Шағын жинақты мектептердегі педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдірудегі амалдар

Қазіргі таңдағы ғаламдану жағдайы білім беру үрдісіне ықпалын тигізуде. Білім саласында болып жатқан өзгерістер педагогтерден өзгерісті енгізу бойынша әрекеттің нақты алгоритмінің болуын, әріптестері арасында қарым-қатынас жасай алуын, топтық өзара әрекетті ынталандыруды арттыруын және оқыту мен оқуда жоғары нәтижеге жету үшін жауапты болуын талап етуде.

ШЖМ мұғаліміне қойылатын міндеттің бірі – үздіксіз өзін жетілдіру, педагогикалық ізденіс пен шығармашылық болып табылады. Мұғалімнің кәсіби табыстылығы көбінесе оның өзінің және оқушыларының шеберліктері мен қажеттіліктерінің деңгейіне, ойлау тәсілі мен көшбасшылығының дамуына байланысты. ШЖМ педагогтарынан коллаборативті  орта  қалыптастыру  жағдайында  белсенді  оқытуды және саралап оқытуды іске асыру, зерттеу және жобалау жұмыстарын жүргізу, білім беру процесін дараландыруды  талап етеді. Осы жағдайда, мұғалімдердің бірлесіп жұмыс істейтін командасы – ең үздік жетістік болады. Негізінде, мектептегі жағымды мәдениетті құратын және жоғары деңгейдегі кәсіби тәжірибені орнататын да осы педагогтер.

Шағын жинақталған мектеп қызметін жандандыру мектептің өзінің әлеуетін, мүмкіндігін дамытумен бірге оның қауымдастықпен өзара байланысын күшейтуге негізделуі тиіс. Осы орайда, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау, озық педагогикалық тәжірибені тарату, кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейту, білім сапасын арттыру мақсатында облыстағы ШЖМ педагогтерімен «Шағын» ассоциациясы құрылды. Ассоциация мүшелерімен РО оқу сессиясында пәндер бойынша түйінді тақырыптарды тереңдете оқыту, сессияаралық  кезеңде зерттеушілік-жобалаушылық әдістердің маңыздылығы, виртуалды зертхананың білім сапасын арттыруға әсері, мектеп түлегінің функционалдық сауаттылығын қалыптастыру сияқты өзекті тақырыптарда іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде. Бұл шаралардың шағын жинақты мектеп жағдайында педагогтердің кәсіби, əдістемелік даярлығына, сабақта оқушылардың танымдық іс-әрекетін, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда өзіндік ықпалы болары сөзсіз.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың
2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қалалық және ауылдық мектептердің, білім алушылардың арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту мәселесіне баса назар аударылған. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатындағы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығында республикалық «Нәтижесі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы» әлеуметтік жобасы аясында «Нәтижеге бағытталған білім берудегі интеграция» жобасы құрылды. ШЖМ білім алушылардың білім жетістіктерін көтеруде Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясы, №28 IT мектеп-лицей және Қапшағай қаласындағы №3 орта мектептер  тірек мектептері ретінде алынды.

Білім алушылардың оқу мотивациясын арттыруда педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған әдістемелік шаралар ұтымды ұйымдастырылды. Қалалық және ауылдық педагогтар мен білім алушылар арасында ынтымақтастық дамып, мектептердің тиімді өзара әрекеттестік жүйесі құрылды. Осы орайда, қазіргі мұғалім тұлғасына қойылатын талап өте жоғары болғандықтан, ең бірінші кәсіби дайындығының жоғарылығы мен оқу үрдісін ұйымдастыра білу шеберлігіне баса назар аударылуда. Еліміздің өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орнын алуы білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты екені белгілі. Оны жүзеге асыруда педагог шығармашылығы мен құзыреттілігінің мәні өте зор. Педагогтердің педагогикалық шеберліктерін түрлі курстарда жетілдіріп, семинарларда тәжірибе алмасып, тиімді педагогикалық технологияларды өз мүмкіндіктеріне қарай бейімдеуі нәтижесінде біліктіліктің жоғарғы деңгейіне жетуге болады.

Жанар Ауезовна ДИХАМБАЕВА,
Алматы облыстық білім беруді дамыту
оқу әдістемелік орталығы бөлімінің басшысы,
Талдықорған қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий