Қуатты кәсіподақ мықты бастауыш ұйымнан құралады
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы А.Мұқашева ҚР Кәсіподақтар федерациясының шешімімен жарияланған «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» аясында өткізілген іс шараларға қатысу үшін Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Салалық кәсіподақ төрағасының аймаққа сапары облыс әкімінің орынбасары А.Құрмановамен кездесуден басталды. Кездесу барысында облыстағы білім саласының өзекті мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде 2020 жылы Павлодар облысының әкімі А.Ысқақовтың бастамасымен өңірдің білім беру жүйесін дамытуға ерекше үлес қосқан педагогтарға арнайы марапат тағайындалғанын атап өтті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша облыстың білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін 50 педагог төсбелгімен және 1000 АЕК мөлшеріндегі сыйақымен марапатталған. Айта кету керек, бұл ұстаздарды осындай ынталандыруды қарастырған жалғыз облыс. Өңірде қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде, “Заманауи мектеп”бағдарламасы іске қосылған.
Салалық кәсіподақтың Павлодар облыстық ұйымы мен облыстық білім басқармасы арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудың, сондай-ақ жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарының қолдауының арқасында облыста білім беру қызметкерлерінің мәселелері оңтайлы шешілуде. Атап айтқанда, педагогтар жыл сайын медициналық тексеруден жұмыс берушінің қаражаты есебінен өтеді, ауылдық жерлерде тұратын және жұмыс істейтін педагог қызметкерлердің коммуналдық қызметтерінің ақысы өтеліп беріледі. ҚР “Педагог мәртебесі туралы” заңының нормаларының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
Кездесу соңында Салалық кәсіподақ төрағасы Айзада Амангелдіқызына облыстың білім беру саласын дамытуға қосып отырған үлесіне алғыс айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жолындағы алдағы қызметіне табыс тіледі.
Әлеуметтік әріптестік іс жүзінде. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметімен танысу мақсатында А.Мұқашева өңірге сапары аясында Торайғыров университеті мен Павлодар педагогикалық университетіне арнайы барды. Торайғыров университетінде ректор Бегентаев Мейрам Мұхаметрахимұлы университет әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті арасындағы әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті, соның арқасында университет қызметкерлерінің түйінді мәселелері шешіліп, кәсіподақ мүшелерінің игілігі үшін бірлескен жобалар жүзеге асырылуда деп атап өтті ректор.
Қонақтар университеттің кәсіподақ ұйымының коворкинг орталығында болды. Университеттің Старт-ап орталығында жетекші ғалымдарының әзірлеген жұмыстарымен танысты. Кәсіподақтың коворкинг-орталығында университеттің кәсіподақ комитетінің төрағасы Ж. Ж. Уахитов университеттің кәсіподақ активі әзірлеген әлеуметтік жобамен таныстырды. Бұл жоба ҚРКФ “Халық бюджеті” байқауына қатысады. Кәсіподақ комитеті кәсіподақ мүшелерінің денсаулығына көп көңіл бөледі және ЖОО қызметкерлері мен студенттері үшін медициналық қызметтер спектрін кеңейтуді, сондай – ақ “Қазмед-А” медициналық орталығында галокамераны ашуды жоспарлап отыр.
Медициналық орталықта әртүрлі бағыттағы 9 дәрігер науқастарды қабылдайды, күндізгі стационар жұмыс істейді. Делегация сонымен қатар университет студенттеріне салынып жатқан кампус құрылысымен танысты. 600 орындық студенттер кампусы ағымдағы жылдың қыркүйек айында ашылмақ. Павлодар педагогикалық университетінде Басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев қонақтарға оқу орнының дамуы, келешегі жайында таныстырды. Алдымен оқу ордасының маңызды жобаларының бірі «Ертіс –Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» туралы түсірілген фильмдер топтамасы мен университеттің шығарған кітаптарының көрмесін тамашалады.
Одан соң Олжас Сүлейменов атындағы жастар шығармашылығы орталығында болып, педагогикалық шеберлік кабинеті мен ғылыми зертханалардың жұмысымен танысты. Бұдан соң коворкинг-орталықта студенттік активпен кездесу өтті, онда кәсіподақтың жастар арасындағы рөлі туралы пікір алмасу болды. Айгүл Мұқашева ректормен әңгіме барысында кәсіподақтың университет ұжымының мүддесін қорғаудағы ролін ерекше атап өтті.
– Кәсіподақ ұйымы мен университет басшылығы арасындағы жұмыс тең ынтымақтастық пен әлеуметтік серіктестік қағидаттары негізінде құрылуы керек. Ұжымдық шартқа қол қою рәсімінің осындай жоғары деңгейде өткеніне қуаныштымын, -деді Айгүл Мақсатқызы. Айгүл Мұқашева облыстағы іргелі екі ЖОО басшылығына зор ризашылығын білдіріп, білім ордаларының Қазақстандағы білім мен ғылымның дамуына қосып отырған үлесі үшін алғысын жеткізді. Салалық кәсіподақ төрағасының оқу орындарына арнайы баруы ректораттар мен кәсіподақ комитеттері арасындағы әлеуметтік-әріптестік қарым-қатынастардың даму қарқынын бағалауға мүмкіндік берді.
“Kasipodaq – челлендж”. Павлодар облысындағы мазмұнды бағдарламаның аясында А.Мұқашева онлайн және офлайн режимде облыстың кәсіподақ активімен кездесті. Актив алдында сөз сөйлеген Айгүл Мақсатқызы кәсіподақтың XIV съезінен кейінгі кезеңде атқарған жұмыстарымен таныстырды. Ол кәсіподақтың барлық ұйымдарының қызметі білім беру қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік және кәсіби құқықтарын қорғауға бағытталғанын баса айтты. Жиынға қатысушыларға Салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі ҚР Білім және ғылым министрлігі,
Жұмыс берушілер қауымдастығы, Салалық кәсіподақ арасында қол қойылған 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісім жөнінде баяндады. Айгүл Мұқашева Павлодар облыстық ұйымының Білім және ғылым қызметкерлері Салалық кәсіподағының қатарындағы көшбасшы ұйымдардың қатарында екенін атап өтті. Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, аймақтағы білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру бойынша үлкен жұмыстар атқаруда.
Өткен жылы облыста 811 мұғалімнің құқықтары қалпына келтірілді, 2052 кеңес берілді, кәсіподақ мүшелеріне 63 млн.теңгеден астам қаражат қайтарылды. Пандемия кезеңінде де үлкен жұмыстар атқарылды, кәсіподақтың белсенді жұмысы мен Қосымша келісімдер жасаудың арқасында білім беру қызметкерлерінің жалақысы сақталды. Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылының мақсаты мен міндеттерін белгілей отырып, Айгүл Мақсатқызы басты міндетті орындау: жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау кәсіподақ активінің беделі мен қағидатты ұстанымына байланысты екеніне назар аударды.
Павлодар облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Д.Айтжанова өз сөзінде пандемия кезеңінде Салалық кәсіподақ тарапынан жасалған жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. «Бұл кезең ұйымшылдық, бірлік және өзара көмек білім беру ұйымдарының педагогтары мен кәсіби лидерлеріне тән екенін көрсетті» деді ол. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылына арналған Kasipodag-челленджін “виртуалды батырманы” басу арқылы Айгүл Мақсатқызы ашып берді. Челленджді Павлодар қалалық байқауының жеңімпазы – Павлодар қ. № 16 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Д.Дүйсенова бастады.
Тұсаукесерден кейін эстафетаны Ақсу қаласының бастауыш кәсіподақ ұйымдарына табыстады. Шарбақты ауданының № 2 жалпы білім беретін негізгі мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Сейтахметова ауылдық ұйымдардан челленджге бастау беріп, эстафетаны Аққулы ауданының кәсіподақ ұйымдарына тапсырды. Павлодар облыстық ұйымының басым бөлігін 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Облыстық ұйымның жастар қанаты еліміздің білім беруді дамытуда өз рөлін айқын көрсететін бастамашыл және креативті жас мұғалімдерден тұрады.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ҚР Кәсіподақтар федерациясының «30 Еңбек елшісі» кәсіподақ жобасына облыстық кәсіподақ ұйымының Жастар кеңесінің 13 мүшесі қатысты. Жоба шеңберінде өткізілген іс-шарада Павлодар облыстық жастар кеңесінің төрайымы А.Абильдинованың жұмысы үздік деп танылып, жоба жеңімпазы болды. Kasipodag-челленджде сөйлеген сөзінде Айнұр Еркінқызы жастар облыстың білім беру жүйесінің дамуымен қатар, өңірде кәсіподақ қозғалысының жылжытуға үлес қосатынын атап өтті. Жиын соңында ҚРКФ “30 Еңбек елшісі” жобасына қатысқан облыстың жас кәсіподақ көшбасшылары Салалық кәсіподақтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Құқықтық мәселелер бойынша Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева кәсіподақ мүшелеріне кеңес берді.
Бастауыш кәсіподақ -кәсіподақ қозғалысының тірегі. Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясындағы Павлодар облысына жұмыс сапарының соңғы күні А.Мұқашева Ақсу қаласының №8 орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымына барды. Онда ол мектептің, сонымен қатар Ақсу қаласының кәсіподақ активімен, кәсіподақтың қалалық жастар кеңесінің өкілдерімен кездесті. Кәсіподақ комитетінің қызметі туралы мектептің кәсіподақ комитетінің төрайымы А.Жәкенова айтып берді. Кәсіподақ комитеті әлеуметтік әріптестік шеңберінде мектеп қызметкерлерінің проблемаларын шешеді. Мектепте кәсіподақ комитеті кәсіподақ қызметкерлерінің игілігі үшін жүйелі жұмыстарын жүргізуде.
Кәсіподақ комитетінің төрағасы жыл сайын еңбек ұжымы алдында есеп береді. Әлеуметтік әріптестіктің аясында жұмыс жоспарына сәйкес мектеп қызметкерлерінің түйткілді мәселелерін шешуге көмектеседі деп атап өтті кәсіподақ төрағасы. Ақсу қаласындағы кәсіподақ белсенділерімен және Жастар кеңесімен кездесу барысында көшбасшылар өз жұмыстары туралы ақпаратпен бөлісті. Жастар белсенділерінің өкілдерімен қызықты әңгіме болды, бірқатар ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды. Салалық ұйым кәсіподақтың жас көшбасшыларының бастамаларын әрдайым қолдайды, өңір-өңірлерде кәсіподақтың жанынан құрылған Жастар кеңестері жақсы жұмыстарын жүргізуде.
Салалық кәсіподақ төрағасы Ақсу қаласында қала әкімі Н.Әшімбетовпен кездесті. Кездесу барысында А.Мұқашева Сала кәсіподағының, оның мүшелік ұйымдарының қызметі, ҚР “Педагог мәртебесі туралы” заңының нормаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан Салалық кәсіподақтың сауалнамасы туралы хабардар етті, өңір педагогтерінің проблемалары да қозғалды. Өз кезегінде, Нұржан Кемерұлы қала және ауылдық елді мекендердегі педагогтарды және білім беру қызметкерлерінің басқа да санаттарын қолдау жөніндегі шаралар туралы айтып берді.
Аймақта жыл сайынғы тегін медициналық тексеруден өту мәселесі толық шешілген. Ақсу қаласының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдардың мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау мөлшері ұлғайтылған. Өтемақы мөлшері 10 АЕК-ті құрайды. Бүгінде бұл облыстағы ең жоғары көрсеткіш. Аймақ басшысы өз сөзінде педагог мәртебесін арттыру бойынша жұмыстар жалғастырылатын атап өтті.
Кездесу соңында А.Мұқашева әкімге өңірдің гүлденуі жолындағы жұмысына табыс тілеп, аймақтағы педагогтарды қолдау бағытында атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыс білдірді. Бастауыш ұйымдарымен кездесу, озық тәжірибелерді біріктіру, жергілікті және жүйелік деңгейдегі проблемаларды анықтау, аймақтық кәсіподақ белсенділеріне қолдау көрсету мақсатындағы Павлодар облысына жұмыс сапары барысында А.Мұқашева бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен және тікелей еңбек ұжымдарымен кездесулердің маңыздылығын ерекше атады.
“Бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ қозғалысының тірегі болып табылады. Жұмыстың көп бөлігі бастауыш кәсіподақ ұйымдарында жүреді. Біз осындай кездесулермен өңір өңірлердегі барлық бастауыш ұйымдарды қамтуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде қызметкерлерді қолдау жөніндегі жүйелік шараларға қатысты бірқатар мәселелер бар, оларды біз республикалық деңгейде шешуге жұмыстанамыз, – деп түйіндеді А.Мұқашева аймаққа жұмыс сапарының мақсат-міндетін.
Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
ҚБ баспасөз қызметі