География сабақтарында статистикалық материалдармен жұмыс істеу әдіс-тәсілдері

Ермурзаев Сабит Набиханұлы

 

Жұмабаева Назерке Сәдуақасқызы

Статистикалық материалдарды пайдалану оқушылардың танымдық белсенділігін, географиялық фактілер мен құбылыстарды бағалаудағы дербестікті дамытады, оқушыларды ғылыми таным тәсілдерімен – бақылаумен, талдаумен, қорытындылаумен таныстырады, сонымен қатар негізделген қорытындылар мен ақыл-ойға қонымды бола отырып, оқушыларды табиғи және қоғамдық құбылыстарды зерттеудің ғылыми принциптерімен қаруландырады.

Статистикалық әдіс – бұл әртүрлі табиғи және әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды сипаттайтын сандық деректерді жинау, өңдеу, талдау және түсіндіру бойынша тәсілдердің жиынтығы. Яғни, статистикалық мәліметтермен жұмыс оқушының анализ, синтез, бағалау секілді жоғары деңгей дағдыларын талап етеді. Сонымен қатар, статистикалық мәліметтерді қорыту барысында басқа пәндермен де интеграцияланады.

Статистикалық материалдар мектеп пәндерінің ішінде экономикада және географияда кеңінен тараған. Физикалық географияда: климат, ауа райы, жер сілкінісі, су ресурстары, су шығыны, секілді тақырыптардан кездестіруге болады. Ал әлеуметтік-экономикалық географияда: демография (халықтың жастық-жыныстық құрамы, діни, тілдік құрамы, еңбек ресурсы, т.б.), экономика тарауларында өте жиі кездеседі.

Оқушылар статистикалық мәліметтерді талдағанда мәлімет пен құбылыс арасындағы байланысты дұрыс анықтай алмау, статистикалық көрсеткіштің өзгерістерінің себептері мен салдарын түсінбеу секілді проблемаларға тап болады. Ал бұл проблемалар өз кезегінде оқушыларға құбылыстар мен процестердің өзгерісіне болжам жасауына кедергі келтіреді.

Статистикалық көрсеткіштер мәліметті жаттау үшін ұсынылмайды. Статистикалық көрсеткіштермен жұмыс әдістемесін алғаш Н. Баранский әзірлеген болатын. Оның тәртібі келесідей:

  1. тақырыпты оқу;
  2. өлшем бірлігін оқу;
  3. жолдар мен бағандардың тақырыптарын оқу;
  4. сандарды дөңгелектей отырып, жолдар мен бағандар бойынша оқу;
  5. не білетінің туралы қорытынды жасау.

Осы пункттерді талдайтын болсақ, оқушы ең бірінші, статистикалық материалдың тақырыбына, екінші, ұсынылатын мәліметтің өлшем бірлігіне, үшінші, кестедегі бағандар мен жолдардың атауларына мән беруі керек. Сонымен қатар, өте үлкен сандарды ықшамдап, дөңгелектеп алғаны дұрыс.

География сабақтарында статистикалық материалдар кесте, дөңгелек және бағаналы диаграмма, нүктелік, сызықтық график түрінде ұсынылады.

Оқушылардың статистикалық мәліметтермен жұмыс жасауы барысында анализ, синтез, бағалау, болжам жасау дағдыларын дамыту үшін бірнеше ыңғайлы жолдарын қарастырып көрдік.

Ең бірінші, арнайы интернет сайттарын пайдалану. Мысалы, Қазақстандағы әлеуметтік көрсеткіштер бойынша мәліметтерді www.stat.gov.kz сайтынан табуға болады. Сонымен қатар әр түрлі салаға арналған арнайы интернет сайттары баршылық. Нақты сайттарды пайдалану статистикалық материалдың шынайылығы  мен болып жатқан немесе болып кеткен құбылыстар мен үдерістер арасындағы нақты, шынайы байланысты анықтауға көмектеседі.

Екіншіден география оқулықтарын пайдалану. Оқулықта статистикалық деректер абсолюттік, салыстырмалы шамалар мен коэффициенттер түрінде беріледі.

Абсолюттік шамалар хабардарлық мәнге ие. Олардың көмегімен географиялық құбылыстардың өлшемдері, мысалы, аумақтың өлшемдері, халық саны беріледі.

Салыстырмалы шамалар абсолюттік шамаларды бір-бірімен салыстыру нәтижесін көрсетеді, географиялық құбылыстардың өзгеруінде белгілі-бір заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, орташа температура, халықтың тығыздығы және т. б.

Коэффициенттер – жекелеген құбылыстарға тән ерекшеліктерді көрсететін көрсеткіштер. География оқулықтарында статистикалық көрсеткіштердің бұл түрі ылғалдану коэффициенттерімен, экономикалық аудандардың мамандандыруымен, өнеркәсіптік өндіріс пен халықтың өсу қарқынымен және т. б. берілген.

Статистикалық деректермен жұмыс істеу әдістемелерін басқа педагогикалық технологияларға интеграциялау оқушылардың материалды меңгеру деңгейін арттырады және оларды пәнді одан әрі зерделеу үшін ынталандырады. Осындай интеграцияның бірі статистикалық деректерді оқуда оқушыға көмек, қолдау ретінде жетекші сұрақтар (жетелеуші сұрақтар) пайдалану болып табылады. Жетекші сұрақтар арқылы статистикалық деректердің шешу жолдарын анықтауға, талдауға және өз бетінше анықтауға дайын болуға итермелейді. Мұғалім оқушыларға тек білім көзі бола алмайды, жетекші сұрақтар арқылы мәселелерді шешуге, оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқаруға ықпал етеді. Оқушы оқу процесінің белсенді қатысушысы бола алады және өздері мақсат қалыптастырады, мәселелерді анықтайды, ақпаратты талдайды, мәселелерді шешудің мүмкін жолдарына жетуге ықпал етеді.

1-суретте статистикалық көрсеткіштерді жинақтау арқылы алынған белгiлі-бір аймаққа тән климатограмманың мысалы берілген. Осы климатограмманы талдау үшін оқушыға мынадай түрткі сұрақтар ұсынуға болады.

1-сурет.

a. Климатограммада ең жоғары орташа айлық температура тән  айды атаңыз.

b. Ең көп орташа айлық жауын-шашын мөлшерін анықтап, жазыңыз.

c.  Температураның жылдық амплитудасын табыңыз.

e. Төменде берілген климат белдеулерінің сипаттамаларын зерделей отырып, осы климатограммаға сәйкес келетін климаттық белдеуді атаңыз.

Климатодиаграммалар бір координаттық жазықтықта құрылған және олардың өзара байланысты жүрісін көруге мүмкіндік беретін әртүрлі бағыттағы құбылыстар графиктерінің жүйелері осындай болып табылады. Біріншісі координаттар жүйесінде құрылған және жылдың айлары бойынша жауын-шашын мөлшері туралы мәліметтер беретін бағандық сызықтық диаграммалар болып табылады. Олар осы елді мекенде жыл бойы орташа айлық ауа температурасының динамикасын көрсететін кесте сызығымен үйлеседі. Жауын-шашын диаграммасының ауа температурасының графигімен осындай үйлесуі олардың айлар бойынша жүрісіне жүйелі талдау беріп қана қоймай, сонымен қатар жыл мезгілдері бойынша таралу ерекшеліктерін анықтауға, нәтижесінде осы жерге тән климат түрін анықтауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, оқу үдерісінде статистикалық деректерді дұрыс пайдалану –  оқушылардың оқу және материалды меңгеруінің жоғары нәтижесін алуға мүмкіндік береді. Мұғалімнің міндеті статистикалық мәліметтердің негізінде оқушылар болып жатқан құбылыстарды талдап қана қоймай, болашақта үдерістердің даму мүмкіндігі туралы қорытынды жасай алуы үшін оқушыларды статистикалық мәліметтер мен әдістерді дұрыс және сауатты пайдалануға үйрету.

 

Ермурзаев Сабит Набиханұлы
Шымкент қ.ХББ НЗМ География пәні мұғалімі

Жұмабаева Назерке Сәдуақасқызы
Алматы қ. ХББ НЗМ география пәні мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий