Мамандық таңдау – күрделі шешім

Жыл сайын мектеп бітіретін түлектердің алдында  ойын онға, санасын санға бөлетін үлкен міндет тұрады. Ол – болашағы бар мамандық таңдау. Мамандық таңдау – келешекті таңдау.  Бұл-өмірдегі күрделі шешім. Қоғамымыз нарықтық қатынасқа көшіп отырған кезде бұл мәселе қиын да болуы мүмкін. Орта мектепті бітірген әрбір оқушының мамандық алу мүмкіндігі бар.  Әр жыл сайын түлектер бітіріп, олардың саны артып жатқандықтан, таңдап жатқан мамандықтары да – әртүрлі. Біз, мектеп ұстаздары – әрбір оқушының мамандық таңдауда қателеспеуіне жауапты тұлғамыз.

Десек те, мамандықты қалай дұрыс таңдатуға болады? Баланың дұрыс мамандықты таңдауында мұғалім мен ата-ананың рөлі қандай? Осы аталған сұрақтарға өзіміз нақты жауап бере алғанда ғана, біздің алдымыздан шығатын шәкірт өз болашағын нақты жоспарлай алатыны анық. Мамандық таңдау алдында кез келген жасөспірім ата-анасынан кеңес күтеді. Алайда көп ата-ана балаға кеңес берерде қателіктерге бой алдырып жатады. Қазір ата-аналар қазақи ұғым бойынша бар балам жоғары оқу орнында оқыса, ірі лауазымды қызмет атқаруды армандайды. Сол себепті де әр баланың даму ерекшелігі мен  қабілеті  әртүрлі екендігін ескере бермейді.

Өз ойында ата-ана баласын заңгер, ішкі істер қызметкері қатарынан көргісі келеді. Мұғалім немесе дәрігер болғанын қалайды. Бұл бір жағынан дұрыс та. Қазіргі кезде ауылдық жерлерде мұғалімдер мен дәрігерлерге ғана жұмыс қиындықсыз табылады. Міне, осы  тұста ата-анаға да мұғалім тарапынан көмек қажет болады. Баланы ең алдымен еңбекқорлыққа тәрбиелеуіміз керек. Алдымыздағы әр балаға мамандықтың жаманы болмайтындығын жіті түсіндіріп, әрқайсысын жасаған ісін жақсы көріп, жауапкершілікпен адал істеуге үйретуіміз керек. Мақсат жақсы маман болу екендігін баланың санасына құя білу – басты қажеттілік.

Жақсы маман өз ісінің шебері болуы үшін таңдап жатқан мамандықтарына қабілетінің қаншалықты сай келетіндіктерін, сол мамандықты игере ала ма, жоқ па бұл жөнінде де түсіндірме жұмысын жүргізуді ұмытпағанымыз зор. Біздің білімі ордасы қаншама жылдан бері осы бағытта жұмыс жасап келеді. Мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Шеңгелбаева Мейрамкүл шәкірттерді төменгі сыныптан бастап, болашақта мамандық таңдау керектігін, ол кәсіптің өздері үшін де, қоғам үшін де пайдалы болуы керектігін оқушы санасына құйып келеді. Мектебімізде кәсіптік бағдар беру кабинеті де жұмыс жасайды. Мейрамкүл Нұрмаханқызының атсалысуымен жастар мен ата-аналарға тақырыптық жиналыстар, пайдасы бар түрлі шаралар ұйымдастырылып, жыл бойына мамандық түрлері мен мамандықты таңдау туралы  бағыт пен бағдар беріліп отырады. 

Сондай маңызды шаралардың бірі ретінде аудандық білім бөлімінің білім беруді дамыту секторының маманы Бахадурова Назен Уәлиханқызы мен әдіскер Әбенова Тәжігүл Жақсылыққызының арнайы келіп, мектебіміздің 11-сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру мақсатында ұйымдастырылған арнайы кездесуін айрықша атап айтқан абзал. Болашақ түлектерге мамандық таңдауда бағыт, бағдар беру жұмыстарының тағы бір тармағы ретінде мектебіміз колледждермен, жоғары оқу орындарымен тікелей тығыз қарым-қатынаста жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс жасауды тұрақты дәстүрге айналдырған.

 

Жоғарғы оқу орындары мен колледж қызметкерлері оқушыларға келіп, өз мамандықтары бойынша, ол мамандықтардың ерекшеліктері бойынша оқушыларға мәлімет береді. Мағлұмат бере отырып, оқушылардың таңдаған мамандықтары бойынша болашақта қандай жұмыстар жасай алатындықтары туралы қызықты ақпараттарымен таныстырады. Оқушылардың дұрыс мамандық таңдауына мектеп психологтарының да үлесі зор. Сынып жетекшілерімен бірлесе отырып, арнайы сауалнамалар арқылы баланың бейінін анықтап, оның қай маман иесі болуға  мүмкіндігі басым екендігін түсіндіріп отырады.

Осы бағытта мектеп психологтары Бүркіт Жәниев пен Гүлзат Ақназарованың еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Баланың ішкі жан дүниесінің неге бейім, неге қабілетті екенін анықтап, сынып жетекшілерімен тығыз байланыс орнатып, сол салаға баланың қызығушылығын арттыру барысында жұмыстар жасауға кеңес береді. Әрбір оқушы – жан-жақты дамыған жеке тұлға. Қазіргі әрбір тұлға өз мамандығын өзі таңдауға қабілетті. Жақсы мен жаманды жіті айырады. Оқушы мамандық таңдамас бұрын: «Бұл жұмыс маған не береді?»-деген  өте маңызды бір сұраққа жауап бере алуы керек. Жастар – мемлекетіміздің маңызды капиталы. Сондықтан да олар мамандық таңдағанда қателеспегендері абзал. Мамандық – олардың ақылмен сүретін алдағы үлкен өмірі. Өздерін қызықтырған саланы игере білсе, сонда ғана олардың қоғамды, елді биікке жеткізетіндері сөзсіз.

Құралай Жүрекбайқызы ФАЙЗУЛЛАЕВА,
№80 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қызылорда облысы,
Қармақшы ауданындағы Төретам кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий