Онлайн конференция: Заманауи оқулық және білім беру құндылықтары

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының құрылғанына биыл он бес жыл.  Осыған орай кеше ұйымдастырылған «Заманауи оқулық және білім беру құндылықтары» тақырыбындағы ғылыми практикалық конференцияның пленарлық онлайн мәжілісіне вице министр Шолпан КАРИНОВА қатысып, құттықтау лебізін білдірді. Содан соң күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығына тоқталып, оқулықтардың мазмұнын байытумен қатар сапасын арттыруға бағытталған жаңаша жұмыстарға жемісті жетістіктер тіледі.  

Еліміздің тәуелсіздік мұратына сәйкес білім және ғылымды ілгері дамыту мақсатындағы мемлекеттік саясатының негізінде төл оқулықтарымызды дайындаудың жұмыстары бастау алғанына келесі жылы ширек ғасыр толатындығын атап айтқанымыз абзал, – деді сөйлеген сөзінде «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев.Осы мақсатта құрылған біздің орталықты он бес жыл аралығында басқарған кәсіби тұрғыдан білікті танымал тұлғалардың қосқан үлесі мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде бағындырылған белестер белгілі. Қоғам тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді зерделеудеміз.   

– Мемлекет басшысының сын ескертпесіне орай берілген нақты тапсырманы орындау үшін министрліктің жан-жақты қолдауымен жауапты жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Басты міндет бұл бағытта бұрыннан жинақталған тағылымды тәжірибені жаңа сатыға көтеру үшін мықты сарапшы мамандарды тарту арқылы олқылықтардың орнын толтыру. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен атқарылған істі жұртшылыққа жария түрде ұсынуды көздейтін мүмкіндіктер қолға алынуда. Заманауи оқулықтар мен білім беру құндылықтарына арналған байыпты басқосуларда талқыланатын түрлі тақырыптардың маңызы зор. Арнайы зерттеулері арқылы ортақ мақсатта ұтымды ұсыныстары мен пайымды пікірлерін ортаға салған барлық қатысушыларға алғыс білдіремін.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы оқулық мәтінінің этно мәдени сипатын баяндаған талдауында ұлттық бірегейлік ұғымына тоқталып, мектеп – білім ордасы болса, мектеп оқулығы – білімнің қайнар көзі екендігін еске салды. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова ортақ мүдде тұрғысында әріптестік байланыстарды нығайтуға дайын екендіктерін мәлімдесе, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева зерттеуші ғалым ретінде бірнеше бағалы ұсынысын білдірумен қатар осындай талқылауларды жиі ұйымдастырудың қажеттілігіне екпін берді.    

Онлайн жүздесу шеңберінде мәскеулік ғалым, Еуразиялық Телерадио Академиясының вице-президенті Айрат Мустафин ерекше зерттеулерін ортаға салса, Сүлейман Демирель университетінің ассистент профессоры, PhD Жайнагүл Дүйсебекова психолингвистикалық талаптар туралы жобасын таныстырды.   

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий