Жолдау – 2021: Сапалы білім беруге баса назар аударылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді қозғады. Жаңа Жолдауда білім-ғылым саласы бойынша да көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Білім саласына қатысты сөйлеген сөзінде Президент «Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз», – деді.
2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы өскенін айтып, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары одан тыс қалғанын ерекше атап өтті. Елімізде білім саласына, оның ішінде 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысын өсіруге бюджеттен жыл сайын қаржы бөлініп келе жатыр. 2023 жылға дейін ұстаздардың жалақысы 2 есеге өседі. Бұл жаңалықтан білім саласында жұмыс істейтін кітапханашылар, медицина қызметкерлері, техникалық персоналдар тыс қалған еді. Өзекті мәселені Салалық кәсіподақ күн тәртібінен түсірмей, ҚР Үкіметіне, министрліктерге бірнеше мәрте хат жолдады.
Биылғы Жолдауда Президенттің бұл мәселеге баса назар аударғаны қуантты. Енді мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілердің жалақылары 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20%-ке өсетін болды. Мемлекет басшысының осы санаттағы азаматтың қызметкерлердің жағдайына бей-жай қарамай, қолдау көрсеткені үшін әріптестерімнің атынан үлкен алғыс білдіремін. Тағы бір ерекше атап өтетін жағдай – педагогтардың біліктілігін арттыруға байланысты. Бұл өзекті мәселе.
“Педагог мәртебесі туралы” заң жобасы талқыланған кезде ұстаздар мен Салалық кәсіподақ біліктілікті арттырудың мерзімін қысқарту туралы мәселе көтерген болатын. Енді, міне, Президент Жолдауында осыған назар аударылып, ұстаздардың біліктілігін арттыруды бес жылда емес, 3 жылда бір рет ақысыз негізде қолға алуды жүктеді. Білікті ұстаз білімді ұрпақ тәрбиелейтінін ескерсек, бұл бастама да заман талабына сай жасалған игі қадамдардың бірі дер едім.
Жолдау барысында Президенттің 2022 жылғы қаңтардың 1-інен бастап ең төмен жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60000 теңгеге өсіруді тапсырғаны тағы бір жағымды жаңалық болды. Бұл халықтың әл-ауқатын арттыру бағытанда мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулардың бірі деп білеміз. Жолдау жүктеген міндеттер жүйелі жүзеге асып, әлеуметтің әлеуетін арттыру жолындағы жақсы бастамалар жалғасын таба берсін.
Айгүл МҰҚАШЕВА,
“Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлдері кәсіптік одағы”
қоғамдық бірлестігінің төрайымы