БҒМ: Колледж оқытушылары лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады
Осы жылдан бастап колледж оқытушылары біліктілік санаттарын көтеріп, біліктілік санаты берілгеннен кейін лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов техникалық және кәсіптік білім берудің 80 жылдығына арналған іс-шара барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды осы салалық ведомстваның баспасөз қызметі.
Еліміздің бас педагогының айтуынша, бұған дейін біліктілік санаттары үшін қосымша төлемдерді тек мектеп мұғалімдері алған болатын. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануымен колледж педагогтері де біліктілік санаты берілгеннен кейін ай сайын қосымша ақы алатын болады.
– Мемлекет басшысының қолдауымен 2020 жылдың қаңтар айынан бастап колледж педагогтерінің жалақысы артты, алдағы жылдары да арта түспек. Біліктілік санаты үшін педагогтерге қосымша ақы төлеу мәселесі көп жылдар бойы көтерілген болатын. Егер мектептерде мұғалімдер біліктілік санаттары үшін қосымша ақы алса, колледждерде мұндай үрдіс болған жоқ. Енді колледж педагогтері де ай сайын лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады. Өз кезегінде колледж директорлары мен директор орынбасарларының атқарған жұмысының тиімділігіне байланысты өз жалақысының 100 пайызына дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар. Бұл әріптестеріміздің жұмысқа деген ынта-жігерлері мен жұмыстың тиімділігін арттыра түспек, – деді министр.
Колледждерді сұранысқа ие 100 мамандық бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында «Жас маман» республикалық жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Министрдің айтуынша, аталған бағдарлама шеңберінде қазақстандық колледждерге техникалық құрал-жабдықтар сатып алып қана қоймай, білім беру бағдарламаларын да жаңарту жоспарланған.
– “Жас маман” бағдарламасы – Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан теңдессіз бағдарлама екенін айта кеткен жөн. Бағдарлама еліміздің 180 колледжінде жүзеге асырыла бастады. Осы ретте тек техникалық құрал-жабдық сатып алу ғана емес, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын жаңарту да жоспарланған, – деді ведомство басшысы.
Министр өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары тобының бастамасымен ТжКББ жүйесін дамыту үшін нормалар енгізілген Заң жобасы қаралып жатқанына тоқталып өтті. Атап айтсақ, мамандарды даярлау барысында еңбек нарығы мен жұмыс берушілердің сұраныстарын ескеру үшін колледждерге академиялық еркіндік беру бойынша.
– “Ақша студентпен бірге жүреді» принципі бойынша қабылдау тетігін енгізу колледждің бәсекеге қабілеттілігін және колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Егер қазір өңірлік білім басқармалары конкурс өткізіп, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша колледждерге қанша орын берілетінін анықтаса, болашақта бұл шешімді студенттердің өздері қабылдайтын болады. Студенттер қай колледждің бәсекеге қабілетті және жақсы білім беретінін өздері таңдайды, – деді Білім және ғылым министрі.
Өз кезегінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Әділет Барменқұлов колледж педагогтеріне жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Осылайша, “Үздік педагог” республикалық конкурсына қатысқан педагогтердің әрқайсысы корпорация тарапынан 200 мың теңге көлемінде сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, меценат Бекзат Алтынбеков өз сөзінде «ҚР колледждерінің ТОП 100 студенті» байқауының жеңімпаздарын 100 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтармен және “WorldSkills” әлемдік чемпионатының жеңімпазын бір миллион теңге көлеміндегі сыйақымен марапаттауға дайын екенін жеткізді. Еліміздегі колледждердің үздік педагогтеріне қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағымен сауықтыруға арналған 17 жолдама берілгенін де айта кеткен жөн.
Загрузка...