Жаңартылған білім: Математика пəнін оқытудың ерекшелігі

Өткен оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептеріне Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңартылған білім мазмұны бірінші сыныптан бастап енгізілді. Рухани жаңғырудың ең басты шарты – «білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу». ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбвае: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, «табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әрқайсысымыз терең түсінуіміз керек…

Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Бұл жерде әңгіме еліміздің болашағы туралы. Оның ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі жас ұрпақ, болашақ маман Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында көрсетілген міндеттер бойынша: «Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды игеріп, ғылым мен практика жетістіктеріне негізделген білім алулары керек». Ендеше, біздің ұстаздарымыз оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, білім беруді ақпараттандырып, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу арқылы оқытуды сауатты, сапалы жүзеге асырып, мамандардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастырғанда ғана қоғамымыздың дамуына елеулі үлес қоса алады.

Бұл істердің барлығын жүзеге асыратын еліміздің ұстаздар қауымы. Ендеше, бүгінгі ұстаздар қауымына қойылатын талап та жоғары болмақ. Олар жан-жақты, әлемдегі жаңалықтардан мағлұматы бар, үнемі шығармашылық ізденістегі, кәсіби біліктілігін шыңдайтын жеке көзқарасы бар, соны қорғай білетін жігерлі тұлға, зерттеушілік қабілеті бар, білімді де білікті, көп оқитын, көп тоқитын, білімін күнделікті ісіне шебер қолдана білетін, өзінің оқушысын өз бетінше білім алуға баулитын кәсіби маман иесі болуы керек. Бұл өмір талабы. Ұстазда ұйымдастырушылық, құрылымдылық, бейімділік, сараптамалық қабілеттердің де болуы шарт. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТны қолдану, коммуникативті қарым қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді курс барысында ұғындық.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. Спиральділік қағидаты бойынша құрылған оқу бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделеді. Оған оқу мақсаттарын зерделей отырып тапсырмаларды, сабақтарды құрастыру барысында көз жеткіздік. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалды бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналасуға ықыласын туғызады.

Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үрдісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл немесе баға қоймастан оқу үрдісін түзетіп отыруға мүмкіндк береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін, оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерім туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады. Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені оқыту керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды.

Бұл сауалдар оқу бағдарламасымен және оқу бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогикалық әдістемелермен тығыз байланысты. Сондықтан заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Жаңартылған бағдарлама бойынша әлемдік білім беру жүйесі бәсекеге қабілеттілікке қарай білім алушыны баулу, қоғамнан өз орнын таба білетіндей сапалы маман болуына бағытталынған. Орта білім мазмұнын жаңарту аясында әзірленген оқу бағдарламалары оқушылардың бір сыныптан екінші сыныпқа өтуі кезінде білімі мен дағдылары қайталанып тексеріліп отыратын спиральділік қағидаты бойынша құрылған оқу бағдарламасы моделіне негізделген. Оқу үдерісінің алға ілгерілеуі айқын көрінуі үшін, оқу мақсаттары өзара тоғысқан бөліктер мен бағыттарға біріктірілген.

Айталық, қарапайымнан күрделіге қарай шиыршық бойымен өрлей түскені жай мысалдар арқылы ереже құрастыру алудан, анықтамаларға сүйеніп есептің шығарылу алгоритмін құрастыру дағдыға ие болып, тілдік құзыреттіліктері шыңдала түседі. Мұғалімдердің пайдаланатын оқыту әдісі оқушыларды оқытудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз ету үшін маңызды. Осы орайда жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше есте қалған мына әдіс-тәсілдер сабақтың тиімді өтуіне, оқушы бойында қажетті дағдыларды қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз: «Қабырғадағы роль», «Ыстық орындық», «Пікірлер сызығы», «Саналылық аллеясы», «5 сұрақ, 5 жауап», «5 қадам», «Драма әдісі», «Маңыздылық аймағы», графикалық органайзерлер – «Дара диаграмма», «Қос диаграмма», «Оқиға тауы», «Хикая картасы», «Стоп кадр»,«Жигсо әдісі», «Tarsia» ойыны «Ойлан тап әдісі», «Интервью әдісі», «Бас бармақ әдісі», соның ішінде 1.«Фиш боон» әдісі.

Балықтың қаңқасына салынған тапсырмалар. Бұл әдіс бойынша балықтың басына негізгі тапсырма жазылады. Бұл әдістің ерекшелігі оқушылар термин сөздер мен анықтамаларды өздері жазғандықтан оларды есте сақтау  дағдыларын дамытады. Жаңа сабақты қорытындылау барысында қолдануға тиімді. «Веер» әдісі. Парақтан желпуіш жасалады. Оның әр бетіне сол сабақта өткен жаңа сөздер, терминдер мен анықтамалар жазылады. Жеке-жеке қиылады. Оқушылар өздері құрастырады. Орындап болған соң бір – бірлерімен алмастыру арқылы тексертеміз. Оқушылардың ой бөлісуін ұйымдастыруға да болады. Сонымен қатар, оқушылар бір – бірін тексеру арқылы өздерін өздері бағалайды, түзетеді. Өткен сабақты қайталау үшін қолданса тиімді болады. «Ыстық картоп» әдісі. Оқушыларды тез ойлауға, еркін ойын жеткізе білуге, жауапкершілікке үйретеді. Сергіту сәті үшін қолдануға болады.

«Қар көшкіні» әдісі. Әр топтағы оқушылар жеке – жеке өздері параққа сұрақтар, термин сөздер, анықтама және тағы да басқа сұрақтар құрастырып жазады. Кезекпен барлығы сұрақтарын біріктіру арқылы «қар түйінін» жасайды. Бұл қар түйіндерін басқа топтармен алмастырамыз. Оқушылар сұрақтарды ашып, жауап береді. Жаңа сабақты қортындылау үшін қолдануға болады. «Галереяға саяхат» әдісі. Мұғалім алдын ала парақтарға термин сөздерді, анықтамаларды, сұрақтарды жазып келеді. Сабақтың барысында тез осы сұрақтарды қабырғаларға жабыстырып шығады. Оқушылар орындарынан тұрып әрқайсысы бір – бір сұрақтан алып, орындарына келіп, жауап береді. Оқушылар оларды ретімен орналастырады. Бұл әрі сергіту сәті де болады. Оқушылардың сын тұрғысынан ойлау, өз ойын толық жеткізе алу, есте сақтау қабілеттерін, тыңдалым және айтылым дағдыларын дамыту үшін «жасырын суреттер» әдісін қолдануға болады.

Бұл әдіс бойынша мұғалім қораптың ішіне сабақтың түйіндісі бола алатын бір затты жасырады, Оған қысқаша бір немесе екі ауыз сөзбен сипаттама береді. Оқушылар осы зат туралы өз ойларымен бөліседі. Осыдан оқушылардың ойының ұшқырлығын байқауға болады. Ұйымдастыру және жаңа сабақтың тақырыбын ашу барысында, проблемалық ситуация туғызу кезінде қолдануға болады. Бұлардан басқа «өрмекшінің торы», «микрофон», «Жасырын сұрақтар», «поп корн», «үлкен және кіші шеңберлер», «Тыңдап отырған үштік» , «жасырын сурет», «ақылдың алты қалпағы» және басқа көптеген ойындар арқылы оқушыларды зеріктірмей әрі қиындықты жеңе білуге болады деп ойлаймын. Бұл әдіс – тәсілдердің артықшылығы оқушы білімді өзі жинақтайды, бірін-бірі оқытады, топта және өз бетімен жұмыс жасайды, өзара ой бөліседі, бірін-бірі тексереді, сөздік қорларын молайта отырып, дұрыс жазуға үйренеді.

Бағалау әдістері. Бағалау әдістерінің бірнеше түрлері бар. «Бағдаршам» әдісі. Мұғалім шаршыны төртке бөліп, әр бөлікке келесі сөздерді жазып қояды: болжамдау, түсіндіру, жинақтау, бағалау. Жаңа тақырыпты түсіндіріп болған соң оқушыларға өздеріне белгілі бір бөлікті таңдап алу ұсынады. Мұғалім оқушыға осылай ол өзіне тақырып бойынша тапсырма түрін таңдайтынын түсіндіреді. Таңдауына қарай мұғалім тапсырма береді. Мен бүгін….білдім. Маған….қызықты болды. Маған….қиын болды. Мен келесі тапсырмаларды орындадым. Мен енді…жасай аламын. Мен …. жасап көремін. Мен ….. таң қалдым. Мен өмірде ….. қолданамын. Маған …. ұнамады. «Шеңбер бойынша жазу» әдісі. Топтағы әрбір оқушының өз парағы болу керек. Оқушылар екі минут ішінде парақтарына тақырып бойынша 1-2 сөйлем жазады.

Парақтар шеңбер бойынша келесі оқушыларға беріледі. Олар алдыңғы жазуды оқып, өзінің ойын қосады. Солай парақтар бір-біріне беріліп, соңында әркімнің парағы өзіне қайта келу керек. Соңында бір оқушы жазғанды топ алдында оқып береді. Бір маңызды мәлімет қалып қойса, жазулар толықтырылады. «Сауалнама» әдісі. Сабақта мен белсенді болдым/ белсенді болмадым. Сабақтағы жұмысыма –қанағаттандым/қанағаттанбадым. Сабақ мен үшін-жылдам аяқталды / аяқталмай кетті. Сабақта мен-шаршадым / шаршамадым. Менің көңіл-күйім жақсарды/нашарлады. Сабақтағы материал – түсінікті/түсініксіз. «Сұрақ конверті» әдісі. Мұғалім конверт сыртына бір сұрақ жазады. Бүгін сабақта не білдің? Немесе жаңа тақырыптың қай тұсы саған түсініксіз болып қалды? Оқушылар конвертті бір-біріне беріп, әрқайсысы өз жауаптарын парақтарға жазып, конвертке салады.

Мұғалім сабақтан соң жазуларды қарап шығып, қорытынды жасайды. «Желкенді кеме» әдісі. Желкенді үш түске бояу қажет. Егер сабақ саған ұнаған болса, бәрі түсінікті болса, желкенді жасыл түске боя. Егер сен сабақта белгілі бір қиындықты кездестірген болсаң, желкенді сары түске боя. Егер саған сабақ барысында тапсырмалар қиын болып, мұғалімнің көмегі қажет болса, желкенді қызыл түске боя. Осылайша бағалаудың жаңа құралдарын енгізу де жоспарланған: критерийлер, әр түрлі деңгейдегі тапсырмалар, дескрипторлар, оқу жетістіктерінің деңгейлері, балдар, баға. Бұл оқуда және бағалауда мұғалімдер мен оқушылардың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалын тигізеді. Осы әдіс-тәсілдерді өз сабақтарымда қолданамын. Әр сабағымның ұйымдастыру кезеңін түрлі әдістен бастаймын, себебі күнделікті бір әдіс баланы жалықтырады.

Сабақ соңында рефлексия нәтижесінде әдістерді оқушының сұранысына қарай келесі сабақта жаңа әдіс қолдануға тырысамын. Бағалауға келер болсам «бас бармақ», «бағдаршам» және басқа да әдістер тиімді. Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні, баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасындаалған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.  

Зухра Калиаскаровна МУКАШЕВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының педагог сарапшысы, математика
пәнінің мұғалімі, Ақмола облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий