Қазақ әдебиеті сабағы: Ойшылдың шығармаларын оқыту

Дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған данышпан әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласына өлшеусіз үлес қосып, артында өшпес із қалдырды. Фарабитанушы ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда Әбу Насыр үлкен ақын болған. Әдебиетші ғалым Немат Келімбетов: – Әбу Насыр әл-Фараби – өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі, – деген. Орта ғасырда өмір сүрген араб тарихшыларының еңбектерінде әл-Фараби көп өлең жазған деген пікір айтылады. Бірақ оның жырлары толық сақталмаған, бізге бірнеше өлеңі ғана мәлім.

Әл-Фарабидің өлеңдері Аян Нысаналиннің аударуымен «Әбунасыр әл-Фараби. Трактат пен өлеңдер» жинағында 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді.Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы – өмірдің мән-мағынасын зерделеу, ғылымға ұмтылуды, оқу мен білімді мадақтау, адамгершілікті насихаттау. Ақыл-парасат пен оқу-ағарту ісінің жалынды күрескері болған Фараби зорлық-зомбылық атаулыға барынша қарсы шықты. Осы идеяны өз жырларына арқау етті. Әл-Фараби өзінің «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» деген еңбегінде ұстазы Аристотельдің «Поэтика» атты зерттеуіне сілтеме жасай отырып, өлең жазудағы ақындық шеберлік пен өнер жайында ғылыми ой-пікірлер айтады. Ол «Өлең кітабында» поэзияның бірқатар теориялық мәселелеріне – өлеңнің композициялық қүрылысына, шумағына, өлшеміне, ұйқасына шолу жасай келіп, жырдың барлық компоненттері ақынның айтайын деп отырған ой жүйесіне лайық, орынды болу керек деген түйін жасайды.

Жақсы өлеңде қашан да басы артық, оғаш тұрған шумақ, тармақ болмайтынын ескертеді. Автордың айтпақ болған басты пікірі – өлеңнің ішкі мән-мағынасы мен сыртқы тұлғасы өзара қабысып, логикалық тұрғыдан үндесіп тұруы тиіс. Поэзиялық туындының әрбір буыны, бунағы, ұйқасы, үні, өлшемі бір-бірімен үндесіп, дәлме-дәл келгенде ғана оқырманның ойынан шығады. Бұл жағынан, әл-Фараби бабамыздың поэзияға қойған талаптары Абай Құнанбайұлының: Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, – деп өлеңнің мағынасы, құрылысы, ұйқасы тыңдаушының жүрегіне жол табатындай болуы керек деген ойымен сабақтасып жатқандай.

Абай атамыздың: Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар. Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл болса да, олар қалдырған бай мұра халықпен бірге мәңгі жасауда! Ұрпағына ұзақ жылдар рухани азық болар туындыларын беру арқылы мәңгі өшпейтін өз үнін қазақ мәдениетіне қосып кеткен ұлы тұлғалардың бірі ретінде Фарабидің Аян ақын аударған «Қашықтасың, туған жер», «Тіршілікте құрыштай бол төзімді» атты өлеңдері 6-сыныптың «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасына енгізілді. Ежелгі дәуірден бастау алған осындай әдеби мұраларымызды бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру арқылы таза ұлттық тәрбие алып, қазақ үніне уызында қанған ұл мен қызды, ел болашағын тәрбиелей аламыз. Мұндай әлеуметтік маңызы зор құндылықтың мән-мағынасын ұғындыру, баланың санасына, сезіміне, түйсігіне, мінез-құлқына әсер ететіндей дәрежеде жеткізу мұғалімнің ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігін, білімі мен шеберлігін талап етеді.

Осы орайда жаңартылған білім мазмұны жағдайында Әл-Фараби өлеңдерін оқытудың ерекшелігіне тоқталғым келеді. Бағдарлама талабына сәйкес «Туған жерім – аялы алтын бесігім» бөлімінде берілген бұл шығармаларды оқу барысында оқушылар ойлау дағдыларының: білу, түсіну, қолдану деңгейінде «Түсіну және жауап беру» бөліміндегі әдеби шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтау, шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық  мәселе, идеяны анықтау, көркем шығарманы мәнерлеп оқу, жатқа  айту; талдау, жинақтау деңгейінде «Анализ және интерпретация» бөліміндегі шығарма композициясындағы  белгілі бір эпизодтың алатын маңызына негіздеме жасау, әдеби көркемдегіш құралдарды пайдаланып шығармадағы табиғат көрінісін, оқиға орнын сипаттап жазу, шығармадағы көркем ауыстыруларды табу; бағалау деңгейінде «Бағалау және салыстыру» бөліміндегі тарихи және көркемдік құндылығына баға беру, заманауи жаңашылдығын өзара салыстырып баға беру, әдеби эссе жазу тапсырмаларын орындауы керек.

Оқушы бұл талапты әр сабақ дұрыс жоспарланып, тиімді ұйымдастырылғанда ғана орындай алады. Сондықтан оқыту әрекетінде мұғалім бар күш-жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы тиіс. Сонда ғана оқушы өз тарапынан белсенділік танытып, дербестікке ұмтылады, оның өзіне деген сенімі артады. Ол үшін мұғалім  оқу  материалы  мен  сабақтағы  әрекетті  мұқият  саралауы тиіс. Әл-Фарабидің «Қашықтасың туған жер» өлеңін оқытуда сабақты жоспарлауға байланысты ұсыныстар. Оқу мақсаты: Т/Ж 6.2.2.1 – әдеби шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық  мәселені идеясы арқылы түсіндіру; А/И  6.2.3.1 – шығармадағы көркем ауыстыруларды анықтау. Ойлау дағдыларының деңгейі: білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау. Бағалау критерийлері: шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық  мәселені идеясы арқылы түсіндіреді; шығармадағы көркем ауыстыруларды анықтайды. 1 – тыңдалым алды тапсырма (сұрақ): Шығарманың тақырыбына назар аударыңыздар, өлең не туралы деп ойлайсыздар? (оқушылардың жауабы тыңдалады).

Енді өлеңді тыңдап көрейік.  Тыңдалым:
Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі.
Қайтейін мен көкжиек көңілімді.
Келер күнге үмітпен жол ашамын.

Екінші тыңдалымнан кейінгі тапсырма: «PRES» тәсілі арқылы шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық мәселені идеясы арқылы түсіндіреді. P-Position- Позиция: – Менің ойымша, …» немесе «Мен … деп санаймын» деген құрылымдарды қолданып,  әдеби шығармаға қатысты өз пікірін айтып, көзқарасын түсіндіреді. R-Resolution-Негіздеу: «Өйткені…» деген сөзден басталатын құрылымды пайдаланып, өз ойының пайда болу себебін, өз ұстанымының неге негізделетінін түсіндіреді. E – Example – Мысал келтіру: Ойын «мысалы….» сөзімен жалғастырып, өз көзқарасын қолдайтын мәліметтер, фактілер мен дәлелдер келтіреді. S-Summary– Қорытынды: Ойын «Сонымен (сондықтан, сөйтіп), мен … деп санаймын» сөйлемімен жалғастырып, өз пікірін жинақтап, қалай әрекет жасау керектігі туралы қорытындыға келеді. Дескриптор: шығарманың идеясын анықтай алады; шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық  мәселені идеясы арқылы түсіндіре алады.

Үшінші тапсырма: «Қазына іздеу» тәсілі арқылы оқушыларға өлеңнен метафора, эпитет, теңеу, литота, метонимия сияқты қазынаны – көркем ауыстыруларды іздеу. Мысалы: Метафора: туған жер – қалың ел, қанат. Эпитет: шаңыт жол, көкжиек көңіл. Теңеу: құм сықылды. Литота: бір тұтам тіршілік. Метонимия: жүйрік, ақымағың, зиялы және осындай тағы да басқа көркем ауыстыруларды табуға болады. Дескриптор: өлеңдегі көркем ауыстыруларды анықтай алады. Нәтижесінде, оқу мақсатына сәйкес тапсырмаларды орындау арқылы оқушылар сөз мағынасына терең үңілуді, астарлы ойды түсінуді, шығарманың идеясын, шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық мәселені анықтауды үйренеді. Көркем ауыстыруларды қолданудың сөз мағынасына әсерін, ойды әсерлі жеткізуге ықпалын түсінеді.

«Тіршілікте құрыштай бол төзімді» өлеңін оқытуда сабақты жоспарлауға байланысты ұсыныстар. Оқу мақсаты: Т/Ж 6.1.1.1 – әдеби шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтау; Б/С 6.3.1.1 – шығармадағы кейіпкерлерді өзара салыстыра отырып,  тарихи және көркемдік құндылығына баға беру. Ойлау дағдыларының деңгейі: білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, бағалау. Бағалау критерийлері: әдеби шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтайды; шығармадағы кейіпкерлерді өзара салыстырады; тарихи және көркемдік құндылығына баға береді.
Тыңдалым немесе оқылым:
Тіршілікте құрыштай бол төзімді,
Сан мәртебе алдаса да өзіңді.
Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,
Тіпті кейде болса да әзәзіл азғырған.
Өрге жүзген өнегелі ісімен,
Таңда да ал дос, өз теңіңнің ішінен.
Жүргендер көп достық атын малданып,
Алайда тек қалма оған алданып.

Бірінші тапсырма: «Бұрыштар» тәсілі: Мұғалім оқушыларға шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтау үшін сұрақтар ұсынады және мүмкін төрт жауабын сыныптың төрт бұрышына орналастырады. Оқушылар өзі дұрыс деген жауаптың қасына барып тұрады, таңдаған жауаптарын топтық жұмыста тұжырымдайды және өз көзқарастарын дәлелдейді. Үлгі: Шығарманың жанры – лирика, фабуласы – шығарма белгілі формада, өсиет үлгісінде жазылған, сюжеті – шыдамдылыққа шақыру, адал, өнегелі дос табу, жалған досқа алданбау сияқты шағын тізбектен тұратын біртұтас жүйе. Дескриптор: – шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтай алады. Екінші тапсырма: «Кубизм» әдісі бойынша шығармадағы кейіпкерлерді өзара салыстыра отырып,  тарихи және көркемдік құндылығына баға беру. Кубиктің әр қырына сұрақтар мен тапсырмалар жазылады.

Топтар кубиктің қай қыры түссе, сол  бойынша өздеріне берілген тапсырмалармен жұмыс жасайды. 1-қыры: суреттеу (шығармада адамның қандай қасиеттері суреттеледі?); 2-қыры: салыстыру (достықтың қандай түрлері айтылған? Салыстырыңыздар); 3-қыры: байланыстыру (төзімділік пен адалдықты қалай байланыстыруға болады?); 4-қыры талдау («құрыштай, әзәзіл, өнегелі» сөздерін ақын не үшін қолданған деп ойлайсыңдар?); 5-қыры: қолдану (сен қандай доссың?); 6-қыры: мысалмен дәлелдеу (бұл өлеңнің тарихи және көркемдік құндылығы неде?). Дескриптор: шығармадағы кейіпкерлерді өзара салыстыра алады; өмірмен байланысты мысалдар келтіре отырып, баға береді, пікірін дәлелдей алады. Нәтижесінде, оқу мақсатына сәйкес тапсырмаларды орындау арқылы оқушылар шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтай алады, шығармадағы кейіпкерлерді өзара салыстыра отырып,  тарихи және көркемдік құндылығына баға беруді үйренеді.

Осылайша, әр сабақта оқушының әдебиетке, көркем шығарма оқуға, өлең оқуға қызығушылығын ояту мақсатында ұйымдастырылатын түрлі жұмыстардың жеке тұлғаның рухани дамуына, сөздік қорын дамытып, сөйлеу мәдениетін жетілдіруге ықпалы зор. Мектеп қабырғасында көркем әдебиеттің озық үлгілерінен нәр алған бала құндылықты бағалай білетін, білім мен еңбектің қадірін түсінетін, қасиет пен құрметтің мәнін ұғынатын азамат болып қалыптасады деп ойлаймын. Бағдарламада берілген әл-Фарабидің аз ғана жолдан тұратын екі  өлеңі де – құнды дүние, тәрбиелік мәні зор көркем туынды, өнеге, өсиет. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – сіз бен біздің міндетіміз.

Гүлдариға Төремұратқызы МАМУТОВА,
“Өрлеу” БАҰО АҚ филилы Маңғыстау облысы бойынша
ПҚ БАИ Инновациялық білім беру және ақпараттық
технологиялар
кафедрасының аға оқытушысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий