Білім кәсіподағының көшбасшылары Президент Жолдауын талқылады
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева бастаған Cалалық кәсіподақ өкілдері ағымдағы жылдың 14-15 қыркүйек күндері Ақмола облысында жұмыс сапарымен болды. Жұмыс сапары барысында кәсіподақ көшбасшылары Ақмола облысындағы білім беру мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.
Өңірге сапар 14 қыркүйек күні Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің еңбек ұжымымен кездесуден басталды. Көкшетау жоғары Қазақ педагогикалық колледжі – Тәуелсіздіктің құрдасы. Биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Колледжде болашақ педагогтар үшін көптеген мүмкіндіктер жасалған. Қонақтарға білім ордасының материалдық-техникалық базасы, электронды-ресурстық кітапханасы, соңғы технологиялармен жабдықталған ақылды аудиториялары таныстырылды. Колледжде республикада алғаш рет ТжКББ жүйесінде “Логопедия” мамандығы ашылды, сондай-ақ заманауи “Логопедия”ресурстық орталығы жұмыс істейді.
Мәжіліс залында өткен кездесуде колледж директоры Ахат Нұртас колледждің білім беру құрылымы мен соңғы жылдардағы жетістіктері туралы айтты. Колледждің кәсіподақ ұйымы қызметіне қатысты да ақпарат берді. Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева өз сөзінде кәсіподақтар Мемлекет басшысының “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Қазақстан халқына Жолдауын зор ықыласпен қабылдағанын айтты. Президент өз Жолдауында көптеген жылдар бойы кәсіподақтар көтерген түйткілді мәселелердің шешімін атап өтті. Президент Жолдауындағы негізгі әлеуметтік мәселелер мен оларды іске асыру жөніндегі шаралар кәсіподақ қозғалысының қағидаттарымен тығыз байланысты.
– Қазіргі уақытта сала ұжымдарында Жолдаудың мазмұны белсенді түрде зерттелуде. Жергілікті ұйымдардан Мемлекет басшысы айтқан міндеттерді қолдау және білім және ғылым саласы қызметкерлерінің оларды іске асыруға қатысуға дайындығы туралы сөздер көптеп келіп түсуде. Біз де бұл іске белсенді араласамыз. Бүгінгі таңда мүшелік ұйымдардың, кәсіподақ органдарының және барлық деңгейдегі ұйымдардың басты және бірінші кезектегі міндеті Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді шешуге қатысу болуы шарт, – деді А.Мұқашева.
Бұдан әрі ол кездесуге қатысушыларды Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қызметі туралы хабардар етті. А.Мұқашева кәсіби білім беруге барлық жағдай жасалған білім беру мекемесінің, кәсіподақ комитетінің жұмысын, ұйымдағы әлеуметтік әріптестіктің дамуын жоғары бағалады және колледж ұжымына жаңа оқу жылында табыс тіледі. Жиын соңында Салалық кәсіподақ басшысы колледждің бірқатар оқутышылары мен қызметкерлеріне Салалық кәсіподақтың төсбелгілері мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Бұдан соң Салалық кәсіподақ өкілдері Көкше жеріндегі Абылайхан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әрі қарай балалар мен жасөспірімдерге арналған “BOLASHAQ SARAIY” сарайын аралап көрді. Орталықта қонақтарға көрме залы, 3D жобалау лабораториясы, киберқауіпсіздік, Lego Mindstorms, өнеркәсіптік интернет заттары, электроника және жаңартылған энергия көздері кабинеттері таныстырылды. Орталықта ғылыми-зияткерлік, шығармашылық және спорт бағыттары бойынша 76 үйірмеден қосымша білім беріледі. Кәсіподақ өкілдері сарайда тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдермен сөйлесіп, оларға сәттіліктер тіледі.
“BOLASHAQ SARAIY” Мәжіліс залында кәсіподақтың мүшелік ұйымдары басшыларының қатысуымен кеңес отырысы өтті, онда әлеуметтік әріптестік шеңберінде Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Б.Жүсіпов өңірдің білім беру саласында атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті, ал Ақмола облысы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Г.Әбдірахманова Кәсіподақ орталығының облыстың салалық кәсіподақтарымен өзара іс-әрекеттері туралы әңгімеледі.
Ақмола облысының білім беру ұйымдарында әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу туралы Салалық кәсіподақтың Ақмола облыстық ұйымының төрағасы Б.Әбдірахманов және Атбасар филиалының төрайымы Р. Едрисова сөз сөйледі. Облыстық ұйым төрағасы Ақмола облысының білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымы арасында жасалған 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы келісім аясында педагог қызметкерлердің шығармашылық жұмысы үшін қолайлы жағдай жасау, еңбекті қорғау және қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін белгілеу, құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Салалық кәсіподақтың төрайымы А.Мұқашева білім беру қызметкерлерінің түйткілді мәселелері шешіліп жатқан әлеуметтік әріптестік аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғысын жеткізді. – Биылғы жылы жергілікті өкілетті және атқарушы биліктің қолдауымен әлеуметтік әріптестердің үйлесімді жұмысының арқасында ауылдық жерлерде тұратын педагог қызметкерлерге коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу мәселесі шешілді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында облыстық мәслихат отырысында 2021 жылдан бастап әрбір педагогқа 15 АЕК мөлшерінде коммуналдық қызмет өтемақысын төлеу туралы шешім қабылданды және бүгінгі күні бұл республикадағы ең үлкен өтемақы мөлшері,- деп атап өтті А.Мұқашева.
Жиын соңы әріптестерді марапаттауларға ұласты. «Bolashaq saraiy» директоры А.Балташева «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, орталық қызметкерлері С.Кабдушева, М.Тышканбаева, сондай–ақ Т.Метаевқа Салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары табысталды. Салалық кәсіподақ өкілдерінің Ақмола облысына жұмыс сапары 15 қыркүйек күні «Щучинск-Бурабай» демалыс аймағын тамашалаумен жалғасты. Одан соң делегация Щучинск қаласындағы «Жоғары педагогикалық колледжі» ШЖҚ МКК барып, ұжыммен кездесті.
Кеңейтілген отырыстың басында А.Мұқашева колледждің бірқатар қызметкерлеріне Салалық ұйымның төсбелгілерін, Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыстады. Кездесуде колледждің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Лазорский кәсіподақ көшбасшыларына өз жұмысы туралы айтып берді. Айтуынша, бастауыш кәсіподақ ұйымы колледж қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғап қана қоймай, оларға материалдық көмек беруге атсалысады.
– Антон, шыныңды айтшы, жұмысың өзіңе ұнай ма?, – деп сұрады республикалық кәсіподақ төрайымы одан. – Әрине, өте ұнайды. Біз бірлік пен келісімнің, әлеуметтік диалогтың арқасында осындай жұмысты ұтымды ұйымдастырып отырмыз, ұжым мүшелері кәсіподақ қолдауын сезінеді, – деп жауап берді ол. – Күшті кәсіподақ – мықты бастауыш ұйымнан құралады. Бастауыш ұйымда кәсіподақ төрағасының жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылса көп нәтижеге қол жеткізуге болады, – деп атап өткен Салалық кәсіподақ төрайымы оның жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан соң Ақмола облыстық ұйымының Абай аудандық филиалының төрағасы А.Әбдірахманов аудандағы кәсіподақ ұйымы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Салалық кәсіподақтың Қарағанды облыстық ұйымының Нұра аудандық филиалының төрағасы А.Мұстафин Жолдауда Президент жүктеген міндеттер сала қызметкерлері тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын ерекше айтты.
Салалық кәсіподақ көшбасшылары Ақмола облысына жұмыс сапары бағдарламасының мазмұндылығы мен маңыздылығын атап өтіп, еңбек ұжымдарында Президент Жолдауының негізгі ұстанымдарын түсіндіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға, сондай-ақ білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту және дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуге шешім қабылдады.
Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіподағының
баспасөз қызметі