Бірлігімізге бекем, жақынымызға демеу болайық
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы індеттің ауыртпалығы мен елімізде қолға алынған шаралар жайында кезекті үндеуін жолдады. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізді қолдауымыз керек. Шілде айының бесінен бастап елімізде карантин шаралары қайта қатаңдатылғаны баршаңызға мәлім. Бұл індетпен күресу үшін қажетті қадам болды. Тәртіп бәрімізге ортақ. “Жақыныңа жанашыр бол” деген ұстанымды барша ақпарат көзі жарыса жариялап жатыр. Бұл дегеніміз өзіңді ойламасаң да өзгенің өміріне қауіп төндірме дегені.
Иә, осы бір қауіпті дерттен талай адам жақынынан айырылып қара жамылды. Қайғыдан қан жұтқан әрбір жан үшін қабырғамыз қайысып қайғырамыз. Мемлекет басшысы COVID-19 індеті мен пневмония салдарынан дүние салған азаматтарымыздың жақындарына көңіл айтып, осыған орай 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Өмірден озған қаншама адамның рухына құрмет көрсетілуі дұрыс деп есептеймін. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері елімізде Аза тұту күні тоғызыншы рет жарияланды. Ауыр кезеңде жығылғанға жұдырық болған жағдайлар азаймай тұр. Бірі жалған ақпарат таратса, бірі қолдан қымбатшылық тудырады, енді бірі бар дәрі-дәрмекті жоқ етіп, тапшылық тудырып отыр.
Бұл халқымызға ауыр тиіп, көңілге күдік пен қорқыныш ұялатады. Мемлекет басшысы кешегі сөзінде осындай заңсыздыққа барған азаматтар заң жүзінде жазаланатынын жеткізді. Сондай-ақ, ел ішінде “Осылай емделу керек, мына дәріні ішу керек” деген сынды небір ақпараттар кезіп жүр. Бұндай жалған мәліметтер зардап шектіруі мүмкін. Әр адамның ағзасы әр түрлі. Біріне қонған ем біріне кері әсер беріп жатады. Сондықтан, науқас тек дәрігердің нұсқауымен ем қабылдағаны жөн. Бұл туралы да Президент өз ойын жеткізген болатын. Күдік пен қорқыныш, белгісіздік пен шарасыздық әр адамға ауыр әсер етіп жатыр.
Тіпті қайғыға беріліп, уайым шегіп жүргендер қаншама. Бұл қорқыныш аурудан бетер әсер етіп жатқан сыңайлы. Осы тұста әр адам өз ісіне, әрбір сөзіне жауапты екенін санасымен сезінуі керек. Абайсызда айтылған сөз өзгеге өз кесірін тигізеді. “Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді” деген мақалдың мәнісі де осында болса керек. “Жақсы сөз жарым ырыс” демекші жақсы сөз айтып, бір-бірімізге демеу болуымыз керек. Дулати университеті ұжымы атынан баршаңызды қасқайып қарсы тұрып, күресуді жалғастыруға шақырамын. Бұл дертті қарқынды күреспен, ауызбіршілікпен, қатаң тәртіппен ғана жеңеміз. Дертті түбі жеңерміз, жақсы күнге де жетерміз. Ол үшін бізге бірлік, ынтымақ, қажыр-қайрат қажет. Еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Дулати университетінің ректоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері