Қорқыт университеті: Саналы ұрпақ – сапалы ұлт негізі

Қашанда, қай қоғамда болмасын ұрпақ тәрбиесі өзекті мәселенің бірі болып келді. Ал қазіргі жаһандану кезінде бұл бүкіл адамзат баласын алаңдатып отырған әлемдік проблемаға айналып отыр. Өйткені кез келген мемлекеттің де, ұлттың да басты құндылығы – адам. Ендеше әлемдік өркениеттің ұрпақ тәрбиесіне алаңдауы да орынды.

Ұлттық ой-сананы деформациялауға бағытталған түрлі ақпараттар ағыны салдарынан туындап отырған шектен тыс еліктеушілік, дәстүрлі мәдениет пен сырттан таңылған мәдениеттің аражігін ажырата алмау жастарды ата-баба дәстүрінен, ұлттық құндылықтардан бірте-бірте алыста бастады. Әрине, барлық жастарымыз тілден, ділден ажырап, мәңгүрттеніп бара жатыр деп айта алмаймыз. Ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңірген, елжанды, отансүйгіш, әлемдік білім, өнер, спорт бәсекелерінде халқымызды танытып, ел мақтанышына айналған жастарымыз да жоқ емес.

Дегенмен, тек ұлттық құндылықтарымызға ғана емес, жалпыадамзаттық құндылықтарға да қауіп төндіріп отырған рухани жұтаңданудың бар екендігін де жасыра алмаймыз. Ал оның алдын алудың бір ғана жолы ұлттық иммунитетімізді нығайту арқылы рухани кемелдену жолына түсу екенін тағылымды тұлғалардың ғибратты ой-толғамдары көрсетіп беріп отыр. Кешелі-бүгінгі тарихымызда адам болмысы, оның тұлғалық қадір-қасиеті мен парасат-пайымы, ізгілік пен мейірімділік, ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғамаған, толғанбаған ұлт зиялыларын кездестіре алмаймыз. Олардың бүгінге дейін халық жадынан өшпей, бірге жасап келе жатқандығының сыры да осы ел келешегін ойлауында болса керек.

Адамзатты бақытқа апарар жол іздеген ұлы әл-Фараби мен Ж.Баласағұн, толық адам туралы ілімнің негізін қалаған Абай мен ар ілімінің негізін салушы Шәкәрім қайтсек ұрпақ азбайды деп кемел келешекті ойлап, халқының қамын жеді. Сан ғасырды артқа тастап, бүгінге дейін өз мәнін жоғалтпай ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған осы ойшылдардың да арман-мұраты ұлтты рухани кемелдендіру, ұрпақты ізгілендіру еді. Адам капиталы, оның қоғамдағы маңызы, жарқын болашақты жасаудағы жастардың орны, ұлт санасын рухани жаңғырту, сол арқылы әлемдік өркениеттің бұйда ұстар тұсына қол жеткізу мәселесі мемлекетіміздің, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған емес.

Өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында Тұңғыш Президентіміз: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. …Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс»,-деп ұрпақ тәрбиесінің тұжырымдамасын, ұлттық идеологияның ұстынын жасап берді. «Мәңгілік Ел» тұғырының рухани кемелділікте екендігін көрсетті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған»,-деп терең тамырымыздан қол үзбеу арқылы ғана жарқын болашақты жасай алатынымызды айта келіп, өзінің гуманистік ұстанымын танытты. Интеллектуалды ұлт қалыптастырудың тамыры Абай ілімінде жатқандығын негіздеді.

Өзіне дейінгі зиялылардың ізгі дәстүрін жалғастырды, рухани кемелдену арқылы сапалы ұлт қалыптастырудың жолын көрсетті. Биылғы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біз­дің күнделікті өмірлік ұстаным­дары­мыз да өзгеруі керек»,-деп нақты міндеттер жүктеді.

Қазіргі зиялы қауымды ойландыратыны да ел болашағы, ұрпақтан ұрпаққа жеткен ата-бабаларымыздың ғибратты өсиеті, мынау жаһандану заманында ұлт болып ұйысып, тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, келер ұрпаққа аманаттау болса керек. Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Сенаттың «Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің» басшысы Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен өткен «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде сенатор Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасады.

Академик еліміздің әр отбасына, жеке азаматына қатысты ұлттық жоба қажет екенін айта келіп, осы тақырып бойынша Парламенттік тыңдау өткізу идеясы туындағанын атап өтті. Өзгеден гөрі – өзін, қоғамнан гөрі – жеке отбасының пайдасын ойлайтын, рухани жағынан біршама жүдеу, білім жағынан саяздау ұрпақ көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. «Ұлы даланың ұлттық құндылықтары» тұжырымдамасын  таныстырған сенатор оның негізгі бес басым бағытын ұсынды.  «Тәуелсіздік және тарихи таным», «Ел мен жер», «Тіл және имандылық», «Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие», «Білім мен біліктілік» деген тұғырларға негізделген тұжырымдама ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі бағдаршамға айналары сөзсіз.

Президент Жолдауынан туындап, ұсынылып отырған тұжырымдама өз кезегінде еліміздің жоғары оқу орындарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Ол – ұлт руханиятынан сусындаған, жаны таза, жан-жақты қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Әл-Фараби: «Ақыл парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш»,-дейді. Ал ұлы Абай: «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ.

… Мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын!», – дейді. Бұл – қазіргі заманғы университеттердің басты бағдаршамы болуы керек деп ойлаймыз. Яғни, жоғары оқу орындарындағы оқу тәрбие үдерісі ұлттық құндылықтарға негізделгенге ғана өз нәтижесін берері анық. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның ордасы, тәрбие ошағы. Түркі халықтары өркениетінде өзіндік орны бар, топырағына қара қобыздың үні сіңген қасиетті жердің, киелі мекеннің жастарын ұлт руханиятын ұлықтай алатын ұрпақ етіп қалыптастыру біздің басты мақсатымыз. Университеттің 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасында да біз осы мақсатты негізге алдық.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚУ Басқарма
төрағасы-ректор м.а., ф.ғ.к, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий