2020 жыл, рахмет саған!!!

«Жаңа жыл! Жаңа күн! Жаңа өмір! Болашақтан әр адам жаңа үміт пен зор сенім үстейтіндігін күтетіндігі даусыз. Бір аптадан соң есіктен кіріп, төрімізге аттайтын Жыл басы тышқан – менің жылым. Сол себепті алдағы арайлы таңдардың шуағы мол боларына сенемін» – деп, тура бір жыл бұрын 2020 – ны зор үмітпен қарсы алған болатынмын. Аллаға шүкір, бұл жыл мен үшін жемісті болды. Енді міне төрімізге маң – маң басып Сиыр жылы да келгелі тұр.  Ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алып тұрып әрбір адам баласы өткеніне көз жүгіртіп, істеген ісіне баға беріп, келер жылдан сағат сырт-сырт соққан сайын әлдебір таңғажайыпты күтетіні сөзсіз…

Биылғы жыл өз қиындығымен  әр адамның жадында қалды. Өйткені, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Соған қарамастан  2020 жылы Әл – Фараби бабамыздың 1150 жылдығы, Абай атамыздың  175 жылдығы тойланды. Хәкім Абай: «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» дейді. Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты білім беру мекемелері қашықтан оқыту түріне көшсе де, атаулы мерейтойлардың іс-шараларының барлығы әлеуметтік желілер мен медиа ресурстарда онлайн режимде өтті.

Біздің арнаулы кәсіби оқу орнында да әрбір топтарда тәрбие сағаттары, конференциялар, көркем оқулар сайысы, әндер байқауы, эссе жазу,  флешмобтар ұйымдастырылып, үлкен де, кіші де Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жалғасырып та жатты.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деп Абай атамыздың қалдырған  өсиетін  кейінгі ұрпақ мәңгі есте сақтайды деген ойдамын. Қандай жағдай болмасын, қоғамның қарқынды дамуы үшін жас мамандарды қалыптастыруда олардың ата-аналарымен қатар білім беру мекемелеріндегі мұғалімдердің ерен еңбектері мен игі істерінің алатын орны зор.

Бүгінгі таңда мұғалім – жауапкершілігі мол киелі мамандық екенін жалпы қоғам мойындап отыр. Әйтсе де түрлі пікір айтатындар да табылады, сондықтан да мұғалім мәртебесін көтеретін – мұғалімнің өзі ғана.  Кәсіби жақтан жоғары білікті, өзінің шығармашылығы мен біліктілігін үнемі көтеріп отыратын жаңашыл, жаңалыққа жақын мұғалім ғана қоғамда жоғары мәртебе иесі болатыны рас. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңында (2019ж.) педагог «өзінің кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге…» міндетті екендігі айтыла отырып, осы құқықтық құжаттың 18-бабы педагогтің біліктілігін арттыру мәселесіне арналған. Бұл маңызды құжат өз кезегінде мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, білім саласының одан әрі дамуына жол ашты.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №83 бұйрығымен (27.01.2016 ж) бекітілген педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес, педагог қызметкерлер біліктілік тестілеуден өтуде. Педагог қызметкерлердің біліктілік тестілеуін білім беру саласындағы уәкілетті орган анықтайтын ұйым ұйымдастырады. Биылғы жылы мен де  «Ustudy» аймақтық тестілеу орталығында біліктілік тестін тапсырдым. Заманауи инфрақұрылымдағы аймақтық тестілеу орталықтарында тестілеу барысында көшіру әдеті болмайтынына және бұл жерде тестілеу барынша әділ өтетініне толық көзім жетті.

Бұған орталықтарда толық жағдай жасалған. Үлкен дайындықтың, ізденістің арқасында «педагог – зерттеуші» санатын қорғап шықтым. Бұл менің үлкен жетістігім деп білемін. Осы жылы «Үздік педагог» республикалық байқауына қатыстым, жеңімпаз болсам деген арманым болған. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің құрылғанына 80 жыл толды. Осы мерейтойға орай ҚРБҒМ онлайн режимде салтанатты жиынға қатыстық. Сол басқосуда еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов техникалық және кәсіптік білім саласының педагогтарының мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстарға тоқталып, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары қомақты сыйақыға ие болатынын айрықша атап айтты.

Бәсекелі білім байқауының жеңімпазы атанып, «Қазақмыс» корпорациясының қаржылық сыйақысына қол жеткіздім. Бұл да биылғы жылдың жетістігі! Рахмет саған, 2020 жыл!!! «Адамның жақсы әрекеттер жасауға да, жаман әрекеттер жасауға да туа бітті мүмкіндігі мен қабілет-қарымы жетеді» – деген екен ғұлама әл – Фараби бабамыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылды еліміздің аумағында «Еріктілер жылы» деп жариялауының өзі еріктілер қауымының қоғамымызда алар орны ерекше екендігінің айқын белгісі еді.

Осындай қиын кезеңде жалындап тұрған жастарымыз  жетімдерге, мүгедектерге және жалғыз басты қарттарымыздың үйіне барып оларға қолдарынан келгенше көмектерін көрсетті. Жыл соңында өздеріне лайықты марапаттары мен алғыстарын, елдің ризашылықтары мен баталарын алды. Осындай мейірімді жас ұрпақтарымыз барда, біз жеңбейтін қамал жоқ деп ойлаймын. Алдағы жаңа жылдан баршамыз не күтеміз? Адамның тәндік жаратылысының дамуының негізгі көрсеткіші – денінің саулығы. Ең бастысы деніміз сау, басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! Келетін жыл өзінің тек жақсылықтарымен келсін! Өткен жылға өкпе айтпай, келер жылды қуанышпен қарсы алайық! Қош келдің, 2021 жыл!

Гүлазат Инабатқызы ЖАҢЫЛОВА,
Қазалы аграрлы – техникалық колледжі
математика пәнінің оқытушысы, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий