар арқылы балалардың достық қарым-қатынасын нығайтып, жеке қабілеттерін дамытуға ықпал етуде.
Сонымен қатар студенттер экологиялық акцияларға қатысып, балаларға табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндіру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Волонтёрлік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – саламатты өмір салтын насихаттау. Осы мақсатта олар күнделікті серуендер мен спорттық жаттығулар өткізіп, балалардың физикалық белсенділігін арттыруға көңіл бөлуде. Оқу-сауықтыру лагеріндегі бұл тәжірибе студенттер үшін де үлкен маңызға ие.
Болашақ мамандар көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, командамен жұмыс істеуді үйренуге, сондай-ақ қоғамдық жауапкершілік сезімін терең ұғынуға мүмкіндік алды. Осы арнаулы оқу орнының бір жүз алпыстан астам білімгерлері облыс орталығында орналасқан мектептердің жанындағы сауықтыру лагерлерінде де балаларға арналған мәдени-танымдық және тәрбиелік іс-шараларға қатысып, волонтёрлік қызметтерін абыроймен атқаруда. Бұл бастама – жас ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттырып, болашақ маман ретінде тұлғалық дамуына оң ықпалын тигізетін маңызды қадам.
Аружан РАУАНҚЫЗЫ
Загрузка...